
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр. Осы орайда Түркістан қаласының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлымен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.
— Түркістан қаласын руханиятымыздың діңгегі деп санайды көпшілік. Осы бағытта алда қандай жаңа бастамалар бар?
— Түркістан – еліміздің рухани және мәдени орталығы ғана емес, түркі әлемінің киелі ордасы ретінде де ерекше маңызға ие қала. Соңғы жылдары мұнда руханият пен мәдениетті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы, «Қолөнершілер қалашығы», «Ұлы Дала Елі» орталығы сияқты нысандар арқылы ұлттық дәстүр мен рухани мұра жаңаша сипатта жаңғыртылды. Түркістанда ұйымдастырылған халықаралық қолөнер фестивальдері, мәдени форумдар мен көрмелер қаланың беделін арттырып, түркі әлемінің мәдени астанасы ретіндегі мәртебесін нығайтты.
Қазір бұл бағыттағы жұмыстар «Түркістан облысында туризм саласын дамытудың 2025–2029 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» аясында жаңа қарқынмен жалғасуда. Аталған жоспар бойынша 2029 жылға дейін өңірге келетін туристер санын 1 миллион адамға жеткізу көзделген. Оның ішінде орналастыру орындарында тоқтайтын туристер саны – 550 мың адам, табиғи аумақтарға келетіндер – 200 мың, ал емдік-сауықтыру орындарын пайдаланушылар – 250 мың адам болуы жоспарланған. Бұл көрсеткіштерге жету үшін облыстың туристік инфрақұрылымын жаңарту, жаңа бағыттар мен қызмет түрлерін енгізу, сондай-ақ табиғи, мәдени және тарихи байлықтарды тиімді пайдалану бағытында кешенді шаралар қабылдануда.
Туризм саласын дамыту үш негізгі бағытта жүзеге аспақ: этнокластер, экокластер және курорттық кластер. Этнокластер аясында дәстүрлі қолөнерді, ұлттық тағамдар мен мәдени шараларды насихаттау көзделсе, экокластер бағытында табиғи аймақтарда экотуризм орталықтары құрылады. Ал курорттық кластер арқылы емдік-сауықтыру демалыс орындары заманауи деңгейге көтерілмек. Сонымен қатар, жаңа агротуризм, спелеотуризм, экстримдік және сафари туризм түрлерін дамыту, өңірде жаңа мұражайлар ашу жоспарланып отыр.
Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында алдағы уақытта «Turkistan City Pass» атты электрондық туристік карта жүйесі іске қосылады. Бұл жүйе мұражайлар, қонақүйлер, мейрамханалар мен такси қызметтерін біріктіріп, жеңілдіктер ұсынатын бірыңғай қызмет түрін қамтамасыз етеді. Мұндай бастамалар Түркістанның рухани орда ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтып, оны түркі әлемінің заманауи мәдени және туристік орталығына айналдыруға зор мүмкіндік береді.
— Түркістан қаласы көгалдандыруға және оны күтіп-баптауға қатысты қандай мәселелер бар? Шілденің аптап ыстығынан өттік. Осы жұмыстарға жыл сайын қазынадан қанша қаржы бөлінеді?
— Бүгінгі таңда қала аумағындағы 300 нысанда, соның ішінде 36 саябақта (342 га), 80 аллея мен скверде (169 га), 168 көше бойында (134 га) және 16 жасыл алқапта (127 га) көгалды аймақтарды күтіп-баптау жұмыстары тұрақты түрде атқарылуда. Жалпы жасыл желектердің көлемі 772 гектарды құрайды.
2019 жылдан бері Түркістанда 1,4 миллионнан астам ағаш пен 410 мыңнан аса бұталы өсімдіктер отырғызылды. Қураған көшеттер мердігер мекемелердің кепілдік міндеттемесіне сәйкес маусым сайын қайта отырғызылып отырады. Суару жұмыстары 230 ұңғыма, «Арыс–Түркістан» арнасы және «Қос қорған» су қоймасы арқылы жүзеге асырылады.
2025 жылы қала аумағына қосымша 238 131 түп ағаш егу жоспарланған, оның ішінде 214 625 түп – табиғи ресурстар басқармасы тарапынан, ал 23 506 түп – жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, аэропорт жолы мен Б.Саттарханов даңғылында, сондай-ақ жаңа «Лаванда алқабы» мен көпжылдық гүлдер композицияларын орнату жобалары қарастырылған.
Түркістан қаласын көгалдандыру және жасыл аймақтарды күтіп-баптау жұмыстарына жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Биыл бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 5,7 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Ал негізгі келісім-шарт бойынша жалпы сома 6,9 млрд теңге көлемінде белгіленген. Бұл қаржы қала аумағындағы саябақтар мен гүлзарларды абаттандыруға, жаңа көшеттер отырғызуға және жаздың аптап ыстығында суару жүйелерін күшейтуге бағытталып отыр. Қазіргі таңда 113 нысан бойынша келісім-шарттар жасалып, жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
— Баршы жұрттың назары түсіп отырған қаланың атқарушы органдағы кадрлық әлеуетіне байланысты не айтасыз?
— Қала әкімдігіне қарасты атқарушы органдардың кадрлық әлеуеті тұрақты қалыптасқан. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметте тәжірибелі, кәсіби біліктілігі жоғары және жауапкершілігі жоғары мамандар жұмыс атқарып келеді. Кадрлардың әлеуетін арттыру мақсатында жыл сайын түрлі оқыту курстары, семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылып, қызметкерлердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге басымдық берілуде. Сонымен қатар, жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту, олардың тәжірибе жинауына жағдай жасау бағытында жастар кадрлық резервімен тағылымдамадан өту бағдарламалары табысты жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама қаланың кадрлық жүйесін жасартып, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға ықпал етуде.
Қаланың идеологиялық бағыты да ерекше назарда. Бұл салада тұрғындардың патриоттық рухын көтеру, тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеу және ұлттық бірлікті нығайту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, прокуратура және полиция басқармасымен бірлесе отырып, әкімдік «Қауіпсіз балалық шақ» жобасын қолға алды. Ата-аналармен жүйелі кездесулер өткізіліп, мектеп директорларына ұлт тәрбиесіне, патриотизмді қалыптастыруға және ұлы тұлғаларымызды дәріптеу ісіне қатысты нақты тапсырмалар берілді. Дегенмен, идеологиялық жұмыстың қоғамдағы рөлін ескере отырып, алдағы уақытта бұл бағытта ақпараттық саясатты күшейту, жастармен жұмыс жүргізу тетіктерін жетілдіру және қоғамдық келісімді нығайту басым бағыттардың бірі болып қала береді.
Сұхбаттасқан:
Мәлік ДӘУЛЕТОВ.