
Жаңа жұмыс орындары – тұрақтылық негізі
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 қарашадағы №1050 қаулысымен бекітілген «Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында еліміздің барлық өңірлерінде халықты жұмыспен қамту және еңбек ресурстарын тиімді пайдалану бағытында жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді.
Сауран ауданы бұл бағытта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп отыр. 2025 жылы аудан бойынша 6898 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған. Оның ішінде 4427 адам тұрақты жұмыс орындарына, 2471 адам уақытша жұмыс орындарына жолдануы тиіс болатын.
Ағымдағы жылдың қазан айындағы мәліметке сүйенсек, 6143 адам жұмыспен қамтылып, жоспардың 89 пайызы орындалды. Бұл көрсеткіш ауданның еңбек нарығындағы оң серпінді айқын көрсетіп отыр.
Әр бағытта нақты нәтиже бар
Жыл басынан бері аудандық Мансап орталығының мамандары мен ауылдық округ әкімдіктері тұрғындарды еңбекке тарту, кәсіп ашуға ынталандыру және жастарды қолдау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
Негізгі бағыттар бойынша орындалған жұмыстар:
Бос жұмыс орындарына – 2278 азамат жолданды. Мүгедектігі бар адамға арналған әлеуметтік жұмыс орнымен – 1 адам, «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» тапсырмасы бойынша 1160 адам жұмыспен қамтылды.
Мемлекеттік қайтарымсыз грант (400 АЕК – 1572800 теңге) 79 азаматқа тағайындалды.
«Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерінде 145 адам оқыды.
Әлеуметтік жұмыс орындарына – 224 адам, Жастар тәжірибесіне – 336 адам, қоғамдық жұмыстарға – 789 адам тартылды.
Алғашқы жұмыс орны жобасы бойынша – 41 жас маман, «Күміс жас» бағдарламасы бойынша – 113 азамат жұмыспен қамтылды;
«Өңірлік карта» шеңберінде 283 жаңа жұмыс орны ашылып, оның ішінде 12 жеке инвестициялық жоба аясында 112 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.
Әлеуметтік осал топтар назардан тыс қалмады
Жұмыспен қамту саласында ең маңызды бағыттардың бірі – әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау көрсету. Бұл бағытта Сауран ауданында бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылған. Нақтырақ айтсақ, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 1 азамат ЖК «УАЗ» кәсіпорнында жұмысқа орналастырылды.
Пробация қызметінің есебінде тұрған 10 адам ЖК «Айдана» және ЖК «Асанова Бану» кәсіпорындары арқылы жұмыспен қамтылды.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар квотасы бойынша 1 түлек тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ, мемлекеттік грант алғандардың ішінде 3 мүгедектігі бар азамат, 3 АӘК алушы, 2 мүгедек бала күтуші және 31 көпбалалы ата-ана бар. Бұл азаматтардың басым бөлігі өз кәсібін ашып, аудан экономикасына үлес қосуда.
«Бастау-Бизнес» – табысқа апарар жол
Аудандық Мансап орталығы жұмысының нәтижесінде ондаған азамат кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, өз ісін бастауға мүмкіндік алды.
«Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқығандардың арасында тігін цехын ашқан аналар, мал шаруашылығымен айналысатын жастар, кондитерлік өнімдер өндіретін отбасылар бар.
Көпшілігі өз ауылдарында жаңа жұмыс орындарын ашып, өзге тұрғындарды да жұмыспен қамтып отыр.
Күміс жас пен алғашқы жұмыс орны – өмірлік мүмкіндік
Жастар мен зейнет жасына таяған азаматтарды қолдауға бағытталған «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» жобалары да оң нәтиже беріп отыр.
Мәселен, «Күміс жас» бағдарламасы арқылы 113 адам тұрақты табыс көзіне ие болды. Бұл жоба еңбек өтілі мол азаматтардың тәжірибесін жас буынға үйретуге және олардың белсенді өмір салтын жалғастыруына мүмкіндік беріп отыр.
Алдағы жоспарлар мен өзекті мәселелер
Аудан бойынша бірқатар өзекті бағыттарда жұмыстар жалғасуда. Атап айтсақ, ауылдық округтерде жаңа жұмыс орындарын ашу,
Жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарын «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» жобаларына белсенді тарту, сондай-ақ, бағдарлама қатысушыларының тұрақты жұмыспен қамтылуын және зейнетақы жарналарының уақтылы төленуін қадағалау,нысаналы индикаторлардың толық орындалуын қамтамасыз ету – басты мақсаттардың бірі болып отыр.
Сауран ауданында еңбек нарығын дамыту және халықты жұмыспен қамту ісі жоспарлы әрі жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Ауданның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету, тұрғындардың табысын арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Еңбек – елдің еңсесін көтереді. Әрбір жаңа жұмыс орны – бір отбасының тұрмыс сапасының жақсаруы.
Нұрлыбек ҚАРАБАЕВ,
Сауран аудандық Мансап орталығы филиалының директоры.