ТҮРКІСТАН: ТҮРКІСТАН: РЕФОРМАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ – ОРТАҚ МІНДЕТ — 2


Партия бекіткен жоспар бойынша 271 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу, 180 мектептің қазандықтарын қатты отыннан газға ауыстыру, Келес ауданында өрт сөндіру депосын салу, Қазығұрт, Отырар, Сарыағаш аудандарындағы өрт сөндіру бекеттерін күрделі жөндеуден өткізу, полиция бекеттерінің құрылысын аяқтау мәселелері бюджет тапшылығына байланысты кейінге қалдырылғаны мәлім болды. Сондай-ақ Қазығұрт ауданында 3,5 МВт шағын су электр станциясын салу жобасын басқа рентабельді жобамен ауыстыру ұсынылды.
Партияның Сайлауалды бағдарламасымен бекітілген Жол картасының орындалуы бойынша Арыс қаласының әкімі Қайсар Манқараев, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов, Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев есеп берді. Партия бекіткен жоспардың нақты көрсеткіштерін баяндаған аудан басшылары азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту, жолдарды жөндеу, ауылдарға таза ауыз су тарту, елді мекендерді табиғи газбен қамту, білім мен денсаулық сақтау саласын жетілдіру, мәдениет пен спорт ғимараттарын салу, жастар мен кәсіпкерлікті қолдау бағыттарында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Мақсатты бағдарламаларды іске асыруда республикалық бюджет қаражатының кеш түсетіні немесе мүлдем бөлінбей қалуына байланысты бірқатар өзекті мәселелер бар екені айтылды.
Жиын барысында депутаттық корпус тарапынан «Ауыл аманаты» жобасын жалғастыру, «Боралдай» су қоймасының құрылысы бойынша жер телімдерінің мәселесін шешу, инвестициялық жобаларды іске асыруда кәсіпкерлермен тиянақты жұмыс жүргізу, басталған жобаларды мерзімінде аяқтауды үйлестіру мәселелері жөнінде ұсыныстар берілді. Аудан әкімдіктері, салалық басқармалар ұзақ мерзімді жоспарлар түзілгенде әрбір енгізген ұсыныстарына жауапкершілікпен қарау керек екені ескертілді. Әсіресе, инвеститициялық жобаларға іріктеу жүргізгенде олардың экономикалық тиімділігімен қоса, нақтылы іске асыру мерзімдерін дұрыс белгілеу маңызды екені жеткізілді.
Депутаттар көтерген сауалдарға жауап берген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков партия бекіткен Жол картасының орындалуына бақылау күшейтілетінін, бүгінгі жиында айтылған 14 тармаққа қатысты жеке-дара талдаулар жүргізіліп, әр тармақ бойынша тиянақты ұсыныстар берілетінін, ауыстыруды талап ететін басымдықтарға объективті баға берілетінін жеткізді. Сайлауалды бағдарламаның орындалуы бойынша әр тармақтың жүзеге асуына жауапты фракция мүшелері де бұл мәселені жеке қадағалауында ұстайтын болады.
Аудан әкімдерінің есептерін тыңдау барысында халық саны аз ауылдық жерлерде су тазарту кешенді блок-модульдерін орнату мәселесіне қатысты сауалдар көтерілді. Бұл тапсырманың орындалуы бойынша аудан әкімдіктері облыстық партия филиалына нақты анықтамалар ұсынатын болды. Арыс қаласында емхана құрылысына қажетті жоба-сметалық құжаттарға түзету енгізу, жұмыссыз азаматтарды мақта кластері жобасы аясында ашылған жұмыс орындарына жіберу, азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетуде жеңілдетілген несиелер беруді жалғастыру, тұрғын үйлерді реновациядан өткізу, жастарды жұмыспен қамтуда мемлекеттік қолдау шараларын белсенді жүргізу мәселелері көтерілді.
Сондай-ақ жиын барысында Кентау қаласы биылғы 1 шілдеден бастап экологиялық апат аймағы болып танылғаны, азаматтарға берілетін өтемақы қашаннан бастап төленетіні жөнінде сауал қойылды. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша жаңбырлатып суғару әдісіне қатысты азаматтар білдіріп жатқан сұраныстар айтылып, оның тиімділігін зерделеуде депутаттық топ құрылатын болды. Асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау, осы санаттағы малдың жем-шөбіне және төліне берілетін субсидия көлемі жөнінде сауалдар қойылып, фракция мәжілісіне басқарма басшыларының міндетті түрде қатысу үрдісін енгізу бойынша ұсыныстар айтылды. Салалық басқармалар мен аудан әкімдіктері облыс экономикасына инвесторлар тартуда қаржылық серіктестік ұғымын кеңінен пайдалана білуі тиіс екеніне баса мән берілді.
Жиын нәтижесімен фракция мүшелері отырыстың қорытынды қаулысын қабылдады. Құжатта қамтылған барлық тапсырмалар мен ұсыныстардың орындалуы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бақылауында болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы