
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында қамтылған мәселелер бойынша халықпен кездесу жиындарын әр аудан мен қалада өткізуді бастады. Бүгін осы мақсаттағы жүздесулеріміз Түркістан қаласынан бастау алып, Халықаралық туризм және меймандостық университетінде және Түркістан жоғары медицина колледжінде өтіп, бұл кездесулерге оқу орындарының профессорлары, ұстаздары және студенттері қатысты.
«- Мемлекет басшысының Жолдауы – мемлекеттік стратегияның негізі болып табылады және елдің экономикалық, әлеуметтік, саяси, технологиялық дамуы бойынша нақтылы жұмыс бағыттарын белгілейді. Бұл саяси құжат сенім мен ашықтыққа негізделіп, онда қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты мемлекеттің саяси ұстанымы жарияланады. Мемлекет басшысының қоғамдық тірегіне айналған «AMANAT» партиясы, барлық реформалар мен өзгерістердің алғы шебінде қызмет атқаратын ықпалды саяси күш болып қалыптасты. Жолдау белгілеген басымдықтар бойынша партиямыздың Түркістан облыстық филиалына қарасты 240 бастауыш партия ұйымдарының барлығында кездесулер өткізіліп, азаматтарды ортақ мақсат аясына топтастыруға күш біріктіріп жатырмыз», — деді «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев.
Президент Жолдауы – басты саяси құжат болуымен қатар, ұрпақпен тілдесудің, жастардың үмітіне үн қосудың маңызды құралы. Ел көшін алға сүйрейтін жас буынның арманы мен мақсаты – мемлекет саясатының өзегіне айналуы тиіс екенін терең түсінеміз. Жолдауда кеңінен айтылған цифрлық өзгерістерді жасаушы, жасанды интеллектіні басқарушы буын – бұл бүгінгі жастарымыз. Цифрландыру ісін ұлттық идеяға айналдыруда, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды еліміз үшін жаңа мүмкіндіктер ретінде қарастыруда жастарға үлкен сенім артылатыны белгілі. Осы мәселелер Түркістан жоғары медицина колледжінің ұстаздарымен және студенттерімен өткен бүгінгі кездесуде кеңінен сөз болды.
Цифрлық дәуір күн санап емес, сағат санап өзгеріп жатқаны, бұл өзгерістердің алдыңғы шебінде жасанды интеллектінің әлеуеті тұрғаны туралы колледж директоры Ғалымжан Бимұрзаев атап өтті. Бүгіннің өзінде жасанды интеллект білім беру, медицина, өнеркәсіп, қаржы салаларына дендеп енгені айтылып, жастар мен жасанды интеллект арасындағы байланыс – Қазақстанның болашағын айқындайтын басты факторлардың бірі ретінде аталды.
Осы тақырып жөнінде ойымен бөліскен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің философия кафедрасының доценті, PhD доктор Қайнар Қалдыбай бәсекеге қабілетті ұлт боламыз десек, жастарымыз ғылым мен технологияны меңгеруі тиіс деп байыптады. Жасанды интеллект күрделі ғылым болғанымен, жаңа идея мен креативке толы жас толқынның қолында қуатты құралға айналатыны сөз болды. Қазақстан жастары цифрлы технологиялардың негіздерін меңгеріп жатқаны, беделді Халықаралық ІТ олимпиадаларда жүлдегерлер қатарынан көрініп жүргенін алға тартты. Жастар әзірлеген стартап жобалар танылып жатқанына тоқталды.
Жастар сандық дәуірдің сәулетшісі болып табылатыны туралы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті спорт және өнер факультетінің деканы, Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Бекахмет Абусейтовтың, «Жастар рухы» жастар қанатының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жұман Жансеріктің және Түркістан жоғары медицина колледжінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы, «Достық» бастауыш партия ұйымының жетекшісі Гүлмира Алдабергенованың хабарламаларында айтылды. Жасанды интеллект пен жастар екі қуатты күш екеніне, егер олар бірге әрекет етсе, тек экономиканы емес, бүкіл қоғамды өзгерте алатынына баса мән берілді.
Жиынды қорытындылған Алтынсары Дүйсенбекүлы, «AMANAT» партиясының миссиясы мен центристік ұстанымы барлық ресурсты Президент реформаларын жүзеге асыруға жұмылдыру болып табылатынын айтты. «- Түркістан жоғары медицина колледжі аймақтағы орта буын медицина қызметкерлерін даярлайтын іргелі оқу орны саналады. Президент Жолдауында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынғаны, осы жылдың соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға берілетіні жайлы айтылды. Түркістан облысында осы бағдарлама аясында өткен жылы 49 нысан пайдалануға берілсе, оның 23-і – партиямыздың Сайлауалды бағдарламасына енді. Ал, биыл бұл бағытта тағы 30 нысан іске қосылады», — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.