
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалында өткен бүгінгі аппараттық жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын тыңдаудан басталды. Елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары, әлеуметтік-экономикалық дамудың басымдықтары және жыл бойы атқарылатын жұмыстар мен міндеттер айқындалған бұл құжатта, бүгінгі заманның күрделі, көпқырлы өзгерістеріне дайын болуға баса мән берілді.
Мемлекет басшысы осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз етуде цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне тән іс-қимыл жүргізу қажет екенін айтты. Алдымызда тұрған маңызды стратегиялық мақсат ретінде Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы қажет деді. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғырту жөнінде жаңа міндеттер белгіленді.
Бұл бағытта алдымен Цифрлық кодексті қабылданып, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылатын болды. Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беретін болады.
Мемлекет басшысы Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Өңдеу саласына көбірек қаражат тарту мәселесі айқындалып, қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беру мәселесі қарастырылмақ. Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлі қайта қаралып, инвесторларға ұсынылатын салық жеңілдіктері мұқият ойластырылады және ел экономикасы үшін маңызы, пайдасы бар жобаларға басымдық берілмек. Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысымен Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауы Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет болып өзгертілетін болды.
Цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін қалыптастыру маңызды деп белгіленді. Бұл бағытта экономикамыздың жоғары технологиялық салаларына бір миллиард долларға дейін инвестиция тарту туралы бағдарлама қабылданатын болады. Екінші дәрежелі банктер нақты секторға белсенді түрде қаржы салуы керек деген міндет белгіленді. Банктер туралы заң қабылдау осы саладағы маңызды қадам болатыны айтылды. Қазіргі заманның талабын ескере отырып, криптоактивтерге баса назар аудару керек деп шешілді. Жаппай цифрландырудың, соның ішінде банк саласын цифрландыру ісінің пайдасы көп екеніне назар аударылып, кибер-қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін барынша интеллектуалды жүйе құру керек деп межеленді.
Қазақстанның цифрлы кеңістіктегі және жасанды интеллект саласындағы орнын белгілеуде Alatau City еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуға тиіс деген міндет қойылып, қаланың мықты институционалдық негіздерін қалыптастыру, оны ел Үкіметіне тікелей бағынатындай етіп, оған арнайы мәртебе беру туралы жарлықты он күн ішінде әзірлеу тапсырылды. Цифрлы экономиканы қалыптастыруда аймақтардың инвестициялық тартымдылық индексін енгізу жүктелді.
Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру, ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс екені белгіленіп, жобаның бәрін дер кезінде іске асырып, экономиканы цифрлық тұрғыдан жаңғырту үшін электр энергиясы жеткілікті көлемде болуы қажет деген байлам айтылды. Екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек екеніне баса назар аударылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы геологиялық барлау жұмыстарын күшейтуді маңызды міндет ретінде атады және жер қойнауына қатысты мәліметтің бәрін, ең алдымен, жасанды интеллект технологиясын енгізу арқылы жүйелеп, цифрландыруды тапсырды.
Түркістан өңірі үшін ауылшаруашылығы – негізгі сала. Мемлекет басшысы озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек деп атап өтті. Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруде дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек деген міндет қойылып отыр. Үздік агрокәсіпорындар ауыл шаруашылығы өнімін шығарудан бастап оны терең өңдеуге дейін тұтас өндірісті толығымен жолға қойып, зор табысқа жетіп отырғанын мысал ретінде атап өткен Қасым-Жомарт Кемелұлы осындай агрохолдингтердің тәжірибесін тарату үшін барынша жағдай жасаған жөн деді. Жасанды интеллектіні қолданып, ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасаудың тиімділігін арттыру жүктелді.