ТҮРКІСТАН: РЕФОРМА – ЖАҺАНДАНУ ДӘУІРІНДЕГІ СЕРПІЛІС – 2


Сондай-ақ Президент Жолдауында еліміздің транзит әлеуетін тиімді пайдалану, көлік логистикасын дамыту, бұл салаға жасанды интеллект технологияларын енгізу тапсырылып, Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс деген стратегиялық маңызы зор міндет қойылды. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады деген талап қойылды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту – тұрақты дамудың негізі факторы ретінде аталды. Елімізде су ресурстарының бірыаңғай цифрлық платформасы түзілетін болды. Үкімет Каспийдің су ресурстарын сақтау туралы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеп, бұл бағыттағы мемлекетаралық байланыстарға серпін беретін болады. Экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізіліп, қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен және шынайы қамқорлықпен қарау ұлттық идеологияның өзегі болып беки түседі. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауда міндетті талаптар тізімі қабылданып, ол бизнесті шектен тыс тексерістерден қорғайтын маңызды құралдың бірі болмақ. Бұл бағытта Мемлекет басшысы салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс деген талап қойды. Мемлекеттік ұйымдар мен компаниялар негізсіз көбейіп, жеке кәсіпорындардың толыққанды дамуына мүмкіндік бермей отырғанына назар аударған Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік секторды реформалау туралы нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс деген талап қойылып, ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру тапсырылды. Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсу – мемлекеттің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі ретінде аталды. Еңбек ресурстарын тиімді пайдалануда ел ішіндегі және шетелдегі көші-қон ағымының есебін жүргізетін бірыңғай цифрлық жүйе енгізіледі деп шешілді. Аймақтардағы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру жүктелді. Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастырады. Жол қауіпсіздігін қамтуда тиісті заңға өзгертулер енгізіледі. Жасанды интеллекті дәуіріндегі мәдениет пен өнердің дамуына назар аударылады. «- Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттырады. Біздің стратегиялық бағдарымыздың ең басты қыры осы болуға тиіс», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
«Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры болуға тиіс ден қағидатқа ерекше тоқталған Мемлекет басшысы қоғамдық этика талаптарын сақтау әр азаматқа жүктелген парыз екенін айтты. Азаматтардың қарыз жүктемесін азайтуда «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын қоғамға пайдалы бастама ретінде атап өтті. Парламенттік реформа мәселесіне айрықша тоқталған Қазақстан Республикасының Президенті бір палаталы Парламент құру туралы бастамасын жария етті. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет деген шешімін айтып, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деген ойын жеткізді. Осы мәселені ескере отырып, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуді жөн санайтын мәлімдеді. «- Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын», — деді Мемлекет басшысы.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы Жолдауда айтылған әр басымдықты іске асырудың жолдарын қоғаммен бірлесе қарастырып, белгілейтін болады. Бүгінгі даму үдерісімізге жауап беретін бұл өзгерістер еліміздің қоғамдық-саяси дамуының, әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің жаңа белестерін белгілейді деген сенімдеміз.
Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВ,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы