
Таяуда Түркістан қаласында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға арналған арнайы кеңес өткені жөнінде баспасөз қызметі ақпарат таратты. Жиынға қалалық әкімдіктің бөлім басшылары, құқық қорғау органдары, кәсіпкерлер және ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан.
Күн тәртібіне қоғам үшін аса маңызды кәсіпкерлік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары және қалалық деңгейдегі көлеңкелі экономикамен күрес және алдын алу мәселелері қаралды.
Алғашқы тақырып бойынша Түркістан қаласы әкімдігінің бизнесті қолдау және туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Ақжігітұлы баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен мәлімет берді.
Оның айтуынша, кәсіпкерлік – ел экономикасының негізгі қозғаушы күші. Алайда, салада жемқорлық тәуекелдері бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Осыған байланысты бөлім тарапынан жүйелі жұмыстар қолға алынған.
Сондай-ақ, ресми тіркелген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан субсидиялар, жеңілдетілген несиелер, инфрақұрылымдық қолдау және оқыту мүмкіндіктері ұсынылатыны атап өтілді. Айта кетерлігі, кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік бағдарламалар аясында іске асырылып жатқан қолдау шараларының іс жүзіндегі жүргізілу барысында бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол бермеу мәселесі басты назарда болғаны жөн.
Жасыратыны жоқ бір ғана мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несиелер төңірегінде жылдар бойы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың бүгінде сыры ашылып, пайдасын еселеуді көздеген жандардың темір торға тоғытылып жатқанын көз көріп жүр. Қайткенде де мемлекеттің қаржысы көзделген мақсатқа жұмсалу тиіс екені бесенеден белгілі. Алайда орта жолда бір тарапы мол қаржыға қызығып, жоқ дүниені барға санаса, оны көрген болып, қызметін асыра пайдаланатын шенеуніктердің бой көрсетіп жүргенін білеміз.
Жиын барысында қала әкімі мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несиелер бойынша толық әрі нақты ақпараттың кәсіпкерлерге қолжетімді болуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ, көрсетілетін қызметтердің ашық әрі заң аясында жүзеге асуын тапсырғаны айтылған.
Келесі мәселе бойынша сөз алған қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Олжас Пердебайұлы мемлекет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмса-луын қамтамасыз ету бағытында қолданылып жатқан бақылау және мониторинг механизмдерімен таныстырды. Бұл ретте бақылау жүйесінің барынша тиімді әрі нәтижелі болғаны жөн деген болар едік. Себебі, жеңіл олжаға кенелуді қалайтын жандардың түрлі айла-тәсілдерге салатыны айдан анық. Бұл жөнінде айран ішкен құтылып, шелек жалағандардың тұтылып жатқанынан тізбектеп ақпарат беріп жатқанымыз артық болар. Бұл тек қана Түркістан әкімдігінің төңірегінде болып жатыр деген сөз емес. Жалпы ел аумағында бір қарағанда жүйелі тетіктерге айналғандай көрінетін әрекеттерді меңзеп отырғанымыз ғой.
Ал кірістер басқармасының басшысы Шәкен Махмұтұлы көлеңкелі экономиканы азайту мақсатында жүргізіліп жатқан тексеру, талдау және ақпараттық-түсіндіру шаралары туралы баяндағанын да айта кетуіміз керек. Және де осыған байланысты салықтан жалтарып, түрлі амал-әрекеттерге барып жатқан кейбір кәсіпкерлік субъектілерін де ақтап ала алмаймыз. Бұған байланысты ел экономикасына табысын жасырып, салықтан жалтарған тұлғалар жөнінен сан-алуан мысалдар келтіруімізге болады.
Осы ретте жиын барысында Түркістан қаласының әкімі тұрғындардың салықтық сауаттылығын арттырудың, бейресми экономиканың қоғамға тигізетін теріс салдарын түсіндірудің маңыздылығына ерекше тоқталып, аталмыш бағытта кешенді жұмыс жүргізуге қажетті шаралардың қабылдануына тікелей мұрындық болуға әзір екенін байқадық. Осы бағытта БАҚ, әлеуметтік желілер және халық көп шоғырланатын орындар арқылы кең көлемді ақпараттық науқан жүргізу жөнінде арнайы тапсырма берілді.
Жиын соңында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу – әрбір мемлекеттік қызметшінің азаматтық әрі кәсіби міндеті екеніне ерекше тоқталып, жемқорлықпен аяусыз күрес жүргізу тек қана мемлекеттің міндеті емес, бұл тұрғыда қарапайым азаматтарымыздың бірлігі мен жағымсыз әдеттерге қарсы тұрарлық күш-қуаты керек екенін назарға салды. Сондай-ақ, «Мұндай олқылықтарды болдырмау үшін тек бірлесе әрекет ету арқылы ғана біз әділ, дамушы және сенімді қоғам құра аламыз», – деді қала басшысы.
Е.САҒЫНДЫҚ.