
Президент бастамасымен елімізде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы қолға алынғаны белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалатындығын айтқан еді. Бұл жоба аясында, мектептер жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Ауылда да, қалада да бірдей болады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқып, әр блоктың өз оқу кабинеттері, дәретханалары, спорт залдары болады. Балалар үшін қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Яғни, бейнебақылау орнатылады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар жасалады.
Жобаның тағы бір артықшылығы–құрылыс толығымен қаржыландырылған. Бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындап келген болса, қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.
Сондай-ақ, ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де шешімін табады. Осыған дейінгі білім ошақтарынан ерекшеленетін жайлы мектеп деген – осы.
Ұлттық жоба аясында 2025 жыл¬ға дейін елімізде 401 жаңа мектеп салу қарастырылған болатын. Заманға сай салынатын бұл мектептер 842 мың оқушыға шақталған. Осының нәтижесінде, елдегі үш ауысымды оқу үдерісінен құтылуға мүмкіндік бар. Жобаның жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге. Оның 1 трлн 960 млрд теңгесі респуб¬ликалық бюджеттен, 646,5 млрд теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді. Биыл 499,9 млрд теңгені, 2024 жылы – 1 трлн 038,3 млрд теңгені, 2025 жылы 1 трлн 068,2 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр. Бұл ретте бөлінген қаржының 2 трлн 36 млрд теңгесі мектептердің құрылысына, ал 243 млрд теңгесі пайдалануға берілген білім ордаларын күтіп ұстауға жұмсалады. Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1 200, 1 500, 2 000 немесе 2 500 орын¬дық деп белгіленген жеті түрлі нұс¬қаның біріне сай салынуы қажет. Олардың әрқайсысында роботтехника кабинеті, бірнеше зертхана, ауданы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Сондай-ақ мектептерде бастауыш сыныптары (9х18м) мен орта буын, жоғарғы сынып оқушыларына (36х18м) бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпта интерактивті тақта және мұғалімге арналған компьютер қойылады. Жаңа мектептерде ерекше балалар үшін кедергісіз орта құрылуы керек: арнайы пандустар, лифтілер, дәретханалар, инклюзивті білім беру бөлмесі дайындалады. Сонымен қатар интерьер дизайнының бірқатар элементі мен архитектуралық шешімдері ұлттық нақышта жасалуға тиіс.
Құрылыс кезінде жалпы жағдайды бақылайтын ақпараттық цифрлы плат¬форма жұмыс істейтін болады. Ақпараттық жүйе алғаш рет осындай ірі ұлттық жобада қолданылмақ. Электронды жүйе құрылыстың бар¬лық кезеңін ашық бақылауға мүмкін¬дік береді. Жүйенің ерекшелігі – тап¬сырыс беруші, құрылысшылар, әкім¬діктердің бірнеше басқармасы, ми-нистрліктер, техникалық бақылау сарап¬шылары және басқалары бір¬лесіп жұмыс істеп, бірге тапсырма беріп, оны бақылап, мәселе туындаса сол бойда бюрократиясыз, уақтылы шешіп отырады.
Айтпақшы, ұлттық жобаның отандық экономикаға деген әсері де айтарлықтай жоғары болмақ. Өйткені мектепке қа¬жетті жиһаздардың 95 пайызын отан¬дық өндірушілер дайындайды. Құрал-жаб¬дық¬тардың 60 пайызы өзіміздің ішкі нарықтан алынады. Сондай-ақ құрылыс материал¬дарының 65 пайызы отан¬дық өнімнен тұрады. Демек елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында ұлттық жобаның алар орны айырықша болмақ.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы – бұл еліміздегі білім беру сапасын арттырумен қатар, қала мен ауыл мектептері арасындағы теңсіздікті жоюға бағытталған ауқымды бастама. Жоба аясында заманауи талаптарға сай жаңа форматтағы 217 мектеп салынып, 460 мың оқушы орны ашылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Жолдауында әрбір балаға қолайлы оқу ортасын қалыптастырудың маңыздылығын атап өткен болатын. «Келешек мектептері» осы мақсатқа жетудің нақты қадамы ретінде апатты және үш ауысымды мектептердің проблемасын шешуге бағытталған.
2025 жылға қарай ұлттық жоба шеңберінде тағы 112 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс. Осылайша «Келешек мектептері» жобасында белгіленген межелерді толығымен орындау көзделіп отыр. Сонымен қатар, жоба шеңберінен тыс та білім беру инфрақұрылымын дамыту жалғасып жатыр. Республикалық және жергілікті бюджет есебінен қосымша білім нысандарын салу қолға алынған. Жалпы алғанда, 2025 жылдың соңына дейін түрлі бағдарламалар аясында тағы 200-ге жуық жаңа мектеп ашылып, еліміздегі оқушы орындарының саны қосымша 300 мыңға артады деп күтілуде.
Қазіргі таңда өңірлерде жоспарланған мектептердің құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Жергілікті әкімдіктер тарапынан қажетті жер телімдерін бөлу, инфрақұрылым тарту және инженерлік желілерді жеткізу секілді ұйымдастыру жұмыстары атқарылуда. Ал Үкімет пен Парламент тарапынан бұл нысандардың уақтылы әрі сапалы салынуы қатаң бақылауға алынған.