ТҮРКІСТАН: САЛЫҚ РЕФОРМАСЫ ЕЛІМІЗДІҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІН КҮШЕЙТЕДІ


Мемлекет басшысы 2025 жылы 11 сәуірде өткен кездесу барысында салық реформасына тоқталды. Осы орайда, Түркістан қаласының тұрғындарына ашық және тұрақты салық жүйесіне қатысты мәліметтерді ұсынамыз.
Президент жаңа Салық кодексін әзірлеуге тапсырма берген кезде мейлінше түсінікті, тұрақты әрі әділ салық саясатына көшу жөнінде міндет қойғанын еске салды. Ол бұл бастаманың салық саясатын қатаңдатпай, керісінше ретке келтіретінін алға тартты.
– Қазіргі кодекс көп өзгеріске ұшыраған. Заңға тәуелді актілерге және жекелеген жағдайларда басқаша ереже қолданатын ерекшеліктерге толы. Кодекс оқып, түсінуге қиын құжатқа айналған. Соның салдарынан кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер оны әрқалай қабылдап, өз уәждерін алға тартады. Қаптаған жеңілдіктер мен салық режимдері кәсіпкерлердің бір бөлігіне артықшылық берсе, тағы бірі оған наразы. Ол да негізсіз емес. Бастапқыда салық жеңілдігі экономиканың белгілі бір салалары мен бизнестің нақты санаттарын қолдау мақсатында енгізілген еді. Бірақ кәсіпкерлер жеңілдікті бас пайдасына жаратып, салықтан жалтарып, бизнестерін бөлшектей бастады. Мұндай жағдайға біз жол бере алмаймыз. Қазақстан жаппай офшор аймағына айналып кетпеуі керек. Мұның бәрі салықты басқару жүйесін күрделендіріп, салық жүктемесі әділетсіз бөлінетін жағдайға әкеп соқты. Қазір Парламентте мүлдем жаңа Салық кодексі қаралып жатыр. Аталған құжат бизнестің де, мемлекеттің де мүддесін ескеріп, кәсіпкерлерді салықты дұрыс төлеуге ынталандыруға тиіс. Қосымша салық түсімдері даму бюджетін ұлғайтып, жаңа мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салуға мүмкіндік береді. Ашық және тұрақты салық жүйесі еліміздің инвестициялық әлеуетін күшейтеді. Осының бәрі азаматтардың әл-ауқатының жақсаруына, тұтас экономиканың өсіміне, яғни, түптеп келгенде, бизнестің дамуына өте тиімді әрі пайдалы болмақ. Әрине, осындай күрделі кезеңде бізге ең алдымен ауызбіршілік керек. Халқымызда «Ырыс ынтымақты елге барады» деген жақсы сөз бар. Ұйыса білген ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан жұртты ортақ мақсатқа жұмылдыру өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында бірқатар маңызды мәселелерді көтеріп, алдағы уақытта шешілуі тиіс екенін мәлімдеген еді. Түркістандық тұрғындардың назарына еліміздегі Цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызын ұсынамыз. Жалпы мемлекет басшысы ерекше тоқталып өткен саланың бірі несие саясатына байланысты.
“Қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқанын ашық айтуымыз керек. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыруы керек. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет. Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным. Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды. Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр. Бұл – бұрынғы және қазіргі Үкімет жұмысындағы үлкен олқылық. Мұндай жағдай жиі қайталанса, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді. Сондықтан оған жол бермеу қажет. Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн. Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп, осы мәселеге қатысты нақты шаралар қабылдауға тиіс. Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек”, – деді Мемлекет басшысы.
Ел президенті атап өткен бұл мәселе Түркістан өңірінде жүйелі жүргізіліп бастады. Оған қоса, жауапты сала басшылары тиісті жұмыстарды қолға алды.
Сондай-ақ ел президенті, өз Жолдауында бюджетаралық қарым-қатынасты да ретке келтіру қажеттігін айтып, шағын және орта бизнестен түсетін салықты аймақтардың өзінде қалдыру дұрыс әрі уақтылы қабылданған шешім болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы