
Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие болады.Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән береміз. Әр мәселені әбден саясиландырып, бос сөз қумай, қол қусырып қарап отыра бермей, нақты жұмыспен, қаражат әкелетін заңды іспен шұғылдану керек деген сөз.Мен былтырғы Құрылтайда ұрпақты еңбекке баулуға қатысты бірқатар тапсырма бердім. Соның негізінде мектептерге еңбек сабағы қайтарылды. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруымыз керек. Сондай-ақ біз ел болып қарапайым еңбек адамын қадірлей білуіміз қажет. Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Елімізде түрлі саланың кәсіби мерекесі бар. Көбінесе мұндай мейрамдар назардан тыс қалып жатады. Менің ойымша, «Еңбек күніне» орай ең үздік мамандарды мемлекеттік деңгейде ұлықтаған жөн. Бұл қадам қоғамда еңбек культін орнықтыруға жол ашады. Шын мәнінде, қандай жұмыс істеп жүргенің емес, оны қалай істеп жүргенің әлдеқайда маңызды. Министр немесе әкім болсын, құрылысшы, дәрігер, мұғалім болсын, ең бастысы, әркім өз міндетін адал атқаруы керек. Нанын адал еңбекпен табуы қажет. Қазақстанның Еңбек Ері Вадим Басин еңбек адамын насихаттау туралы жақсы ой айтты.Нағыз еңбек адамы дегеніміз кім? Бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат. Ал жауапсыздықтың салдары неге апарып соқтыратыны кешегі өрт кезінде айқын көрінді. Осындай келеңсіз жағдайлар тек орман шаруашылығында емес, басқа да салада бар.Әрбір адам жауапсыз қадамның арты бүкіл елге қасірет әкелуі мүмкін екенін терең түсінуге тиіс. Барлық салада, барлық деңгейде жауапкершілік болса ғана, ісіміз оңға басады. Шын мәнінде, сын сағатта кімнің кім екені анық көрінеді. Елге жаны ашитын адам қиын жағдайға тап болған жұртқа нақты іспен көмектесуге дайын болады.Өкінішке қарай, қазір қоғамды ішінен ірітетін жағымсыз дүниелер көбейіп бара жатыр. Өздерін, тіпті, Алпамыс батыр сияқты ел қорғаны санайтын қылмыс әлемінің серкелері, яғни криминалдық топ басшылары бар. Көптеген адамдар, әсіресе, жастар соларға қатты еліктейтін болды. Ел ішінде арзан бедел жинап жүрген алаяқтар аз емес. Олардың бәрі – халықтың санасын улайтын секта өкілдері. Бір қарағанда олар елге жанашыр болып көрінеді. Ал, түптеп келгенде, психологиялық айла-тәсілдермен жұртты адастырады. Қоғамға жалған құндылықтар таратып, көпшілікті тура жолдан тайдырады.Мұның бәрін идеологиялық қоқыс немесе мүлдем қажеті жоқ ақпарат деуге болады. Біз өркениетті ел ретінде халқымыздың дүниетанымына жат нәрселерге қарсы тұруға тиіспіз. Ол үшін, ең алдымен, оқу-ағарту жұмысын күшейтуіміз керек. Жас ұрпақтың, әсіресе, қазіргі құбылмалы заманда сыни тұрғыдан ойлай білуі маңызды. Балаларымыздың танымы кең болуына жағдай жасауымыз қажет. Бұл туралы белгілі қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев өте орынды пікір айтты.Мектепте оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін дәрістер оқытылуға тиіс. Жастар ақпаратты қорыта білуді, уақытын дұрыс пайдалануды, қаржы сауаттылығын мектеп қабырғасынан біле бастауы қажет.Өскелең ұрпақты түрлі ойындарға құмар болудан сақтандыру керек. Бұл мәселе бойынша Құрылтайдың бірқатар мүшесі, соның ішінде белгілі спортшы Ислам Байрамуков жақсы айтты. Жеңіл жолмен пайда табу жақсылыққа апармайтынын үнемі түсіндіріп отырған жөн. Адал табыс адал еңбекпен келеді.Мен тағы бір нәрсеге баса назар аударғым келеді. Бұл – нашақорлық. Бұл – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр.Ұлт саулығына зиянын тигізетін тағы бір кесел – вейп және түрлі электронды темекілер. Өкінішке қарай, оны тарту жасөспірімдер арасында сәнге айналып барады. Себебі электронды темекі бәріне қолжетімді, оның зиянсыздығы туралы түрлі жарнамалар да көбейіп кетті. Іс жүзінде, жастарымыз өзіне зор қауіп төндіруде. Себебі бұл – шын мәнінде, зиянды нәрсе. Вейп пен есірткінің арасы бір-ақ қадам. Осы қауіпті үрдіспен күресу үшін жүйелі және шұғыл шаралар қабылдау қажет. Тыйым салумен ғана мәселені шешу мүмкін емес. Полиция өз жұмысын белсенді және тиімді жүргізуі керек. Мен бұған ерекше мән беремін.Елімізде 2016 жылдан бері есірткімен күрес жұмыстарын реттейтін арнаулы құжат болған жоқ. Сондықтан былтырғы Жолдауымда кешенді жоспар әзірлеуді тапсырдым. Үкімет таяу күндері осы мәселе бойынша арнайы жоспарды қабылдайды. Бұл – өте маңызды құжат. Осы құжаттың аясында жан-жақты жұмыс атқарылады.Білікті заңгер Серік Ақылбай атап өткен құқықтық сананы қалыптастыру мәселесі де өте өзекті. Жастардың құқықтық сауатын арттыру аса маңызды. Сонда әркім өзінің құқығын қорғай біледі және өзгенің құқығын таптамайды. Заң мен тәртіп үстемдік құрған мемлекеттің тұғыры қашанда мықты болады”, деді Президент.