
– Шаруалар үшін қолжетімді несиенің маңызы зор. Бұл бағытта қандай қиындықтар байқалуда?
– Дұрыс айтасыз. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы қаржыландырылатын несие серіктестіктеріне қатысты талаптардың күшейтілуі шаруаларға жайсыз тиюде. Түркістан облысындағы бірқатар серіктестік өкілдерінен маған ресми өтініш келіп түсті. Осы өтініштер негізінде депутаттық сауал жолданды.
Қазіргі таңда несие алу қиындап кетті. Кепілдікке қойылатын мүлік талаптары, құжат саны, қарау мерзімі – бәрі де шаруаның жұмысын қиындатып отыр. Осыған байланысты мен несие рәсімін жеңілдету, өтінімдерді автоматтандыру және жылдық пайыздық мөлшерлемені төмендету бойынша нақты ұсыныстар жасадым. Бұл ұсынысым орындалып жатса, ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері үшін үлкен көмек болар еді.
– Бірақ, қаржы ұйымдарының да өз шарттары бар екені белгілі ғой…
– Әрине, кез келген қаржыландыру – жауапкершілікпен берілуі тиіс. Қарыздың уақтылы қайтарылуы, мақсатты жұмсалуы – басты талап. Егер бұл талаптар сақталмаса, мемлекет қаржысының қауіпсіздігіне нұқсан келуі мүмкін. Сол себепті, серіктестіктерді қаржыландыру мүмкіндігі тек тиісті талаптар орындалған жағдайда ғана қарастырылады.
– Түлкібас пен Сайрам аудандарында қандай проблемалар көтерілді?
– Састөбе ауылында 1962 жылы салынған ескі аурухана апатты жағдайда тұр екен. Тұрғындар жаңа медициналық мекеме салуды сұрап отыр. Сондай-ақ, саябақты абаттандыру, ауылішілік жолдарды жөндеу, ауыз су мәселесін шешу жайлы өтініштер де айтылды.
Сайрам ауданында еңбекқор азаматтар көп. Банан өсіріп, оны экспортқа шығара бастағандары қуантады. Балық шаруашылығы да дамып жатыр. Несие алу жеңілдіктеріне қатысты ұсыныстар айтылды. Мұның бәрін жүйелі түрде жинақтап, жауапты министрліктерге жолдаймыз.
– Биыл Кентау қаласы арнайы экологиялық аймақ статусына ие болды. Қателеспесем, бұл мәселе Сіздің алғашқы депутаттық сауалыңыз болатын. Кейін тиісті министрлік өкілдерін Кентауға жинап, жергілікті активпен кең көлемді мәжіліс өткізіп, мәселені талдадыңыздар. Сол кезде Бәйдібек ауданындағы экологиялық жағдай да көтерілген болатын. Дегенмен, бұл мәселе аяқсыз қалып қойды. Жалпы, Бәйдібек ауданы арнайы статусқа ие бола ала ма?
– Дұрыс айтасыз, Кентау қаласы биыл экологиялық апат аймағы деп танылды. Бұған дейін бұл мәселе Мәжілісте көтерілген еді. Бұл тұрғыда сенатор Әли Бектаев та көп жұмыс атқарды. Осы ретте Бәйдібек ауданының тұрғындары біз назардан тыс қалып қоямыз ба деп алаңдаған болатын. Бүгінде Бәйдібек ауданында арнайы жұмыс тобы құрылды. Алдымен экологиялық сараптама қажет, оған қомақты қаржы керек. Бұл мәселені де бақылауда ұстаймыз. Жалпы, жұмыс басталды. Жергілікті тұрғындар да қолдап отыр.
– Кентау демекші, Түркістан мен Кентау арасындағы жол сапасы жөніндегі депутаттық сауалыңызға Үкімет тарапынан қандай жауап берілді? Қос қаланы байланыстыратын жол келешекте 4 жолақты бола ма?
– Иә, бұл бағыт – облыс үшін маңызды көлік желісі. Қазіргі таңда Түркістан мен Кентау арасындағы жолды 2 жолақтан 4 жолаққа дейін кеңейту жоспары қарастырылып жатыр. Қазір осы бағыттағы көлік ағыны есептеліп, жолды кеңейтудің қаншалықты қажет және тиімді екені анықталуда. Жоба жүзеге асса, шығынның бір бөлігін республикалық бюджет өтейді.
Айта кету керек, жыл басынан бері бұл тар жолда бірнеше жол апаты орын алды, адам шығыны бар. Жолдың кеңейтілуі көлік қозғалысын жеңілдетіп, қауіпсіздікті күшейтуге сеп болады.
Сондай-ақ, «Кентау – Созақ» теміржол желісіне қатысты да сұраныс бар. Бұл жоба әзірге Үкіметтің басым бағыттар тізіміне енбегенімен, алдағы уақытта қаралатын болады.
– Сіз тарихи-мәдени нысандарды қорғау мәселесіне де белсенді араласып келесіз. Бұл бағытта жоғарыда қандай шаралар қолға алынып жатыр?
– Түркістан облысында халқымыздың тарихи жадын сақтайтын бірқатар киелі орындар бар. Атап айтқанда, Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері, Ақмешіт үңгірі және Ақбикеш мұнарасы – бұл нысандар тарихи және рухани құндылыққа ие. Алайда, соңғы жылдары кейбір жеке тұлғалар тарапынан аталған нысандардың жерін жеке меншікке алу әрекеттері байқалды. Облыс әкімдігі тарапынан меншік мәселесін анықтап, бұл нысандарды мемлекет қарауына алу шаралары жүргізілуі тиіс.
Ең алдымен, киелі орындарды жергілікті коммуналдық мекемелерге күтіп-ұстауға беру қажет. Әрине, бұл тарихи нысандардың жыл сайын ағымдағы жөндеуден өтіп, ауласының таза тұруына, көгалдандырылуына үлкен мүмкіндік туғызады. Екіншіден, ҚР «Жер туралы» Кодексі мен ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңдарына өзгеріс енгізу қажет. Атап айтқанда, тізімге енген тарихи-мәдени мұра объектілері мемлекет иелігіне өтуі тиіс деген нормаларды заңда нақтылап, жерімен бірге толық қабылданатын толықтырулар енгізілгені дұрыс. Үшіншіден, туристер мен зияратшылардың есебін жүргізіп, олардан түскен қаржыны арнайы ашылған қорға қабылдау қажет. Әрбір нысаннан түскен қаржы сол жердің қажеттіліктерін өтеуге жұмсалуы тиіс.