
Жиын барысында ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін нақтылау жөнінде тапсырма беріліп, ауыл әкімдіктері қызметкерлеріне жағдай жасаудың маңызына назар аударылды. Мемлекет басшысының ұсынысымен әкімдердің тұрғындарға сайлау алдындағы бағдарламасының орындалуы туралы есеп беруі заңмен бекітілетін болды. Уәдесін орындамайтын, міндетін дұрыс атқармайтын ауыл басшысын қызметінен босату тетіктері де қарастырылып, ондай санаттағы әкімдер халықтың талабымен немесе саяси партиялардың ұсынысымен жұмыстан шығарылуға тиіс деп тұжырымдалды.
Диалог-платформаның ресми бөлігінен кейін панельдік сессиялар жұмысына кірісті. Жергілікті басқару саласында аса қажетті бағыттар бойынша делегаттар 6 панельдік сессияларға қатысып, орталық мемлекеттік органдардың басшыларымен, Парламент депутаттарымен пікір алмасты.
Ауыл әкімдерінің диалог-платформасы аясында «Әлеуметтік саясат: азаматтардың әл-ауқаты мен адами капиталдың дамуы», «Табиғи ресурстарды өңірлік пайдалану контекстінде ауыл шаруашылығын дамыту», «Өңірлік саясат: тұрғындардың табысын арттыру, ауыл округтерінің мақсаты мен міндеті», «Бюджет-қаржы саясаты: өсім нүктелері мен қаржылық тұрақтылық», «Ауылдың цифрлық дамуы: ауыл әкімдерінің жұмысы үшін көмекші құрал ретінде жасанды интеллект пен цифрлы өнімдерді пайдалану», «Келушілерге бағдарланған сервистік мемлекеттік қызмет: диалог, кәсібилік және ашықтық» панельдік сессиялары жұмыс жүргізді.
Панельдік отырыстарда ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін мәселелер кеңінен көтерілді. Атап айтқанда, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, жер ресурстарын тиімді пайдалану, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі, ішкі көші-қон, кадр даярлау, цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы бойынша нақты ұсыныстар айтылды.
Ауыл әкімдері күнделікті жұмыс барысында кездесетін түйткілдерді министрлер мен орталық органдардың бірінші басшыларына тікелей жеткізіп, мемлекеттік саясаттың жергілікті деңгейде орындалу барысын баяндады. Өз кезегінде министрліктер өкілдері нормативтік шешімдер, жаңа бастамалар және жоспарланған жобалар жөнінде түсініктеме беріп, өңірлердің қажеттіліктеріне негізделген нақты қолдау тетіктерін талқылады.
Ашық диалог форматында өткен жиындар ауыл әкімдерінің құзыретін кеңейту, бастамашылдығын арттыру және орталық-өңір өзара іс-қимылын күшейтудің маңызды алаңына айналды. Мұндай пікір алмасулар ауылдағы азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімді іске асуына серпін береді деп білеміз. Форум қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар мен бастамалар пысықталып, олар алдағы стратегиялық құжаттар мен салалық бағдарламаларда көрініс табатын болады.
Атап өтуіміз қажет, Түркістан облысында биыл 72 ауылдық округ әкімдерінің сайлауы жоспарланса, бүгінгі таңға оның 70-і өтті. Өткізілген сайлаулардың 69-да «AMANAT» партиясының кандидаттары жеңіске жетті.
Жергілікті басқарудың тізгінін ұстаған жаңа басшыларды кешенді дайындықтан өткізуде биылдан бастап елімізде Үкіметтің Өңірлік саясат жөніндегі жобалық кеңсесінің Сараптамалық орталығы ашылып, оның аясында «Әкімдер мектебі» жобасы іске қосылды. Бұл жоба мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, аудан және ауылдық округ әкімдерінің кәсіби деңгейін арттыруға арналған жаңа бастама.
«AMANAT» партиясы бастамашыл болған осы жобаның алғашқы кезеңінде Түркістан облысында 164 ауыл әкімдері 240 сағаттық оқу курсынан өтіп, заңнама, мемлекеттік басқару, ауылдық аумақтарды дамыту бойынша білімін жетілдірді. Биылғы күзде осы оқу курсының екінші легінде жаңадан сайланған 38 ауыл әкімі мемлекеттік басқарудың әдістері мен тәсілдерін меңгеріп, тәжірибесін шыңдауды бастады.
Оқу барысында әкімдер тек теориялық біліммен шектелмей, практикалық дағдыларды меңгеруды қолға алды. Атап айтқанда: маркетингтік зерттеулер жүргізу, жеке қосалқы шаруашылық өнімдерін тиімді пайдалану, кооперативтер құру, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және өткізу мәселелері бойынша білім алуда. Әрбір әкім оқу соңында өзінің ауылына арналған экономикалық даму бағдарламасын ұсынып, қорғайтын болады.
Партияның Түркістан облыстық филиалы осы бағыттағы жұмыстарын жүйелі жалғастырады. Бұл бастамамыз мемлекеттік қызметтің ашықтығын арттырып қана қоймай, ел дамуына үлес қосатын кәсіби мамандарды іріктеуге мүмкіндік береді деген сенімдеміз.