
Астана қаласында «AMANAT» партиясының бастамасымен ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, Парламент Сенатының және Мәжілістің төрағалары, Үкімет басшысы, Мемлекеттік кеңесші, Орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент депутаттары, облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдері, партия басшылығы мен өңірлік партия филиалдарының төрағалары, еліміздің барлық аймағынан келген 2 мыңнан аса ауыл әкімдері қатысты.
Түркістан облысынан диалог платформа жұмысына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлы Көшеров, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев бастаған 147 делегат қатысты.
Жиында сөз алған Мемлекет басшысы ауылды өркендету, ауыл әкімдері институтын одан әрі жетілдіру міндеттерін айқындады. Cондай-ақ еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелеріне тоқталды.
«- Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше. Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші. Бұл – өте жауапты жұмыс. Ауыл әкімі ауылдың болмысын, ауылдағы ағайынның өмірін жете түсінетін нағыз іскер маман болуы керек», — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама мемлекетті басқару ісін түбегейлі жаңғырту жолындағы аса маңызды қадам болғаны айтылды. Бүкіл еліміз бойынша 2334 ауыл әкімі сайланғаны, олардың орташа жасы – 43 жас екені, жаңадан сайланған әкімдердің үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар екеніне баса мән берілді.
Ауылдағы сайлау саяси партиялардың аймақтардағы жұмысына тың серпін берді деп байыпталды. Саяси ұйымдардың 1500-ден астам өкілі әкім болып сайланғаны, жаңа басшылардың қатарында алты партияның мүшелері бар екені жеткізілді. Ал 700-ден астам азамат өзін-өзі ұсынып, сайлауда жеңіске жеткені айтылды.
«- Сайланған әкімдер жұмысқа кірісіп кетті, жалпы нәтиже жаман емес деуге болады. Ең бастысы, олар жергілікті жұрттың мұң-мұқтажын, шешімін таппай жатқан түйткілдерді жақсы біледі. Ауыл-аймақтың дамуына бөлінген бюджет қаражаты да тиімді игеріле бастады. Ауылдардың кірісі көбейді, мемлекет тарапынан берілетін қаржыға, яғни дотацияға тәуелділік азайып келеді. Жақында жүргізілген сауалнамаға сәйкес ауыл тұрғындарының 84 пайызы өз әкімдеріне сенетіні анықталды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Сондықтан ауыл әкімдерін сайлау үдерісі алдағы уақытта да жалғасын табады», — деп жалғастырды Мемлекет басшысы.
Қазақстан Республикасының Президенті аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралауды тапсырып, басты мақсат – оң нәтижелерге қол жеткізуіміз керек екеніне тоқталды. Елдегі өзгерістердің арқасында мемлекеттік қызметке мүлде жаңа адамдар келіп жатқанына баса мән беріліп, тиімді ұсыныс айтып, пайдалы бастамалар көтеретін, батыл шешім қабылдай алатын азаматтарды, яғни кәсіби тұрғыдан білікті мамандарды мемлекеттік қызметке көптеп тартуымыз қажет екенін атап өтті.
Республика Президенті ретіндегі алғашқы Жарлығы ауылды дамытуға арналғанын айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы, мемлекет ауылды өркендетуге ерекше жауапкершілікпен қарайтынын жеткізді. Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруда кешенді жоспар қабылданғаны айтылды. Осы жұмыстың жалғасы ретінде биыл Үкімет алдағы бес жылға арналған Өңірлерді дамыту тұжырымдамасын бекіткен. Ауылға қомақты инвестиция тарту жұмысы қарқын алған.
2021 жылдан бері ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 864 нысан салынған. Сондай-ақ 388 жаңа мектеп ашылып, өткен жылы 2 мыңға жуық ауыл мектебіне сапалы интернет берілген. Өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі жоғары ауылдардың саны көбейе түскен. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі алты жылда 1,5 еседен астам өсіп, 8,3 триллион теңгеге жеткен. Биыл ауылдағы шаруаларға 1 триллион теңге көлемінде қолдау көрсетілген.
Ауыл әкімдері міндетті түрде білікті маман болуға тиіс деп мәлімдеген Мемлекет басшысы, қазіргі ауыл әкімдерінің 60 пайызға жуығы осы қызметке алғаш рет сайланғанын айтты. Осы бағытта «AMANAT» партиясының бастамасымен «Әкімдер мектебі» жобасы қолға алынғанын жеткізді. Университеттерде оқытылатын «Мемлекеттік және жергілікті басқару» бағдарламасын талапқа сай өзгертуді тапсырды. Ауыл-аймақтарды басқару, көшбасшылық қабілетті дамыту мәселесінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құзырлы министрлікпен бірлесіп, ауыл әкімдерін даярлауға белсенді түрде кірісуі қажет деп белгіленді.