
Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өтті. «AMANAT» партиясының бастамасымен өткен жиында ел басқару ісіне жаңа буын мемлекет қызметшілері келіп жатқаны айтылып, халық таңдауына ие болу – зор мәртебе деп байыпталды. Тұрғындар сенім білдірген азаматтарға үлкен үміт артылатыны, ауылдың өркендеуі ел қуатының артуына қызмет ететіні айтылды.
Президенттің айтуынша, бүкіл еліміз бойынша 2334 ауыл әкімі сайланды. Олардың орташа жасы — 43 жас. Жаңадан сайланған әкімдердің үштен бірі — бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. «Ауылдағы сайлау саяси партиялардың аймақтардағы жұмысына тың серпін берді. Алғашқы Жарлығым да ауылды дамытуға арналды. Биыл Үкімет алдағы бес жылға арналған Өңірлерді дамыту тұжырымдамасын бекітті. Ауылға қомақты инвестиция тартылды. Қазіргі ауыл әкімдерінің 60 пайызға жуығы осы қызметке алғаш рет сайланды. Бұл — жергілікті билік құрамы біршама жаңарды деген сөз. «Әкім болдым, толдым» деп отыруға болмайтыны түсінікті. Әкімдер өздерінің мықты басшы екенін іс жүзінде дәлелдеуі керек. Уәдесін орындамайтын, міндетін дұрыс атқармайтын ауыл басшысын қызметінен босату тетіктері қарастырылуы қажет. Ондай әкімдер халықтың талабымен немесе саяси партиялардың ұсынысымен жұмыстан шығарылуға тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, төртінші деңгейлі бюджет енгізілгеннен бері (2018 жыл) ауылдық округтердегі түсім төрт есе ұлғайып, 130 миллиард теңгеден асты. Оң өзгеріс байқалады. «Цифрлық Қазақстанды ауылдар мен ауылдық округтерсіз құру мүмкін емес. Өркениет көшінен қалмай, технологиялық жаңғыруды жылдамдату қажет. 2029 жылға дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасына 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуге баса мән беру керек. Алдымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуымыз қажет. Мемлекеттік саясатты халыққа жеткізетін де, елдегі өзгерістердің, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың мән-маңызын жан-жақты түсіндіретін де — әкімдер. Мен Сіздерге зор үміт артамын. Мемлекет әрдайым ауылды қолдайды. Себебі ауыл — ұлтымыздың өзегі. Ауылды жаңа көзқараспен, озық оймен, жаңартылған тәсілдермен бірге дамытуымыз керек. Мен ел Президенті ретінде бұл мақсатты орындау үшін барлық күш-жігерімді саламын», — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ауыл әкімдерінің басын біріктірген диалог-платформа аясындағы панельдік сессияларда ауыл әкімдері орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына, Парламент өкілдеріне аймақтардағы өзекті мәселелер туралы тікелей сауалдар қоюға мүмкіндік алып, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, жастардың ауылда қалуына жағдай жасау бағыттарында пікір алмасты.
Маңызды басқосуға қатысқан ауыл әкімдерінің бірі – Бәйдібек ауданы, Бөген ауылдық округінің әкімі Қанат Қонысбеков. Ол 2024 жылғы 6 мамырда өткен сайлауда жеңіске жетіп, ауыл әкімі лауазымын иеленді. Жұмыста жеткен табыстарының нәтижесінде «2025 жылдың үздік ауыл әкімі» номинациясына лайық деп танылды.
«- Мемлекет басшының қатысуымен өткен еліміз үшін аса маңызды іс-шараға қатысу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл басқосу ауылдың өзекті мәселелерін талқылауға, нақты шешімдер қабылдауға арналған маңызды алаң болды. Күрделі шешімдерді қажет ететін мәселелерді министрлердің, Парламент депутаттарының назарына жеткізуге мүмкіндік алдық. Мемлекет басшысы атап өткендей, ауылдың дамуы – аймақтың, ал аймақтың дамуы – бүкіл елдің өркендеуіне ықпал етеді. Сондықтан мен халық сайлаған өкіл ретінде ауылды кешенді түрде дамытуға, жаңа жобалар әзірлеуге, ауылға инвестор тартуға, ауыл жастарына қолдау көрсетуге бар күш-жігерім мен тәжірибемді жұмсаймын», — деді Қанат Тәттібекұлы.
Атап өтуіміз керек, Бөген ауылдық округіне 5 мыңнан астам тұрғыны бар 4 елді мекен кіреді. Ауылдық округке бекітілген егістік жерді игеру жоспары 12500 гектар болса, бүгінгі күнге нақты 13,8 мың гетар игеріліп, жоспар 104,5 пайызға артығымен орындалған. Сондай-ақ жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің техникаларын жаңарту жоспары толығымен орындалып, 5 бірлік техника алынған.
Тұрғындардың талап-тілегін орындауда мал басын санын арттыруға кешенді қолдаулар көрсетіліп, ағын су мәселесін реттеу, су арналарын тазарту жұмыстарына басымдық берілген. Округ бойынша барлығы 303 агроқұрылым жұмыс жүргізсе, осы құрылымдарға қарасты 16 кәсіпкерлік нысаннан түсетін салық төлемдерінің ашық болуына қол жеткізілген.
Ауыл экономикасына тартылған инвестицияға қолдау көрсетуде құны 6 млрд.-тан асатын мақта зауытын салу үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Жергілікті тұрғындар арасында балық шаруашылығын дамытуға басымдық берілген. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде ауылдық округке қарасты барлық елді мекендерде 45 мәрте тазалық іс-шаралары өткізіліп, 63 тоннаға жуық күл-қоқыс полигондарға тасымалданған. Ауыл әкімі бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасын табады деп нық сеніммен айтты.
Қанат Қонысбеков ел үшін еңбек ету – құрмет, ауыл үшін еңбек ету –аманат деген пікірде. Жиында талқыланған мәселелер ауыл әкімдерінің алдағы жұмыстарының нақты бағдары болады деген сенімде.