
Ел ертеңінің қандай болмағы бүгінгі жастардың алған білімі мен көрген тәрбиесіне байланысты дейтін болсақ, бұл ретте бала тәрбиесімен айналысатын мұғалім-тәрбиешілерге артылар жүктің де салмағы жеңіл болмаса керек. Әрине, бар жауапкершілікті мектептегі мұғалім мен жоғары оқу орындарындағы ұстаздарға артып қоюға болмас, дегенмен, негізгі жұмысы осы саламен тікелей байланысты болғандықтан, бұл мәселеге біз, яғни педагогтар көбірек көңіл бөлуіміз керек.
Бүгінгі таңда адал адамды қалай қалыптасырамыз деген мәселе күн тәртібінде тұр. Өйткені, көп нәрсе осыған барып тіреледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде адал адам әділетті қоғамның негізгі тірегі екеніне тоқталып, жас ұрпақты осылай қалыптастыруға басымдық беру қажеттігін баса айтты.
Иә, адалдық – адамның ең бағалы қасиеті. Адал азамат тек заңға ғана емес, ең алдымен, ар-ұятына бағынады. Ол өтірік айтпайды, ұрлық жасамайды, ешкімге қиянат, зиян келтірмейді. Мұндай адамға халық сенім артады, ел құрметтейді. Қоғамда адал адамдар неғұрлым көп болса, өмір сүру де соғұрлым жеңіл болады. Мысалы, қазір алаяқтардың қаптап кеткені сонша, адамдар айналасында жүрген жандарға да күмәнмен, күдікпен қарайтын жағдайға жетті. Әлеуметтік желілер арқылы танысып, бірін-бірі сазға отырғызып кетіп жатқандар да жоқ емес. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей, кейбір жүрісі сұйық пенделердің кесірінен адамдар бір-біріне сенуден қалды. Бірақ, ақиқаттың ертелі-кеш айтылатыны сияқты, алаяқтық пен аярлықтың, пендешілік пен пасықтықтың әйтеуір бір әшкере болатынын да өмір көрсетіп отыр. Осы ретте адалдықты, туралықты әркім өзінен бастағаны жөн. Мысалы, мұғалімдердің адалдығы – білім беру сапасының кепілі болса, дәрігердің адалдығы – адамның өмірі үшін маңызды. Мемлекеттік қызметшілердің адалдығы елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатына әсер етеді. Ал, жас буынның адалдығы қарапайым істерден бастау алады. Шыншыл, досқа адал болу, үлкенге көмектесу – осының бәрі адалдықтың бастауы болып саналады.
Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруы тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс істеуге тиіс» деген болатын.
Жалпы, адал азамат болу кез келгеннің қолынан келе ме? Енді осы мәселеге біршама тоқтала кетейік. Ондай асыл қасиет бүкіл адам баласына тән болғанымен, сол ізгі мұратты біз өн бойымызға сақтап, жүрекке, санаға сыйдыра аламыз ба деген сұрақ кез келгенімізді ойландыратыны анық. Мұның бәрі сайып келгенде, жастардың көрген тәрбиесі мен алған біліміне байланысты. Ендеше, адал адамдарды қалыптастыру жолында тәрбие ошақтары көбірек еңбектеніп, көбірек тер төгулеріне тура келеді. Бұл еңбектің өтеуі ретінде әділетті қоғам қалыптастыруға болады.
Клара БӨРІБЕКОВА,
Шардара қаласындағы №12 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі.