ТҮРКІСТАН: ДЕПУТАТТАР ХАЛЫҚ МҮДДЕСІН КӨЗДЕЙДІ


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау жүйесіне енгізген өзгерістері Парламентте саяси партиялар санын көбейтіп, бір мандатты округтен депутаттардың сайлануына жол ашты. Қазір Мәжілісте сайдың тасындай елшіл депутаттар аз емес. Бұл – «ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» қалыптастыруға бағытталған қадам.
Апта сайын Үкіметке өзекті мәселелер жөнінде депутаттық сауалдар жолданады. Баршаға белгілі, депутаттар халық мүддесін көздейді. Үкімет өз позициясын ұстанады. Мұнда халық мұңына құлақ асатын мемлекет құруға бастайтын бастамалар көтеріліп, әсіресе заңдарды түзеп, республикалық бюджеттен облыстарға қаржы тарту үшін тартысты күндер өтіп жатыр. Қазіргі Мәжілістің аяқ алысы жақсы, олар өткір сын айтудан, маңызды мәселелерді көтеруден тартынбайды. Өйткені, әрбір депутаттың артында мыңдаған сайлаушы мен сенім артқан партия тұр. Мәжіліс өз миссиясын дұрыс атқарып келеді деп есептеймін.
«Жалпы, алдағы бесжылдық шағын және орта бизнесті қолдауға арналуы керек. Ұлттық жобалар уақтылы және сапалы жүзеге асырылуға тиіс. Бюджеттің әрбір тиыны тиімді жұмсалуы керек. Осының бәріне парламенттік бақылау жасау айрықша маңызды. Өздеріңізге дауыс берген азаматтар үлкен үміт күтіп, сенім артып отыр. Депутаттар билік пен қоғамның әріптестігін нығайтуға үлес қосуы қажет. Бұл жұмыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орнықтыруға септігін тигізеді. Әсіресе, сайлауда жеңіске жеткен «Amanat» партиясы осы жұмысқа белсене атсалысады деп сенемін. Партияның тәжірибесі мол, қоғам тарапынан жан-жақты қолдау бар. Сондықтан «Amanat» партиясы алдағы өзгерістердің бел ортасында болады деп үміттенемін» деп Мемлекет басшысы сенім артқан соң оның көтерген барлық бастамасы дереу назарға алынып, жүзеге асырылып жатқаны белгілі.
Айталық, VIII шақырылымның ІІ сессиясынан бастап фракция мүшелері жетекшілік еткен 33 заң жобасына Президент қол қойды. Қазірдің өзінде Мәжілістің қарауына қабылданған заңдар аз емес. Алдымызда Салық кодексі, сот жүйесі мен құқықтық заңнамалар, банк туралы құжаттарды әзірлеу сияқты жауапты жұмыстар күтіп тұр. Әріптестер Парламент заң шығарушы орган болғандықтан, заң жобаларын тек депутаттардың әзірлеуі мәселесін көтеріп жатыр. Мұны халық та құптап отыр. Мемлекет басшысының да Парламент пен партияға артқан сенімі зор. Оны ақтау – ел үмітін ақтау. Кейінгі жылдары орын алып жатқан оң өзгерістерге біреу сеніп, біреу сенбей жатыр. Десек те, көп нәрсенің өзгеріп жатқаны – ақиқат.
Президент тапсырмасының бәрі де – депутаттардың назарында. Мысалы, бюджет тапшылығын жабуға арналған кешенді іс-шаралар легінің қашан дайын болатыны белгісіз. Белгілісі, Мемлекет басшысының түрлі төлем, салық, айыппұл, кәсіпкерлікті қолдауға бөлінген ақшаның есебінен емес, экономикалық даму жолдарын табумен толтыру тапсырылған. «Ауыл аманаты» жобасы ауыл шаруашылығы саласындағы даму жоспарының бірі екенін атқарушы билік ұмытпаса екен. Себебі, бұл төмен пайызды несиеге сұраныс қала тұрғындары тарапынан да туындап отыр. Келешекте бұл мәселені шешуді де назарға алу керек.
«Amanat» партиясы аз уақытта ауқымды істер атқарды. Азаматтардың маңызды мәселелерін шешу үшін 13 партиялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жыл басында болған су апатынан зардап шеккендерге алғашқылардың бірі болып партия көмек көрсетті. Қай жағынан қарасақ та игі істердің басы-қасында «Amanat» партиясы жүр.
Президент тапсырмасы мен мемлекеттік саясатты іске асыруда «Amanat» партиясы үлкен рөл атқарады. Себебі, партияның бағыт-бағдары Президенттің сайлауалды бағдарламасымен қабысады. Сондықтан партия ел үшін дамылсыз еңбектеніп жатыр. Күн сайын партияда қоғамдық қабылдау өтіп, азаматтардың арызы бойынша талдау жасалып, зерттеу жүргізіледі. Өзектілігіне қарай шешім қабылданып, тіпті заңға өзгерістер енгізуге ұсынылады. Мәселен, «Amanat» партиясы фракциясының мүшелері Сенатқа жолдаған 45 заңға 2 030 түзету енгізсе, апта сайын Үкіметке депутаттық сауалдар жолданып, 500-ге жуық мәселе көтерген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты партия қатарынан бас тартады деп ешкім ойламаған. Сол сияқты әкімдер де партия филиалдарына төрағалық етпейтін болған. Бұл – бұрынғыдай билік пен партия бір жақ, халық бір жақ болмау үшін, қоғам мен депутаттардың арасын жақындатып, халықтың билікке деген сенімін арттыруға жасалған қадам. Партия мен Мәжілістің дұрыс бағытта жұмыс істеуі басшының біліктілігіне байланысты. Бұл тұста «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың еңбегі елеулі екенін айтқым келеді. Мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға атсалысу екінің бірінің қолынан келмейді. Сондықтан бұл мәселе сенімді қолда деп есептеймін. Әрбір депутатқа сенім білдірген сайлаушылар бар. Олардың дені – партия қатарынан сайланғандар. Президент айтқандай, ықпалды Парламент қалыптасуы үшін өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын партияластар керек. Жер-жердегі депутаттар басшылыққа қарап сап түзеуге тиіс. Сайып келгенде, бәріміздің көздегеніміз – елдің өсіп-өркендеуі.
Қайрат БАЛАБИЕВ,
Мәжіліс депутаты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы