
Сарбазға қатысты сан сауалға жауап
Енді елімізде жиі талқыланатын өзекті мәселенің біріне кеңірек тоқталайық.
Әскерге кеткен баласын уайымдамайтын ата-ана жоқ. «Оларға тәрбие қалай беріліп жатыр, күш қолданып жатқан жоқ па?» деген секілді сұрақтар көкейлерін тесіп жатқаны да анық. Ендеше, осы тұрғыда не істелініп жатыр?
Қазір сарбаздардың ата-аналарына арналған Ашық есік күні өтетінін ел-жұрт жақсы біледі. Сондай-ақ, жас жауынгерлер «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі арқылы сөйлесетіні тағы бар. Бұдан өзге, Қорғаныс министрлігі тарапынан ұйымдастыратын пресс-турлар арқылы да журналистер, тіпті халық қалаулылары сарбаздардың тыныс-тіршілігін көзбен көріп қайтады. Олар бүгінде әскери бөлімдердегі нақты жағдайды біліп отыр. Мәселен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек «Бұқаралық ақпарат құралдарында әскерге деген теріс көзқарасты тым әсірелеп көрсетіп жатыр, шын мәнінде көзімізбен көргеніміз басқаша. Қазір сарбаздарды мәпелеп, бар жағдайды жасап қойған. Бұл сөзім рас. Тағы да айтамын, сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Қаржылай, азық-түлік, киім-кешекпен толыққанды қамтамасыз етілген. Одан бөлек, арнайы сарбаздар үшін аптаның сенбі, жексенбі күндері отбасымен бейнеқоңырау шалу уақыты қарастырылған. Қызмет өткеретін барлық жерді 24/7 бейнебақылау жүйесі қадағалайды. Бүгінгі таңда сол бейнебақылау жүйелеріне жасанды интеллект енгізіліп жатыр. Мұның артықшылығы, онда бейнеге түскен әскерилердің көңіл-күйіне дейін айқындалады.
Жалпы, жастарға әскерге дейін де, оны өткеру кезінде де жағдай жасалып отыр. Армияда жүргенде алаңдамасын деп мойнындағы несиесіне 13 ай көлемінде демалыс беріледі. Әскерге дейін еш мамандығы болмаған жастар бірқатар техникалық мамандықтарды меңгеріп келуіне де мүмкіндігі бар. Ол аз десеңіз, бір жыл ішінде тәртіпті болған сарбаздар еліне оралған соң жоғарғы оқу орындарына еш сынақсыз тегін түсіп кете де алады. Осылайша тізе берсек, жасалып жатқан жағдайлар жетіп-артылады.
Ал енді, әскерге шақыру шарасына қатысты нақты ақпараттарды алға тартайық. Қазір күзгі әскерге шақыру науқаны аяқталды. ҚР ҚК БШ Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің мәліметінше, биыл жалпы 42 098 азаматты әскери қызметке шақыру жоспарланған. Көктемде оның 20 130-ы, күзде 21 968 адам әскерге шақырылған. Желтоқсанның 18-іне дейін жоспар 85% орындалды және ол жалғасады. Қазіргі уақытта Ішкі Істер министрлігіне, Ұлттық Ұланға азаматтарды әскерге тарту жүргізіліп жатыр. Осылайша, күзгі әскери шақырылым барысында 22 мыңға жуық жас әскер қатарына қосылып отыр.
Р.S. Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, мемлекет тарапынан мерзімді әскери қызметті өтеуге деген көзқарастың жақсаруына себеп болатын қомақты істер атқарылып жатқанын естен шығармағанымыз жөн. Осы орайда қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген аталы алға тарта кетейік. Өйткені, темірдей тәртіпке шыңдалған ұрпақ қана елдің ертеңгі қорғаны болары хақ.
Ерлібай ӨЗБЕКБАЙҰЛЫ