ТҮРКІСТАН: БІРЛІК, ТӘЛІМ ЖӘНЕ ҰРПАҚ САБАҚТАСТЫҒЫ


Қазіргі қоғамда жастардың рухани дамуы, өмірлік бағдарын айқындауы мен азаматтық ұстанымының қалыптасуы – мемлекет пен қоғам үшін аса маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе, ұлтаралық татулық пен этномәдени келісім идеялары жас буынның санасына терең сіңірілуі тиіс. Осы орайда Түркістан қаласында жүзеге асырылып жатқан тәрбиелік, танымдық іс-шаралар қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады.
Осы мақсатта Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктерге арналған, жас буынның рухани дамуына және өмірлік тәжірибе алмасуына бағытталған мазмұнды кездесу өткен болатын. «Танымал тұлғамен жүздесу» тақырыбымен ұйымдастырылған бұл басқосу өңірдегі ұлтаралық бірлікті нығайтуға, этномәдени құндылықтардың қоғамдағы маңызын кеңінен түсіндіруге арналды.
Шараға Түркістан жастары, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Ассамблея жастары» қозғалысының және Студенттік Ассамблеяның мүшелері белсенді қатысып, еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды. Кездесу форматы жастар мен танымал тұлғалар арасындағы ашық диалогқа құрылып, тағылымды әңгімелер мен өмірлік кеңестерге толы болды.
Іс-шараны Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек жүргізді. Кездесу барысында өңірге белгілі, түрлі салада табысқа жеткен танымал тұлғалар сөз сөйлеп, өз өмір жолы мен кәсіби тәжірибесі арқылы жастарға бағыт-бағдар берді. Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», медицина саласының ардагері Шора Исмолдаев адал еңбек, адамгершілік пен дәрігерлік жауапкершіліктің қоғамдағы маңызын сөз етсе, тәжірибелі журналист Бейсенкүл Нарымбетова ақпараттық кеңістіктегі этика, шынайылық пен сөз мәдениетінің рөліне тоқталды.
Ал дзюдодан Азия чемпионы Дидар Хамза мен асық атудан әлемдік додалардың жеңімпазы Алмас Қарабаев спорттың ұлт пен ұлысқа бөлмейтін, керісінше, халықтарды жақындастыратын күш екенін атап өтті. Олар спорт арқылы тәртіпке, төзімділікке және өзара құрметке тәрбиелеудің маңызын жеткізді. Сонымен қатар Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дилноза Омарова этномәдени ортада кәсіпкерлікті дамытудың мүмкіндіктері мен әйелдердің қоғамдағы белсенді рөлі жөнінде ой қозғады.
Этномәдени құндылықтар – қоғамдағы тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің берік іргетасы. Түркістан қаласында бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Этномәдени бірлестіктердің бастамаларына қолдау көрсетіліп, мәдени фестивальдер, пікір алмасу алаңдары, тәрбиелік-танымдық кездесулер тұрақты ұйымдастырылуда. Осы тұрғыда «Достық үйі» түрлі этнос өкілдерінің өзара ықпалдастығына, рухани жақындасуына мүмкіндік беретін маңызды орталыққа айналып отыр.
Кездесу соңында жастар ашық пікір алмасып, өздерін толғандырған сұрақтарын танымал тұлғаларға қойды. Сондай-ақ қатысушылардың бірге асық ойнап, естелік суретке түсуі ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық ойындар арқылы бірлікті нығайтудың жарқын үлгісіне айналды. Мұндай бейресми сәттер жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, ортақ рухани кеңістікті қалыптастыруға ықпал етеді.
Қорытындылай келе, Түркістан қаласында өткен бұл кездесу – жастардың рухани дамуына, этномәдени келісім идеяларын терең түсінуіне бағытталған тағылымды әрі маңызы зор шара болды. Танымал тұлғалардың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі жас буынға сенім мен шабыт сыйлап, қоғамдағы жауапкершілігін арттырды. Алдағы уақытта да Түркістанда ұлтаралық бірлік пен этномәдени келісімді нығайтуға бағытталған осындай бастамалар жалғасын тауып, ел бірлігін бекемдеуге қызмет ете бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы