ТҮРКІСТАН: ЕРЛІГІМЕН ЕЛГЕ ҮЛГІ БОЛҒАН


Ботабай Садықов 1916 жылы 10 ақпанда Сайрам ауданы, Сайрам ауылында қарапайым жұмысшы-шаруа отбасында дүниеге келген. Сайрам ауылындағы мектептің 7-сыныбын бітіріп, еңбек жолын Сайрам МТС-ында бастаған.
Ол 1939 жылы қыркүйек айында Қызыл Армия қатарына шақырылып, Орталық майданның 60-шы армиясы құрамындағы 1-ші гвардиялық қызыл тулы Глухов артиллериялық дивизиясы (РГК), 3-ші гвардиялық Бахмач жеңіл артиллерия бригадасы, 167-ші гвардиялық қызыл тулы жеңіл артиллериялық полкінің 2-ші атқыштар батареясының командирі болған. Оңтүстік-Батыс, Сталинград, Дон, Орталық майдандарда соғысады.
Ботабай Садықов туралы соңғы кезде жүргізілген зерттеулер нәтижесінде тың деректер табылды. Сол деректерге қарағанда, Садықов алғашқы марапатын Сталинград түбінде алған. Дәлірек айтқанда, Калачев ауданы, Илларионовка қыстағында (қазіргі Илларионовский кеңшары) 1942 жылы 6 желтоқсанда болған ұрыста оны Бас қолбасшылық резервінің 468-ші танкке қарсы жойғыш полкінің командирі, майор Будко КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының атынан «Ерлігі үшін» медалімен марапаттайды. Марапаттау бұйрығында: «1-ші батареяның дәлдеушісі, сержант Садықов Ботабай 1942 жылы желтоқсанның 8-інен 9-ына қараған түнде өзінің зеңбірегімен нысанаға дәл тигізу арқылы бір неміс танкісін талқандап, екіншісін атып, істен шығарды. Танктен шыққан немістің экипаж мүшелерін дәл бағытталған бытыралы зеңбірек оғымен жер жастандырды, тірі қалғандары бей-берекет қашты. Осы ерлігі мен мергендігі үшін
Б.Садықовты «Ерлігі үшін» медалімен марапаттаймын. БҚР-нің 468-ші жеңіл артиллериялық полкінің командирі, майор Будко. 1942 жыл 10 желтоқсан» деп жазылған.
Ал, 1943 жылдың 16 маусымында тағы да Будконың қолынан «зеңбірегімен неміс басқыншыларының қару-жарақ тиеген екі жүк машинасы мен екі взводқа жуық солдаттары мен офицерін жер құштырғаны үшін» «Батылдығы үшін» медалін алған.
Сол жылы «Бес қорған» ауданы маңында болған ұрыста үш мәрте жаудың түнгі шабуылын тойтарып, бірнеше танкісін, бір машина фрицті, 23 блиндаж мен ДЗОТ-ын жойғаны үшін 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған.
Ботабай Садықов «Чернигов-Припят» операциясына да қатысқан. 1943 жылдың 23 тамызында басталған операция кезінде Кеңес әскерлері немістер қорғанысының 20-25 шақырымын басып алып, Севск аймағы мен Глухов қаласын толық азат етті. Одан кейін 3 қыркүйекте тағы да жаппай шабуылға шығып, 20 тәулікте Новгород, Северский, Десна мен Сейм өзені жағалауларын, Конотоп, Бахмач, Нижин өңірлерін жаудан тазартып, нәтижесінде Днепрге қарай жол ашылады.
«Чернигов-Припят» операциясы Днепр үшін шайқастағы бірінші кезеңдегі ең үлкен жеңіс болды. Осы жеңістің арқасында Воронеж майданының әскерлері Днепр жағалауына жетеді. Днепрге бірінші болып жеткен және сол маңдағы қалаларды азат еткен көптеген құрамалар мен бөлімшелерге «Севский», «Чернигов», «Бахмач», «Конотоп», «Нежинский», «Новгород-Северский» деген құрметті атақ беріледі. Сондай құрметті атақтың бірі Садықов қызмет ететін дивизия құрамындағы 3-ші жеңіл артиллерия бригадасына да берілген. Ботабай аталған бригаданың құрамындағы 167-ші гвардиялық қызыл тулы жеңіл артиллериялық полкінің 2-ші атқыштар батареясының командирі еді.
Дегенмен, Ботабай Садықов Кеңес Одағы Батыры атағын Днепр үшін шайқастың екінші кезеңінде – 1943 жылғы 26 қыркүйек пен 20 желтоқсан аралығындағы Төменгі Днепр стратегиялық операциясы кезінде алған.
Қорғаныс министрлігінің Орталық мұражайында Садықовты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну туралы «Марапаттау парағында» (фонд: 33, опись: 793756; дело: 42):
«Гвардия аға сержанты, 2-ші атқыштар батареясының командирі, жолдас Садықов Батыбай (Ботабай) неміс басқыншыларына қарсы батыл, ержүрек және қаһармандықпен шайқаса білетін полк құрамындағы үздік кіші командирлердің бірі болды. Садықов жолдастың есебінде 13 атып қиратылған және өртенген танк, 2 артиллериялық және 3 минометті батарея, 23 ДЗОТ пен блиндаж, жаудың екі батальоннан астам жаяу әскері бар. Жолдас Садықов Днепр өзенінің оң жағалауындағы Губин қыстағы аумағында немістердің қарсы шабуылына тойтарыс бере отырып, жаудың 8 пулемет ұясын, 3 танкке қарсы қаруын, 1 миномет батареясының көзін жойды. Бұл шайқаста Садықов жолдастың нысананы дәл көздеп, мергендікпен атқан оқтарының нәтижесінде фашистер 2 ротаға жуық солдаттары мен офицерлерінен айырылды. Неміс басқыншыларының тегеурінді, қыспаққа ала тықсырып жасаған тоқтаусыз шабуылына қарамастан жолдас Садықов бір метр де шегінбеді және сол арқылы біздің жаяу әскерлердің алған бекініс орындарын сақтап, олардың орныққан орындарын ұстап қалуын қамтамасыз етті.
Жолдас Садықов жоғары үкіметтік марапат – Кеңес Одағының Батыры атағына лайық.
167-ші гвардиялық қызыл тулы жеңіл артиллериялық полкінің командирі, гвардия подполковнигі Будко. 12.10.1943.» деп жазылған.
Б.Садықов Днепр үшін шайқастан кейін Житомир өңірі мен «Припять батпақтары» аймағын, Ровно мен Луцк қалаларын, Шығыс Пруссия жерін азат ету ұрыстарына, «Львов-Сандомир» операциясына, Буг, Сан, Висла өзендері мен Львов – Варшава бойындағы Львов, Перемышль, Плугов, Зборов, Колтов (Тернопольдің солтүстік-батысы), Западный Буг пен Брода, сондай-ақ Шидлув, Стопница, Новы-Корчин аймақтарында және Глиник пен Кросно өңірлерінде болған ұрыстарға қатысады.
Ержүрек гвардияшыл-зеңбірекші Ботабай Садықов Кеңес Армиясы қатарынан босаған соң туған ауылы Сайрамда тұрады. «Қазсельхозтехниканың» аудандық бөлімшесінде бас есепші, ауылдық Кеңес төрағасы қызметтерін абыроймен атқарып, құрметті зейнеткерлікке шығады. 1992 жылы 18 қаңтарда қайтыс болып, туған ауылына жерленген.
Қазыбек ТӘЖИЕВ,
фольклорист, тарихшы, өлкетанушы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы