
Қоғамның тұтастығы мен мемлекеттің берік іргесі, ең алдымен, азаматтардың отаншылдық санасымен өлшенеді. Ұлттың болашағы саналатын жас ұрпақтың бойына елге деген сүйіспеншілік, туған жерге құрмет пен тарихи жадыны сіңіру – кез келген өңір үшін стратегиялық маңызы бар міндет. Осы тұрғыда Түркістан облысында патриоттық тәрбиені жүйелі түрде жаңғыртуға бағытталған жұмыстар жаңа серпін алып отыр.
Осы мақсатта былтыр облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен арнайы жиында патриоттық сана мен халықтық құндылықтарды насихаттауға арналған іс-шараларды жандандыру мәселелері жан-жақты талқыланған болатын. Алқалы басқосуға облыстық қоғамдық даму, білім және мәдениет басқармаларының, облыстық жастар орталығы мен қалалық ішкі саясат бөлімінің жауапты өкілдері қатысып, жастар арасында елжандылықты арттыруға бағытталған нақты жоспарлар ұсынылды.
Жиында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбіл алдағы кезеңге жоспарланған патриоттық жобалар туралы баяндама жасап, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға басымдық берілетінін атап өтті. Оның айтуынша, мектептер мен колледждерде «Туған жерге – тағзым», «Жігерлі жас» секілді патриоттық-танымдық жобалар тұрақты түрде өткізілмек.
Бұл бастамалар аясында жастарды туған өлкенің тарихи орындарымен таныстыру, батырлар мен рухани тұлғаларға арналған экспозициялар ұйымдастыру, шығармашылық шеберлік сабақтарын өткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар, «Тарих парағы» айдары арқылы ай сайын бір киелі мекен немесе белгілі тарихи тұлғаға арналған таныстырылымдар өткізу жоспарланған. Мұндай формат өткен мен бүгінді сабақтастырып, жастардың ұлттық жадысын тереңдетуге бағытталған маңызды қадам болмақ.
Облыстық жастар орталығы да бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізуге дайын. Патриоттық клубтар құрылып, олардың аясында әскери-патриоттық даярлық жобалары іске асырылмақ. Саптық дайындық, әскери жаттығулар, «Менің азаматтық дәптерім» эссе байқауы, сондай-ақ «Ел қорғаушысы күндері» секілді тағылымды акциялар өңірдің барлық 12 ауданын қамтиды.
Жастар орталығының басшысы атап өткендей, патриоттық тәрбиенің бастауы мектеп қабырғасынан қалыптасуы тиіс. Себебі жасөспірім кезеңде сіңірілген құндылықтар адамның бүкіл өмірлік ұстанымына айналады. Осыған орай, ай сайын мотивациялық тренингтер өткізу арқылы жастардың азаматтық белсенділігін арттыру көзделіп отыр.
Жиын барысында мәдениет саласының өкілдері де бірқатар мазмұнды жобаларды таныстырды. «Өңірлер тарихы ізімен» атты қойылымдар, «Домбырадан жүрек жаралатын» байқаулары мен этнографиялық экспедициялар арқылы ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді насихаттау басты назарға алынбақ. Бұл шаралар ауылдық жерлердегі мектептер мен мәдениет үйлерінде өткізіліп, кең ауқымды аудиторияны қамтиды.
Сонымен қатар облыстық қоғамдық даму басқармасы өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп «Отан заңы – жүректегі ұраным» атты журналистік акцияны іске қосуды жоспарлап отыр. Аталған жоба арқылы жастардың патриоттық бастамалары мен елжандылыққа негізделген нақты істері кеңінен насихатталмақ.
Жиын қорытындысында тактикалық жоспарлар нақтыланып, әр ауданға жауапты мамандар бекітілді. Патриоттық іс-шаралар енді бір реттік науқан ретінде емес, жыл бойы үздіксіз өткізілетін тұрақты форматқа көшеді. Әр мектепте әскери-патриоттық клубтар жұмыс істеп, әлеуметтік желілерде жастардың оң тәжірибесі кеңінен таратылады. Сонымен бірге өңірдің туристік нысандарына оқу-танымдық экскурсиялар ұйымдастыру арқылы отаншылдық пен туризмді ұштастыру көзделіп отыр.
Жалпы, Түркістан облысында қолға алынған бұл бастамалар патриоттық тәрбиені жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталғанын көрсетеді. Бұрын қысқа мерзімді іс-шаралармен шектеліп келген жұмыс енді жүйелі, кешенді әрі нәтижеге бағытталған сипат алып отыр. Мектеп, жастар орталығы, мәдениет және ақпараттық кеңістік бір арнаға тоғысып, тұлға тәрбиелеудің жаңа үлгісі қалыптасуда.
Бұл серпін өңірдегі жастар әлеуетін ашып қана қоймай, елге адал, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, қоғамдық жауапкершілігі жоғары жаңа буынның қалыптасуына жол ашады. Ал мұндай ұрпақ – Қазақстанның тұрақты дамуы мен жарқын болашағының басты кепілі.