
Түркі дүниесінің алтын діңгегі саналатын Түркістан – ғасырлар бойы рух пен өркениет тоғысқан, тарих пен тағдыр сабақтасқан қасиетті мекен. Бұл шаһар тек өткеннің куәсі ғана емес, бүгінгі Қазақстанның бейбіт өмірі мен қоғамдық тұрақтылығын айшықтайтын маңызды орталықтардың бірі. Қасиетті қала көшелеріндегі тыныштық пен тәртіп, туристер мен тұрғындардың қауіпсіздігі – көзге көріне бермейтін, бірақ аса жауапты қызмет атқарып жүрген сарбаздардың еңбегімен қамтамасыз етіледі.
Солардың қатарында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұланның 5574 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген қатардағы жауынгер Шахбоз Сатыбалдиевтің өнегелі жолы ерекше назар аудартады. Оның тағдыры – көпұлтты Қазақстан қоғамындағы татулықтың, өзара құрмет пен ортақ құндылықтарға адалдықтың жарқын көрінісі.
Астана қаласынан әскерге шақырылған жас сарбаздың ұлты – тәжік. Алайда Шахбоз үшін Қазақстан – қызмет атқаратын ғана емес, жүрекпен қабылдаған Отан. Әскери борышын өтеу барысында ол мемлекеттік тілді терең меңгеріп, қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүріне айрықша ықылас танытып келеді. Бүгінде оның қоржынында алты тіл бар: қазақ, өзбек, тәжік, түрік, орыс және кәріс тілдері. Бұл – жай ғана қабілет емес, үлкен еңбектің, табандылық пен мәдени ашықтықтың нәтижесі.
— Әр тіл – тұтас бір халықтың рухы мен дүниетанымының айнасы. Тілді үйрену арқылы сол ұлттың болмысын, мінезін, тарихын түсінесің. Қазақ тілі мен үшін тек қызметтік қажеттілік емес, бұл – мені өз бауырына басқан елге деген құрметім мен алғысымның белгісі, — дейді Шахбоз.
Түркістан – әлем туристері үздіксіз ағылатын халықаралық рухани орталық. Қаладағы тарихи-мәдени нысандарға шетелден келген қонақтарға бағыт-бағдар беріп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде бірнеше тіл білетін сарбаздардың маңызы зор. Осы тұрғыда Шахбоз Сатыбалдиевтің білімі мен білігі қызмет барысында нақты пайдасын тигізіп келеді.
— Көшеде қызмет атқару кезінде шетелдік туристер жиі сұрақ қояды. Кейде жол сұрайды, кейде тарихи орындар жайлы білгісі келеді. Сол сәтте бірнеше тіл білу үлкен көмек. Адамдардың алғысын есту – біздің қызметтің ең үлкен марапаты, — дейді ол.
Жас жауынгердің жауапкершілігі мен тәртіпке беріктігі 5574 әскери бөлімінің офицерлері мен командирлері тарапынан жоғары бағалануда. Ұжым ішінде ол тек тәртіпті сарбаз ғана емес, өзгелерге үлгі болатын тұлға ретінде танылып отыр. Өзге ұлт өкілі бола тұра, Қазақстанға деген шынайы патриоттық сезімімен, көптілділігімен ол бірліктің нақты бейнесін көрсетіп келеді.
Айта кету керек, 5574 әскери бөлімінің жауынгерлері жыл басынан бері Түркістан қаласы аумағында 300-ден астам құқық бұзушылықтың алдын алып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде табандылық танытып отыр. Бұл істе Шахбоз Сатыбалдиевтің де үлесі аз емес.
Қорытындылай келе, Шахбоз сынды білімді, жігерлі әрі көптілді жастар – ел болашағының берік тірегі. Олар – ұлттар арасындағы татулықтың тірі дәлелі, бейбіт өмір мен қоғамдық тұрақтылықтың алтын арқауы. Түркістан төрінде қызмет атқарып жүрген бір ғана сарбаздың тағдыры Қазақстанның көпұлтты қоғамындағы өзара түсіністік пен патриоттық тәрбиенің өміршеңдігін айқын көрсетеді. Оның өнегелі жолы – жас буынға бағыт-бағдар беретін, ел бірлігіне сенім ұялататын шынайы өмір сабағы.