ТҮРКІСТАН: ЖАУЫНГЕРГЕ ЖАСАЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІК ЖЕҢІЛДІК

Бүгінгі жастар Отан алдындағы парызын өтегеннен гөрі жоғары оқу орындарына түскенді немесе жұмыс істегенді қалайды. Дегенмен, Отан алдындағы борышын өтеп, жоғары білім алғысы келетін жастарға бүгінде мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отырғанын еске салғымыз келеді. Ерзат ҚАРЖАУБАЙ – мемлекеттің осындай жеңілдігіне ие болған жастардың бірі. Ерзат бүгінде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетін таңдап отыр.
– Ерзат, бүгінде білім гранты бойынша оқып жатыр екенсіз. Бұл бағдарлама жайлы қайдан естідіңіз?
– Шәді төре, Файзолла Үрмізов сияқты жайсаңдар дүниеге келген Құмкент ауылында (Созақ ауданы) туып-өскеніммен, мектепті Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу ауылында бітірдім. 9-сыныптан кейін «Мирас» колледжіне оқуға түстім. Бірақ, оны аяқтай алмадым. Сөйтіп жүргенде әскерге шақырту келді. Әскерге кетер алдында бізге мамандар осындай бағдарламаның бар екендігін, осы арқылы жоғары оқу орнына түсуге арналған оқу грантын жеңіп алуға болатындығын айтты. Ал, Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөліміне келгенімізде бөлім қызметкерлері бізге бағдарлама туралы толық мағлұмат берді.
– Мұндай мүмкіндікке қалай қол жеткіздіңіз?
– Шынымды айтсам, менде алғашында бағдарламаға қатысу туралы ой мүлдем болған жоқ. Берілген тапсырмаларды тиянақты орындап, нормативтерді жақсы тапсырып жүргенмін. Бірде әріптестерім, рота, взвод командирлері бағдарламаға қатысу туралы ой тастады. Содан дайындықты бастап кеттім.
– Грантты ұтып алу үшін қандай талаптар қойылады?
– Бұл бағдарламаның ерекшелігі, ұлттық бірыңғай тест тапсырмай-ақ, оқуға түсіп кетуге болады. Ол үшін бізге арнайы тапсырмалар жүктелді. Соған орай әрбір нормативтік тапсырмаға ұпайлар қойылады. Мәселен, атыс алаңындағы оқу-жаттығу барысында жинаған ұпайларымыз, дене шынықтыру сынағы бойынша алған балымыз жиналып, ортақ ұпай шығарылады. Мен осы талаптар негізінде жоғары ұпай жинап, оқу грантын жеңіп алдым.
– Неліктен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы университетті таңдадыңыз?
– Бағдарламаның тиімді тұсы, кез келген жоғары оқу орнын таңдауға мүмкіндігің бар. Менің таңдауым осы оқу орнына түсті. Грантты 2 жыл ішінде игеруге болатындықтан, оқуды қыркүйек айынан бастайтын болып шештім.
– Бағдарламаның қандай артықшылықтары мен кемшін тұстары бар?
– Меніңше, бұл жастар үшін мемлекет тарапынан өте үлкен көмек. Себебі, әрбір ер-азамат жоғары білім алуды қалайды. Қазір әскерде жүрген жастардың дені осы бағдарлама арқылы грант жеңіп алуға талпынып жатыр. Шынымен де бұл жоғары білім алғысы келетін жастар үшін үлкен мүмкіндік.
– Қатарластарыңызға қандай кеңес айтар едіңіз?
– Әрине, әскерге бару, ондағы талаптарға көндігу оңай емес. Бұл үлкен қажыр-қайратты, шыдамдылықты талап етеді. Бірақ, уақыт өте келе бәрі жақсарады. Жастарға айтарым, әскерге барудан жалтармай, мемлекеттің осындай игі бастамаларын тиімді пайдаланған жөн.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Аймекен ПАРУХОВА,
ОҚУ-дың студенті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы