ТҮРКІСТАН: ЕЛДІҢ ДАҢҚТЫ ПЕРЗЕНТІ


Бауыржан Момышұлының көп қырлы қызметі әскери өнерді ғана емес, ұлт әдебиеті мен философиясын дамытуға, сондай-ақ, қазақ ұландарын патриоттық рухта тәрбиелеуге де арналды.
Б.Момышұлының әскери қызметін жан-жақты зерттеу тарихшылар мен әскери сала ғалымдары үшін ерекше маңызға ие. Өйткені, ол соғысқа қатысып қана қоймай, соғыста қолданылатын бірқатар тактикалық әдіс-тәсілдерді әзірледі. Бұл тұрғыда оның командир ретінде соғыс қимылдарын терең талдай білуі майдандағы жауынгерлік іс-
әрекеттердің ерекшеліктерін, сондай-ақ, әскерлерді ұйымдастыру және оларды басқару принциптерін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Оның әдеби мұрасы да оқырмандардың қызығушылығын тудырады. Себебі, Бауыржан Момышұлының шығармалары әскери оқиғаларды сипаттап қана қоймай, кейінгі ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудің идеологиялық негізін құрайды. Қай шығармасын оқысаңыз да әскери тәртіп, Отанға деген сүйіспеншілікпен қатар сарбаздардың соғыс жағдайындағы психологиялық жай-күйіне тереңірек үңілуге тырысады. Оның әскери дүниетанымы әртүрлі факторлардың, соның ішінде ұлттық салт-дәстүрлердің, кеңестік әскери доктринаның және жауынгерлік іс-қимылдардың әсерінен қалыптасты деуге болады. Дала дәстүрлері рухында тәрбиеленген ол бала кезінен-ақ намысты болуға талпынып, Отан, ел қорғау құндылықтарын бойына сіңіріп өсті. Бұл құндылықтар оның әскери тәжірибесінде және әскерді басқару істерінде айрықша көрініс тапты.
Ұлы Отан соғысы басталғанда әскер қатарына қосылып, көп ұзамай өзін әскери әдіс-тәсілдерді шебер меңгерген маман ретінде көрсете білді. Оның жауынгерлік жағдайды талдау қабілеті, табан астында шешімдер қабылдай білуі өзі басқаратын әскери бөлімдердің жеңіске жетуінде шешуші рөл атқарды. Момышұлының әскери мұрасының маңызды аспектілерінің
бірі – оның тактикалық тұрғыда ойлай білуі. Мысалы, 1941 жылы Мәскеуді қорғауға қатысқан ұрыс қимылдарында Бауыржан Момыш-ұлы ерекше әдіс-тәсілдерге жүгінді. Оның сол кезде қолданған әскери әдістері жаудың кері шегінуіне әсер етті. Бұл тактикалық әдістер кеңестік әскери қолбасшылықта жоғары бағаланып, Мәскеудің жалпы қорғаныс стратегиясына енгізілді.
Даңқты қолбасшы әскери тәртіппен қатар мораль мәселелеріне де ерекше назар аударды. Оның түсінігінде командир тек кәсіби білімге ғана иек артпай, қарамағындағыларға үлгі бола білуі керек. Оның жазбаларында сарбаздар арасындағы қорқыныш көбіне объективті қиындықтардан емес, басшылық пен командирге деген сенімнің болмауынан туындайды деген ойлар айтылады. «Артымызда Москва» атты шығармасында ол соғыс қимылдарын сипаттап қана қоймай, адамның мінез-құлқын да талдайды. Сарбаздардың психологиялық жағдайына, олардың қорқынышына, күмәніне, міндеті мен жауапкершілігіне тереңірек үңіледі. Былайша айтқанда, соғысты адамның адамгершілік қасиеттері сыналатын алаң ретінде қарастырады. Оның пікірінше, Жеңіске сарбаздардың ішкі тәртібі мен патриотизм сезімі жоғары болған жағдайда ғана жетуге болады. Осындай оралымды ой-түйіндері арқылы Бауыржан Момышұлы қазақстандықтардың патриоттық дүниетанымын қалыптастыруға ықпал етті.
Бүгінгі таңда Момышұлы ұсынған идеялар әлі де өзекті. Қазақстанның әскери білім беру жүйесінде оның тактикалық және стратегиялық принциптері, ал, мектептер мен жоғары оқу орындарында әдеби шығармалары оқытылады. Оның әскери тәртіп, соғыс тактикасы, патриотизм туралы идеялары әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Ол өзінің кітаптары, естеліктері және идеологиялық көзқарастарымен бүгінгі ұрпаққа ар-намыс, адалдық принциптеріне негізделген өмір философиясын үлгі етті.
Сұлтан ТОҚТЫБАЕВ,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті әскери
кафедрасының оқытушысы, запастағы подполковник.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы