
Әлем тарихында 1939-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыс, ал, бұрынғы Кеңес мемлекетінің тарихында 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы аталатын бес жылға созылған алапат майдандағы арпалыстың аяқталғанына биыл сексен жыл толып отыр. Қазіргі ТМД аталатын мемлекеттердің біразы бұл мерекені «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы» деп атап өтті. Солай атауға тиіспіз де. Себебі, бұл соғыста біздің аталарымыз бен әкелеріміз, апаларымыз қандарын төкті.
Менің әкем Ерболған Қалаубайұлы да соғыс басталатын 1941 жылдың көктемінде әскер қатарына шақырылып, майданда бірнеше мәрте жараланып, сапқа қайта тұрған. 1945 жылдың мамыр айында Жеңісті Германияда қарсы алып, елге 1946 жылы оралған. «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, үш мәрте «Ерлігі үшін» медалімен және әлденеше қалаларды жаудан босатқаны үшін медальдарымен, Бас Қолбасшы В.И.Сталиннің 28 Алғыс хатымен марапатталған соғыс ардагері болатын. Мектепке барып, қара таныған мен аздап сөз ұғар қабілетке ие болғаннан кейін әкемнен соғыс туралы айтып беруін сұрайтынмын. Қазір ол кісінің бастан кешкендерінің көбі есімде көмескі тартып та қалғандай. Өйткені, одан бері отыз бес жыл өтіп кетіпті.
Биылғы жылдың басынан бері Ресейдің телеканалдарынан Жеңістің 80 жылдығына қатысты кинолар көрсетіліп жатыр. Сондай кинолардың бірінен жауынгерлердің қолға үйретілген иттерді екі қапталдарына мина байланған күйде танкілермен бірге ілестіре ертіп жүргенін көзім шалғанда, әкем айтқан әңгімелер біртіндеп есіме оралғаны. Оның үстіне жеңіске қол жеткізудегі әдіс-
амалдарды қозғаған тағы бір хабардан соғыс жылдарында иттердің қатысуында немістердің 360 танкісі отқа оранған деген деректі естідім.
Менің қызыға сұрауыммен әкем оқта-текте есіне түскен оқиғаларды күрсіне әңгімелейтін еді. «Майдан шебінде жаудың кезекті шабуылын тосып жатқанбыз. Алдағы шайқасқа немістердің жаяу әскері танкілердің сүйемелдеуімен шығатынын естідік. Олардың солай етпеске де амалдары жоқ еді. Өйткені, осыған дейін үш мәрте жасалған жаяу әскердің шабуылын шебімізге жақындатпай тойтарып, көп шығынмен шегінуге мәжбүр еткенбіз. Енді танкілерін алдарына салып, біздің қорғаныс шебімізді бұзып өтпекші ғой. Ал, жаяу әскермен қосарлана танкімен жасалған шабуыл нағыз қырғынның өзіне айналатын. Осылай немістердің көтерілуін күтіп жатқанымызда біздің ту сыртымызға ит ерткен бір взводтай әлде одан көбірек жауынгерлер келіп жайғасты. Байқаймын, иттердің екі қапталына мина байланған екен. Оның үстіне қабысыңқы қарындарына қарағанда бәрі ашқұрсақ сияқты. «Қазір немістердің танкісіне қарсы бізден бұрын мына иттер жіберіледі. Мұның бәрі танкінің астында тамақтануға, ілінген колбасаларды жеуге үйретілген. Біз иттердің минасына ұрынып қалмауымыз үшін осылардың шабуылы біткенше біраз күтетін шығармыз» дегенді айтты командиріміз. Шынымен де солай болды. Жау танкілері қара қоңыздай қаптай жосылып, біздің қорғаныс шебімізді снарядтарымен атқылай қалың қарды бұрқырата заулап келеді. Соңдарында біздің оғымызға ұшыраудан қорқып таса іздеген жаяу әскерлері танкілерден қалып қоймауға тырысып ышқына жүгіреді. Танкілердің қарасы жақындаған сәтте әлгі иттерді жетектеген жауынгерлер өзіміздің шептен өте бере тізерлей отырды да, жоталарынан сипалай, құлақтарына бірдеңе айтқандай еңкейіп алға қарата қолдарын сілтей иттерді қарғыбаудан босатып жіберді. Әбден ашыққан иттер өздерінің ажалға бара жатқанын білместен жүгірген бойы бірінші қатардағы танкілердің астарына сүңгіп кетіп, содан күшті жарылыс болып, темір құрсанған пәлекеттер шетінен жана бастады. Көп ұзамай қарсы шабуылға шығуға команда берілді. Сөйтіп бұрын қорғаныста жатқан біз енді өзіміз шабуылға көтерілдік. Жүгіріп бара жатып өртенген танктің жанынан өте бергенімде аяғымнан оқ тиіп құладым. Өз бетімше жүруім мүмкін болмаған соң, бораған оқтан сақтану үшін әлгіндегі жанған танкінің астына жер бауырлай кіргенімде тұтас денеммен симай, сыртта қалған аяғыма екінші оқ тигенін білдім. Немістер атқылауын күшейтті. Кеш түсіп, қараңғылық қоюлана бастаған соң, айнала сәл-пәл тыншыды. Түнгі аяз күшейіп барады. Қозғалуға шамам жоқ. Бір кезде сықырлай басқан аяқ дыбысы естілді де, соған қарата автоматымды кезеніп, қарсы алуға дайындалдым. Анықтап қарасам, қимылсыз жатқан адамдарды иіскелеп ит әлде қасқыр келеді. Мылтық атсам, менің жатқан жерімді немістердің қарауылға алатыны анық. Маған жақындағанда «Кет, ей!» дедім. Ол қалт тоқтады. Содан соң иіскеленген бойында алға қарай кетті. Біраз уақыттан соң тағы да әлсіз тықыр естіліп, танкінің жанына шана сүйреткен ит келіп тоқтады. Командирлеріміз «майдан даласында жараланып, жүруге жарамай қалған жауынгерлерді іздеп тауып әкелу үшін санитар иттерді жібереміз. Шанада бес жұлдыз болса біздікі, егер свастика болса немістердікі. Өзіміздің шанаға мінуге әрекет етіңдер. Сол иттер санитарлық аймаққа жеткізеді» дейтін. Қарасам, шананың бетіне қызыл жұлдыз салыныпты. Жаралы аяғымды сүйретіп аласа шанаға шығуымның өзі өте қиын болды. Сол кезде басқа бір ит келіп мені иығымнан тістелей тартып, шанаға салды. Сөйтсем, шана сүйреткен иттің жанында бір ит бос жүреді екен. Екеуі қатарласа шананы сүйрете жөнелді. Немістер ракетасын аспанға атқанда, айнала күндізгідей жарқырап кетеді. Ондай сәтте әлгі иттер жер бауырлай жата қалады. Жарық сөнген соң алға қарай жылжиды. Ойлы-қырлы жерлерден барынша жайлап өтеді. Сөйтіп мені далалық санитарлық бөлімге жеткізді. Аяғымдағы қан қатқан әрі аяздан әбден сіреуге айналған етікті кесіп алғанда, есімнен айырылып қалыппын. Оң аяғымның қара санына минаның жарықшағы қадалыпты. Содан құлағанмын ғой. Ал, екінші оқ тобығымнан төмен табанның бұлшық етін осып өткен екен. Госпитальда екі ай жатып, жазылған соң қайтадан майданға аттандым. Міне, сөйтіп иттің жауды жеңуімізге қалай үлес қосқанын өз көзіммен көрдім. Біздің бала кезімізден душар болған қиындықтарымызды ешкімнің басына бермесін. Мәселен, мен жасым онға толмай «бай-құлақ» десіп ауылдың атқамінерлерінің отбасымызды талай шуылдатқанын білемін. Байлығынан бұрын әкем Қалаубай өңірге белгілі қобызшы еді. Ол кісі қобызын тартқанда оның сарынын естіген жұрт сілтідей тынады екен. Тіпті, өзім де егер кешке қарай мал сауыны кезінде қобыз сарынын құлақтары шалса, оған бар назарларын аударған сауыншы қыз-қырқындар сауындарын қоя салып, қобыз үніне құлақ түретінін талай көрдім. Әкем «Қалаубай қыстауы» деп ел аузында сақталып қалған қонысымызға қарай беттеген белсенділердің қарасы алыстан шалынғаннан, белдеудегі байлаулы атына мініп, өзіне ғана белгілі соқпақтармен Қаратауды өрлей асып кететін. Әкемді іздеген белсенділер бір күндері «ескіліктің сарқыншағы» деді де, қобызды сындырып кетті. Содан кейін енді тыныштықтың болмасын сезіп, бар малын ағайын-туыстарға таратып берген әкем бәрімізді алып Тәшкент асты. Байларды қудалау біздің үйімізді ғана емес, бүкіл елімізді шулатқан жаппай науқанға айналғанын жол-жөнекей білдік. Кейінірек ел жақтың сүргіні басылған хабарын естігені әлде жат жерде қалып кетуді қаламағаны шығар, әкем бастап ауылға қайта оралдық. Осы Шаянның «Қарауыл төбесі» көзге шалынған тұста Бекмұрат көкем әлденендей қымбат затының жол-жөнекейде қоналқа отырған жерде қалып қойғанын айтты. Соны алып келуге әкемнен сұранды. Әкем «адамдардың сұрқы бұзылып, реңдері тайып қалған екен, жалғыз жүрмей-ақ қойсайшы» деп сақтық айтып еді, бірақ Бекмұрат көкем оған «аттылы маған не қылар дейсіз, аламын да қайтамын» деген уәжін алға тартып, кейін бұрылды. Ол кісі сол кеткеннен қайтып оралмады. Жұрттың сұрқы да, сиқы да бұзылыңқырағанын аңғарған әкем бекер қауіптенбепті. Елдің ішін жаппай ашаршылық жайлаған екен ғой. Біз отыз үшінші жылдың соңындағы қиындығына тап келіппіз. Сөйтіп, балам, мен ашаршылықтың да сұмдықтарын бастан кешкенмін» деуші еді әкем.
Мына ұлан-байтақ жерді ата-бабамыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған дейміз. Батыр бабаларымызға алып ескерткіштер тұрғызып насихаттаймыз. Осы арқылы бүгінгі жас ұрпаққа Отанды сүюдің, оны көздің қарашығындай сақтаудың терең мәнін ұғындырып келеміз. Иә, Отан қорғау – қастерлі іс!
Бағдат ҚАЛАУБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Бәйдібек ауданы.