Мемлекет басшысының сөзінше, қазіргі кезде Қазақстанда 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Бұл еліміз үшін жеткіліксіз.
«Үкімет 2029 жылдың соңына дейін 13,3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосамыз деп жоспарлап отыр. Оның 5,9 гигаваты жаңартылатын қуат көздерінен алынбақ. Сондай-ақ Үкімет келесі жылы электр қуатына деген сұранысты толық өтеуді көздеп отыр. Тіпті, 1,3 миллиард киловатт-сағат қуатты артық өндіре аламыз деген болжам бар. Бірақ бұл мақсатқа жету үшін міндеттеменің бәрі уақтылы орындалып, жеткілікті қаражат бөлінуге тиіс. Сондықтан Үкімет жоспарланған қуат көздерінің толық іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс. Бұдан былай соза беруге болмайды. Менің ойымша, мәселе – нағыз энергетика мамандарының болмауында. Энергетика саласындағы мәселелермен «алып бара жатқан не бар дейсің?» деп, «азды-кем білімі бар, бірақ өзіне деген сенімі мол» кез келген адам айналысатын болды», деді Президент.
Биыл Түркістан облысы Қазығұрт ауданында жалпы құны 52,3 млрд теңгені құрайтын 16 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 327 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы саласында 13,6 млрд теңгеге 7 жоба, өнеркәсіп саласында 38,7 млрд теңгеге 9 жоба іске асырылмақ. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында баяндалды.
Ауданда шағын өндірістік алаңдарды дамыту бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатыр.
Энергетика саласында «SMART RE ENERGY» және «ASR ENERGY» компаниялары су электр станцияларын салуды жоспарласа, «Оңтүстік Жарық Транзит» қуаттылығы 250 МВт болатын қосалқы станция құрылысын бастамақ. Халықаралық әріптестік аясында Қытай Халық Республикасымен байланыс нығайып, теріні терең өңдеу (желатин өндіру) жобасы бойынша келісімге қол жеткізілді. Жоба биыл іске қосылады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар осы жылы шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында жалпы құны 7,2 млрд теңгені құрайтын 42 жоба жүзеге асырылып, 361 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жалпы, Қазығұрт ауданында инвестициялық белсенділік артып, экономиканың барлық салаларында тұрақты өсім қамтамасыз етілуде.
Қазіргі уақытта Тұрбат ауылында 1 гектар аумақта орналасқан өндірістік алаңда 6 жоба іске асырылып, кәсіпкерлерді орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Ал Қызылқия елді мекенінде тағы 5 инвестициялық жобаның құрылыс жұмыстары мамыр айында басталады. Одан бөлек, агроөнеркәсіп кешенінде ірі жобалар қолға алынған. Тұрбат ауылында 60 гектар аумақта жылыжай кешені салынуда. Сонымен қатар «Қарқын 2030» серіктестігі 5 000 басқа арналған мал бордақылау алаңын салып жатыр. «Қанатбек» шаруа қожалығы 1 000 басқа арналған мал шаруашылығы кешенін, ал «Маржан и К» серіктестігі 300 басқа арналған сүт-тауарлы ферманы іске қосуды жоспарлап отыр.
Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінде де оң серпін бар. «Қарқын 2030» серіктестігі шұжық өндірісін ұлғайтса, «Көрік» серіктестігі шырын өнімдерін шығару көлемін арттыруда. «САПА 2002» серіктестігі су үнемдеу технологияларын енгізіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобаларын жүзеге асыруда.
Өнеркәсіп саласында бірқатар ірі жоба қолға алынған. Атап айтқанда, «AGRO-IRRIGATION» ЖШС құбыр шығару өндірісін, «ALPHA CONSULTING» ЖШС құрылыс материалдарын өндіру кәсіпорнын, «ЮСТАЛЬКОН» ЖШС металл конструкцияларын шығару зауытын іске асыруда. Сонымен қатар «Бес құдық тас» серіктестігі кварц құмын өңдеу жобасын қолға алған.
Айта кетейік, 2025 жылы Қазығұрт ауданында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 47,9 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106,4%-ға артты. Инвестициялардың 89,6%-ы жеке қаражат есебінен, 4,6%-ы бюджеттен, ал 5,6%-ы өзге де қарыз қаражаттары есебінен қалыптасты. Соңғы 3 жылда аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі 125 млрд теңгеге жетті.