ТҮРКІСТАН: САУРАНДАҒЫ ӨНДІРІСТІК ПАРКТЕ ЖАҢА ЖОБАЛАР ІСКЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТЫР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің өндірістік әлеуетін арттыру, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осы тапсырмалар аясында Түркістан облысында «Өндірістік парктердің құрылысы» жобасы кезең-кезеңімен іске асырылып, еліміздегі үлгі аларлық бастамалардың біріне айналды. Өндірістік парк жалпы аумағы 100 гектар жер телімінде орналасқан. Құрылыс жұмыстары екі кезеңмен жүргізілуде.
Түркістан облысы Сауран ауданындағы өндірістік парк аумағында жаңа жобалар іске асырылып жатыр. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек арнайы Сауран ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысанды аралады. Жобалардың жүзеге асу қарқынын бағалап, жауапты тұлғалармен кездесті.
Іссапар барысында «Avatar Agricultural Technology Development» ЖШС-ның ауыл шаруашылығына арналған дрондар шығару жобасына ерекше назар аударылды. Құны 500 млн теңгені құрайтын бұл жоба аясында жылына 600 дана агродрон өндіру жоспарланған. Қазіргі таңда өндірістік алаң дайындалып, қажетті құрал-жабдықтар толық орнатылған. Дрондардың сынамалық үлгісі әзірленген. Сонымен қатар жобаны толық іске қосу үшін бірқатар рұқсат құжаттарын алу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органдардан тиісті рұқсат алу процестері жалғасуда. Облыс әкімінің орынбасары бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдету қажеттілігін жеткізді.
Бұдан бөлек, «Юпитер М» ЖШС жүзеге асырып жатқан жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіру жобасы таныстырылды. Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын бүгінде толық қуатында жұмыс істеп тұр. Жобаның жылдық өндірістік қуаты – 1750 тонна.
Қазіргі таңда зауыт өнімдері ішкі нарықпен қатар экспортқа бағытталып, ай сайын Өзбекстанға жөнелтілуде. Кәсіпорында 20 жаңа жұмыс орны ашылған. Өндірістік инфрақұрылым толық қалыптасып, барлық қажетті жабдықтар іске қосылған.
Жалпы, жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары жобалардың іске асырылу деңгейін оң бағалады. Сонымен қатар жекелеген әкімшілік және рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыру мәселесі көтеріліп, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.
Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек әкімдік тарапынан инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және кәсіпкерлерге қолдау көрсету жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ, инвесторларға сәттілік тілеп, бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталды.
Аталған жоба аясында өңірлік экономиканы әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық беріледі. Жоба аясында тартылған инвестициялар көлемі 138 млрд теңгені құрайды, 2 150 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.
Бірінші кезеңде 30 гектар жер игеріліп, толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Аумақта үш қатардан тұратын 40 өндірістік ғимарат салынды. Жалпы құрылыс алаңы 73 мың шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда 40 нысанның 37-сі іске қосылып, өндіріс жұмысын бастап кетті. Олардың қатарында жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіру, ауыл шаруашылығы тракторларын құрастыру, сэндвич-панельдер шығару, мектепке, медициналық және кеңсе мекемелеріне арналған жиһаз өндірісі, тоңазытқыш шығару, ішкі есіктер жасау, дрондар мен бейнебақылау камераларын өндіру секілді заманауи жобалар бар.
Бірінші кезеңді қаржыландыруға жалпы 17,4 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация тарапынан 12,4 млрд теңге, ал Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 5,0 млрд теңге несие қаражаты бөлінді. Бұл өндірістер ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, импортты алмастыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
2026–2027 жылдары жүзеге асырылатын екінші кезеңде 70 гектар аумақта 112 өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Қазіргі уақытта аталған аумақты инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары басталды. Сыртқы инженерлік желілер мен абаттандыруға қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау көзделуде.
Жобаның толық іске асырылуы Түркістан облысын еліміздің өндірістік хабтарының біріне айналдыруға негіз болады. Бұл бастама – Президент тапсырмасына сәйкес өңір экономикасын әртараптандыру, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа технологиялық өндірістерді дамыту бағытындағы нақты қадам. Өндірістік парктер моделі кәсіпкерлерге дайын инфрақұрылымы бар алаң ұсынып, өндірісті қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысындағы өндірістік парктер құрылысы инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу және мыңдаған тұрақты жұмыс орындарын құру арқылы өңірдің экономикалық серпінін арттыратын стратегиялық жобаға айналып отыр. Жоба республикалық деңгейде қолдау тауып, өзге өңірлерге тиімді тәжірибе ретінде ұсынылуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы