Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Арыс қаласының Стадион тұрғын ауданындағы қыр беткейінде «Жасыл болашақ» ұранымен жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Игі шараға қала әкімі Қайсар Маңқараевтың бастауымен ардагерлер, мемлекеттік қызметкерлер, теміржолшылар, депутаттар, түрлі мекеме ұжымдары, ерікті жастар және қала тұрғындары белсенді қатысты.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тазалық шарасында көпшілік Стадион аумағындағы бей-берекет тасталған тұрмыстық қалдықтарды жинап, қоршаған ортаны ретке келтірді. Жиналған қоқыстар арнайы техникалардың көмегімен қала аумағындағы полигонға шығарылып, санитарлық тазалық талаптарына сай тиісті жұмыстар жүргізілді.
Сенбілік барысында қала әкімі тазалық жұмыстарына атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, қала тазалығы мен экологиялық тәртіпті сақтау — баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Қайырымдылық пен жанашырлық үлгісін көрсеткен арыстық кәсіпкер «Abeke plov» мейрамханасы сенбілікке қатысқан азаматтарға палау таратып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұдан бөлек, «Арыс минералды су» кәсіпорны мен «ХАН» фастфуд орталығы келушілерге су ұсынса, «Хадиша таба нан» орталығы ыстық нан таратты. Кәсіпкерлердің айтуынша, туған қаланың тазалығы мен көркеюіне әрбір тұрғын бейжай қарамауы тиіс.
Сонымен қатар, қоғамдық іске белсенді атсалысқан азаматтарға Mobibo электронды саудда орталығы түрлі техникалар табыс етсе, тағы 10 азаматқа өнер иесі Ержан Қайратұлының жеке шығармашылық кешіне арнайы билеттер табысталып, олардың еңбегіне құрмет көрсетілді.
Аталған шара Арыс қаласында тазалық пен қоғамдық жауапкершілікті ұштастырған тағылымды бастамаға айналып, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлық көзқарасын айқындай түсті.
ТӨЛЕБИДЕ ӨТКЕН СЕНБІЛІКТЕ 1500 КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ
Төлеби ауданында Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кезекті жалпыхалықтық сенбілік жоғары деңгейде өтті. Тазалық шарасы Ленгір қаласындағы «Төлеби баба» саябағында жалғасын тапты.
Игі іске аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов арнайы қатысып, көгалдандыру мен санитарлық тазалық жұмыстарында белсенділік танытты.
Сенбілікке аудан тұрғындары, еріктілер, мемлекеттік қызметшілер мен түрлі мекеме ұжымдары атсалысып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты. Жалпы саны 11 мыңнан астам адам жұмылдырылып, ауқымды жұмыстар атқарылды.
Шара барысында аудан көлемінде 1500 түп көшет отырғызылып, жасыл аймақтар кеңейтілді. Сонымен қатар 1000 гектар аумақ қоқыстан тазартылып, арнайы техникалардың көмегімен 20 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылды.
Айта кету керек, жыл басынан бері аудан бойынша 75 тазалық іс-шарасы ұйымдастырылып, оған 57 мыңнан астам тұрғын қатысқан. Нәтижесінде жүздеген шақырым жолдар, арық-атыздар мен су арналары тазартылып, қоғамдық орындар ретке келтірілді.
ОРДАБАСЫДА ӨТКЕН ЖАППАЙ СЕНБІЛІККЕ 10 МЫҢ АДАМ ҚАТЫСТЫ
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ордабасы ауданында «Жасыл болашақ» айдарымен ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.
Қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткен шараға аудан тұрғындары, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, ерікті жастар мен түрлі сала мамандарынан жалпы саны 10 мыңға жуық адам қатысты. Сондай-ақ 7 арнайы техника жұмылдырылып, 10 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, белгіленген аумақтар толық қамтылды.
Сенбілік жұмыстары Арыс өзені бойында, Темірлан тұқымбағында және ауданға қарасты 10 ауылдық округте жүргізілді. Іс-шара барысында мыңға жуық көшет отырғызылып, елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары жүзеге асырылды. Сонымен қатар мың гектарға жуық аумақ тазартылып, тұрмыстық қалдықтар шығарылды.
Санитарлық тазалық жұмыстары аясында республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойы, саябақтар мен скверлер, көпқабатты тұрғын үйлердің аумақтары мен арық-атыздар тазартылып, ағаштардың түптері әктелді.