Түркістан облысы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму, инвестициялық тартымдылық, инфрақұрылымдық жаңғыру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында тұрақты әрі қарқынды өсім көрсетіп келеді. Өңірде жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалар мен ауқымды жобалар Біріккен Ұлттар Ұйымы айқындаған Тұрақты даму мақсаттарымен сабақтасып, халықаралық деңгейде де оң бағалануда.
Осыған орай Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Біріккен Ұлттар Ұйымының даму құқығы мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Сурья Девамен кездесті. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы, тұрақты даму көрсеткіштері, экологиялық қауіпсіздік, гендерлік теңдік, азаматтық қоғамды қолдау және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында Ертай Алтаев Түркістан облысы бүгінде еліміздегі демографиялық өсімі ең жоғары өңірлердің бірі екенін атап өтті. 2026 жылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша облыс халқының саны 2 миллион 146 мыңнан асты. Оның ішінде тұрғындардың 74,6 пайызы ауылдық жерлерде өмір сүреді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, білім беру және әлеуметтік қызмет көрсету салаларына ерекше жауапкершілік жүктейді.
– Түркістан өңірі әлеуметтік әділеттілік пен экономикалық өсімді қатар қамтамасыз етуге басымдық береді. Біз халықтың әл-ауқатын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, қоршаған ортаны қорғау және өмір сапасын жақсарту бағытында кешенді саясат жүргізіп келеміз. БҰҰ ұсынған тұрақты даму мақсаттары өңірдің даму стратегиясымен толық үндеседі, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Соңғы жылдары Түркістан облысы экономикалық көрсеткіштер бойынша республикадағы жетекші өңірлердің қатарына шықты. 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы қысқа мерзімді экономикалық өсім көрсеткіші 119,4 пайызды құрап, облыс республика көлемінде екінші орынға ие болды. Бұл – өндіріс көлемінің артуы, инвестициялардың көбеюі, кәсіпкерліктің дамуы және инфрақұрылымдық жобалардың нәтижелі жүзеге асуының айқын көрінісі.
Бүгінде өңірде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, туризм және жаңартылатын энергия көздері бағытында ауқымды жобалар іске асырылуда. Түркістан қаласының жаңа келбеті қалыптасып, заманауи тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, мәдениет және спорт кешендері бой көтеруде. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтар мен өндірістік парктердің жұмысы өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыра түсті.
Кездесуде экологиялық тұрақтылық мәселесіне де ерекше назар аударылды. Түркістан облысында соңғы жылдары көгалдандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және қоршаған ортаны қорғау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында мыңдаған ағаш көшеттері отырғызылып, саябақтар мен жасыл аймақтар көбейіп келеді. Бұл бастамалар өңірдегі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Сонымен қатар көші-қон, әлеуметтік бейімдеу және қоғамдық келісімді нығайту мәселелері де күн тәртібінен түскен емес. Облыста азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Әсіресе жастарды қолдау, білім сапасын арттыру және әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып келеді.
Жиын барысында гендерлік теңдік мәселесі де кеңінен қозғалды. Түркістан облысында әйелдердің қоғамдағы рөлі артып, олардың мемлекеттік басқару мен кәсіпкерлік салаларындағы үлесі жылдан-жылға көбейіп келеді. Қазіргі таңда өңірдегі 5611 мемлекеттік қызметшінің 1572-сі әйелдер болса, олардың 233-і басшылық лауазымдарды атқарады. Бұл – әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Кәсіпкерлік саласында да әйелдердің үлесі жоғары. Облыстағы 210 мыңнан астам кәсіпкердің 91 мыңнан астамы нәзік жандылар. Ал шағын және орта бизнес субъектілерінің 43 пайыздан астамын әйелдер басқарады. Бұл көрсеткіштер өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігінің қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады.
Кездесу барысында отбасы құндылықтарын нығайту, азаматтық қоғам институттарын қолдау және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері де жан-жақты талқыланды. Тараптар халықаралық тәжірибе алмасудың маңызын атап өтіп, БҰҰ құрылымдарымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екендерін жеткізді.
Жиын соңында Ертай Алтаев халықаралық сарапшылардың ұсыныстары мен тәжірибесі Түркістан облысының даму стратегиясын жетілдіруге тың серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, өңір алдағы уақытта да тұрақты даму қағидаттарын басшылыққа ала отырып, экономикалық өсімді әлеуметтік әл-ауқатпен және экологиялық жауапкершілікпен ұштастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.
Жалпы, Түркістан облысы бүгінде жаңғыру мен дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан өңір ретінде қалыптасып келеді. Халық санының артуы, экономиканың тұрақты өсуі, инфрақұрылымның жаңаруы және халықаралық деңгейдегі серіктестіктің кеңеюі – аймақтың болашағына деген сенімді нығайтып отыр.