Түркістан облысында халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары ерекше маңызға ие. Бұл бағыттағы кезекті маңызды жоба Созақ ауданында жүзеге асып, өңір тұрғындары көптен күткен тарихи оқиғаның куәсі болды. Аудан орталығы саналатын Шолаққорған ауылдық округінде табиғи газбен жабдықтау желілері ресми түрде іске қосылып, Созақ ауданы алғаш рет «көгілдір отынның» игілігін көре бастады.
Осыған орай өткен салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, аудан тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтады. Облыс басшысы бұл күннің Созақ өңірі үшін тарихи маңызы ерекше екенін атап өтіп, газдандыру жұмыстарының тұрғындардың әл-ауқатын арттырудағы рөліне тоқталды.
– Бүгін Сіздермен қарт Қаратаудың баурайындағы қасиетті Созақ ауданында ерекше тарихи сәтте кездесіп тұрмыз. Бұл күннің тарихи деп аталуына толық негіз бар. Себебі дәл бүгін Шолаққорған ауылында табиғи газбен жабдықтау желілері іске қосылып, көптен күткен тұрғындардың арманы орындалып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдық елді мекендерді заманауи инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету міндетін қойған болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында Түркістан облысында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі жоба – сол жұмыстардың нақты нәтижесі, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірде газдандыру жұмыстары соңғы жылдары қарқынды жүргізіліп келеді. Тек 2025 жылдың өзінде Түркістан облысында табиғи газбен қамту бағытында 87 нысанның құрылысы қолға алынған. Оның ішінде 45 жобаның құрылысы толық аяқталып, нәтижесінде 70 мыңға жуық тұрғыны бар 41 елді мекен табиғи газға қосылған. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы 606 елді мекен газбен қамтылып, 1,9 миллионнан астам тұрғын көгілдір отынның игілігін пайдалану мүмкіндігіне ие болған.
Бұл көрсеткіштер Түркістан облысында жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстарының ауқымын айқын көрсетеді. Соның ішінде Созақ ауданындағы автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) бар магистральды газ құбырының құрылысы өңір үшін стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі саналады.
Облыс басшысы өз сөзінде осы жоба арқылы тарихи әділеттілік орнағанын атап өтті. Себебі осы уақытқа дейін Түркістан облысындағы барлық аудан мен қала табиғи газбен қамтылғанымен, Созақ ауданы ғана көгілдір отыннан шет қалып келген болатын. Енді бұл мәселе түбегейлі шешімін тауып, аудан тұрғындары да заманауи әрі қолайлы өмір сүру мүмкіндігіне қол жеткізді.
Салтанатты шара барысында тұрғындар да өз ризашылықтарын білдіріп, игі бастаманың жүзеге асуына үлес қосқан облыс және аудан басшылығына, сондай-ақ «QazaqGaz» ұлттық компаниясына алғыстарын жеткізді. Ауыл ақсақалдары бұл күнді Созақ тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде бағалап, ел игілігі жолындағы жұмыстардың жалғаса беруіне тілектестік білдірді.
Іс-шара аясында Шолаққорған ауылдық округіндегі табиғи газ желілері ресми түрде іске қосылып, тұрғын үйлердің бірінде алғашқы газ жағу рәсімі өткізілді. Бұл көпшіліктің қуанышына айналып, тарихи оқиғаның символдық көрінісі болды.
Жобаның жалпы құны 4,1 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталып, бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылды. Нысанның құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Газ тарату жүйесінің қуаттылығы сағатына 30 мың текше метрді құрайды. Бұл көрсеткіш аудан тұрғындарын табиғи газбен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоба толық қуатында іске қосылған жағдайда Шолаққорған ауылдық округіндегі 4600 тұрғын үй табиғи газға қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, экологиялық жағдайдың оңалуына да ықпал етеді. Бұрынғыдай көмір мен қатты отын жағудан шығатын түтін азайып, қоршаған ортаға түсетін зиянды әсер төмендейді.
Сонымен қатар табиғи газдың келуі шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа өндіріс орындарының ашылуына және инвестициялық белсенділіктің артуына жол ашады. Инженерлік инфрақұрылымның жақсаруы өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін күшейтіп, халықтың өмір сүру деңгейін жаңа сатыға көтереді.
Ең бастысы, іске қосылған автоматтандырылған газ тарату станциясы тек Шолаққорған ауылдық округін ғана емес, болашақта Созақ ауданының басқа да елді мекендерін табиғи газбен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды стратегиялық жоба болып табылады.
Жалпы, Созақ ауданына табиғи газдың келуі – Мемлекет басшысының халықтың өмір сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмаларының нақты жүзеге асуының жарқын көрінісі. Бұл игілікті бастама аудан тұрғындарының тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына жаңа серпін береді.