ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ БАЛА МӘСЕЛЕСІНЕ БАСЫМДЫҚ БЕРЕДІ

«Әділет» партиясы үшін балаға қамқорлық – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Партия саламатты ұрпақ тәрбиелеуге, балалардың сапалы білім алуына, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, әлеуметтік тұрғыдан қолдауға және қауіпсіз орта қалыптастыруға басымдық береді.

Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалында «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша бірыңғай тақырыптық қоғамдық қабылдау өтті. Іс-шараны өткізуге облыстық партия филиалы жанындағы Әйелдер қанаты ұйытқы болып, аналар мен балалардың құқықтық және әлеуметтік мәселелерінің шешім табуына үлесін қосуда. Осы санаттағы түйткілдерді көтеру арқылы Әйелдер қанаты ана мен балаға қатысты мәселелерге қоғамның ерекше назарын аударуды, отбасылардың әлеуметтік қорғалуына, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына ықпал етуді көздейді.

Қабылдауға «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева, Түркістан облыстық білім беру басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов, балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова, денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мадина Мамбетова, балалардың құқықтарын қорғау басқармасының бөлім басшысы Еркін Бекжанов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Нұржан Алтыбаев, «Еңбек мобильділігі орталығы» мекемесі директорының орынбасары Болат Досыбаев қатысып, тұрғындардың балалар құқықтарына, олардың білім алуы мен денсаулық сақтау жағдайына, көпбалалы отбасылардың әлеуметтік тұрғыда қасыздандырылуына және жұмыспен қамтылуына қатысты сауалдарға жауап берді. Партиялық алаңда өткен қабылдауға барлығы 15 адам келіп, 28 мәселе көтерді.

Ашық есік күні форматында өткен қабылдаудың басты ерекшелігі – жауапты сала басшылары тұрғындардың мәселесін тыңдаумен қатар, оларды тиісті мемлекеттік мекемелермен бірлесе кешенді қарауға мүмкіндік алды. Өйткені кей жағдайда ата-анаға нақты мәселенің қай мекемеге тиесілі екенін анықтаудың өзі қиынға соғатын. Ал бір кабинеттен екіншісіне барып, жауап іздеу отбасының уақытын ғана емес, кейде баланың қажетті көмекті алу мерзімін де созуы мүмкін.

Адам өз мәселесімен партия филиалына жүгінгенде, ең алдымен оны тыңдайтын, мәселенің мәніне үңілетін және нақты шешім жолын бірге іздейтін орта болуы керек екенін облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева айтты.

«- Балалар мәселесі – «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында маңызды орын алатын бағыттардың бірі. Партиямыз Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру жоспарының сапалы орындалуын үйлестіруді қолға алып отыр. Бес жылға арналған кешенді жоспарда баланың цифрлық маршруты құру, оңалтудың инновациялық техникалық құралдарын пайдалана отырып, мүгедектігі бар балаларды үйде оңалту практикасын кеңейту, балаларға протез-ортопедия жағынан көмек көрсету тәсілдерін жаңарту, ерекше білім алу қажеті бар мектеп түлектерінің бәріне міндетті түрде өз мүмкіндігі мен қажетіне сай техникалық және кәсіптік білім алу мүмкіндігін беру сияқты нақты басымдықтар қарастырылған. Балаға қатысты мәселені жай ғана кезекті өтініш деп қабылдауға болмайды. Себебі оның артында баланың тағдыры тұр. Ата-ана қандай да бір мәселе бойынша көмек сұрап келсе, оны тыңдаумен қатар, бала асырап отырған отбасының мәселесін шешуде нақты жолын көрсетуіміз керек. Партияның қоғамдық қабылдауларының құндылығы да осында деп ойлаймын. Біз тұрғынға жай ғана жауап беріп шығарып салуды емес, оның мәселесінің шешімін табуға ықпал етуді көздейміз. Әсіресе балаға қатысты мәселе көтерілсе, оған барынша мұқият қарауымыз керек. Бір отбасының мәселесі шешілсе, оның артында бір баланың жағдайы жақсарады. Ал бұл – біздің жұмысымыздың ең маңызды нәтижесі», – деді Қалыйма Жантөреқызы.

Қоғамдық қабылдау барысында азаматтар тарапынан әлеуметтік қорғау, білім беру, еңбек қатынастары және балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қатысты бірқатар мәселелер көтерілді. Соның ішінде балалардың құқықтық мәртебесі мен оларды қамқорлыққа алу мәселелері бойынша бірнеше өтініш қаралды. Азаматтарға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды жақын туыстарының қамқорлығына алу, баланың тұрғылықты және тәрбиелену жағдайын заң талаптарына сәйкес рәсімдеу, сондай-ақ баланың ата-анасымен байланысты мәселелер бойынша құқықтық кеңестер берілді.

Білім беру саласына қатысты еңбек шарттарының орындалуына және тәрбие жұмыстарына қатысты мәселелер көтеріліп, халық саны мен оқушы контингентінің артуына байланысты бірқатар елді мекендерде жаңа мектеп салу қажеттілігі айтылды. Жекеменшік білім беру ұйымын мемлекеттік меншікке өткізу мәселесі де көтерілді. Салаға қатысты әрбір өтініш бойынша азаматтарға қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес құқықтық түсіндіру беріліп, тиісті мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын мәселелер бойынша қарау және шешу тәртібі түсіндірілді.

Ата-аналарды әсіресе баланың медициналық көмекке қолжетімділігі, білім беру саласындағы қажеттіліктері, әлеуметтік қолдау тетіктері мен құқықтарын қорғауға қатысты мәселелер алаңдататыны байқалды. Балаларға қатысты өтініштерді қарау кезінде басты назар баланың құқықтары мен заңды мүдделерін, қауіпсіздігін және оның ең жақсы мүдделерін қамтамасыз етуге аударылуы тиіс екені атап өтілді.

Атап өтуіміз қажет, партиялық алаңда өткен бүгінгі қабылдау ата-аналар мен мемлекеттік органдар арасындағы сындарлы байланысты орнататын маңызды тетікке айналды. Партияның қоғамдық қабылдауына келген азаматтар өз мәселелерін ашық айтып, сала жетекшілерінен кәсіби кеңестер алып, әрі қарай қандай қадам жасау керектігін нақтылай алды. «Әділет» партиясының Түркістан облыстық филиалы алдағы уақытта да қоғамдық қабылдаулар арқылы тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, көтерілген мәселелерді тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп шешуге ықпал етуді жалғастыра береді.

«Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы