Жібек жолы ауылдық округі бойынша Сауран дәрігерлік амбулаториясының аға мейірбикесі Жүзенова Гүлмира 1971 жылы Түркістан қаласы Абай ауылында дүниеге келген. Түркістан қаласындағы медициналық училищені 1992 жылы аяқтап, алғаш рет Кентау қалалық поликлиникасында аймақтық мейірбике болып жұмыс жолын бастаған.
1993 жылы Сауран ауылының азаматына тұрмысқа шығып, осы ауылдың Фельдшерлік акушерлік пунктінде, акушер қызметіне орналасып қазіргі таңға дейін жұмыс атқаруда. Сауран ауылының тұрғындарына күні-түні қызмет көрсетіп ауыл тұрғындарының алғысына бөленуде, және де 4 қыз 1 ұлдың ардақты анасы, 3 қызын тұмысқа беріп 5 немере сүйіп отырған ардақты ана.
Осы қызметте жұмыс жолын жалғастырып келе жатқан көптеген жылдары бойы облыстық, аудандық, қалалық басшылардан мақтау-марапаттау қағаздарымен құрмет көрсетіліп келеді. Осындай ақ халатты абзал жан, ардақты аналарымыздың арқасында көптеген ем іздеген тұрғындарымыз атынан, еміне шипа, жанына рахат сыйлап жүрген ардақты анамызға мың алғысымызды білдіреміз. Ойланып қарасаң, күллі байлықтың жиынтығы не ақша, не болмаса таудай үйілген алтын емес, деннің саулығы ғана. Сол себептен, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса ем іздеп, бәріміз алдына баратын дәрігерлер қауымының қоғамдағы орны ерекше.
Олардың әр еңбегін бағалап отыру, оларға деген құрметімізді көрсетеді. Ақ халатты абзал жандардың еңбектерi қандай марапатқа болса да лайық. Ақ халатты абзал жандар да аянбай тер төгіп, әр адамның өмірі үшін қолдан келгенін аянар емес.
Мадина САРСЕКЕЕВА,
Жібек жолы ауылдық кітапханасының кітапханашысы.