САУРАН: МЫҢ АЛҒЫС САҒАН, ДӘРІГЕР!


Әр адам өз өмір жолында ақ халатты абзал жандармен кездесіп, олардың ыстық ықыласы мен алақандарын сезінеді. Бұның бәрін медицина қызметкерлері ғана бере алады. Олардың көмегімен тоқтаған жүрек қайта соғып, үзілген үмітімізді қайта жалғайды. Қызметтiң де, атақтың да, байлықтың да дәрiгер үшiн құны маңызды емес. Дәрiгерге ең қажеттісі – адамның денсаулығы, оның тағдыры.
Науқас адам жанына дауа iздеп, дәрiгерге барары хақ. Үмiтке үмiт жалғап, ғұмырдың ұзақтығын сабақтастырып жататын да осы ақ халатты абзал жандар. Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, басы ауырып, балтыры сыздағандардың дертіне шипа тауып, алғыс-сауабын арқалайтын да – медицина қызметкерлері. Жақсы дәрігер болу оңай емес. Адам жанының арашасы болу үшін әрбір маман өмір бойы ізденіп, білімін жетілдіріп қана қоймай, адами жағынан да ерекшеленіп, алдына келген науқастарға жүрек жылуын бөліп беріп отыруға тиіс.
Әлемде бірнеше ардақты да құрметті мамандықтар бар. Соның бірі – дәрігерлер. Оларды «Адам жанының арашашысы» деп жатамыз. Қалай атасақ та артықтық етпейді. Дәрігерді ұлықтау, құрметтеу – әр пенденің азаматтық борышы. Ауырсақ, сырқаттансақ бірден осы дәрігерлерге барамыз. Күн демей, түн демей қажет кезде жанымыздан табылады. Әрбір маман емделуші адамдардың жағдайын жасап, олардың тез жазылуына ықпал етеді. Осындай абзал мамандардан ем алып, сырқатымыздан айығамыз. Адам баласы болған соң басың ауырып, балтырың сыздайды. «Дерт меңдеп, дауа іздегенде дәрігерге жүгінетініміз анық. Иә, ауру азабын тартқан сәтте ажалға араша болатын ақ халатты жандардың еңбегі өлшеусіз ғой. Мұндайда уайым кешкен жүрекке сабыр сыйлайтын, күдікті сейілтіп, үмітті қайта жандырып, аурудан айықтыру үшін бар күш-жігерін аямайтын қолы алтын, жүрегі нұрлы ақ желеңді абзал жандарға қандай мақтау сөз айтсаңыз да артық етпейді.
Ардақты ақ халатты абзал жандар!
Сіздерді кәсіптік мерекелеріңіз — медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден құрметтеген. Адам өміріне арашашы абзал жандарды төл мерекелерімен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілей отырып, кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіздер деген тілегімді білдіреміз.
Мадина БЕРИСТЕМОВА,
Сауран ауданы «ОКЖ»КММ-не қарасты
Жүйнек ауылдық кітапханашысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы