«Ер – елдің қорғаны» дейді халқымыз. Тарих қойнауындағы тағдырлы сәттерде ел тыныштығы үшін тер төккен тұлғалардың бейнесі әрдайым ұрпақ жадында, халық есінде жаңғырып тұратыны анық. Отан алдындағы адал қызмет ету және өмірін қатерге тіге жүріп ерлік жасау – әр адамға бұйыра бермейтін мәртебе. Сондай азаматтардың бірі — Кентау қаласының құрметті азаматы, ішкі істер саласының ардагері, көзсіз батырлығының арқасында 90-жылдары кенді шаһар халқының қауіпсіздігін қорғап, үш мәрте «милиция үздігі» төсбелгісіне ие болған — Бимахан Танкибаев. Бимахан ағаның өмір жолына зер салсақ, ол тек тәртіп сақшысы ғана емес, шынайы ел жанашыры, темірдей тәртіп пен ісіне адалдықтың, қайсарлықтың үлгісіне айналған азамат. Себебі ол қоғамда әділетсіздік пен қылмыс белең алған күрделі жылдары от пен оқтың ортасында жүріп, қаншама бейкүнә жандардың өмірін аман алып қалуға атсалысты. Кеңес үкіметінің күні сөнуге таяған кезеңде туған жердің тыныштығы үшін қолына қару ұстаса да, жүрегіндегі мейірім мен адамдықтың шырағын сөндірмеген Бекен (Бимахан ағаның ел арасындағы есімі!) ағаның ғұмыры — өскелең жастарға үлкен өнеге болары анық. Бүгінгі мақаламызда «Түркістан» газетінің оқырмандарына кейіпкердің ғана емес, тұтас бір кезеңнің бейнесін, ерліктің ерен үлгісін баяндамақпыз.
Сонымен, 1957 жылдың 15 наурызында Кентау қаласында дүниеге келген Бимахан Сабитұлы 1974 жылы Кентаудағы №1 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті тәмамдаған. 1975 жылы қаладағы 6 айлық жүргізуші мектебін аяқтап, 1976–1978 жылдары аралығында Беларусия Республикасында әскери борышын өтейді. Әскер қатарына алынғаннан бастап Бекен аға Беларусияның Минск қаласындағы үлкен әскери бөлімде болған. Әскердің алғашқы жылы Ресейдің Мәскеу маңындағы Одинцовский ауданында 6 айлық оқу-жаттығу жиындарына қатысқан ол үлкен жетістіктерге жеткен. Дәлірек айтсақ, өрт сөндіру-құтқару спортынан 1 дәрежелі атақ алып, сержант әскери шеніне қол жеткізеді. Өрт сөндіру тәжірибесінде қолданылатын түрлі тәсілдерді орындаудан тұратын қызметтік-қолданбалы спорт түрі бойынша шеберлік танытқан Бекен ағамыз әскердегі күндерін әсерлі әңгімелеп берді.
— Әскерде жарқын жетістіктерге қол жеткізгеннен кейін Беларусия Республикасының Гомель облысы маңындағы қалған 1 жыл әскери борышымды өтедім. Бұл жақта да 6 айлық оқу-жаттығу жиынында болдым. Әскерге жаңадан келген жас сарбаздарды өрт сөндіру-құтқару спортына дайындап, бұл саланың қыр-сырын үйретуге тырыстым. Төтенше жағдай орын алғанда төзімді болу — бұл саладағы ең маңызды қасиет десек артық емес. Бір жыл бойы өзімізден кейін келген жігіттерден жасақталған бөлімге жетекші бола жүріп, түрлі жаттығулар мен дайындықтарға дағдыландық. Осылайша, әскердегі екінші жылымды аман-есен атқарып, алғашқылардың қатарында туған жерге оралдық. Шүкір, әскердегі жылдар менің өміріме үлкен тағылым болды. Жоғарыда айтып өткендей, жақсы жетістіктерім де болды, — дейді батыр ағамыз. Елге келгеннен соң өрт сөндіру қызметіне орналасқысы келген Бимахан Танкибаевтың өмірі басқа арнаға бұрылады. Дегенмен өрт сөндіру-құтқару спортынан спорт шеберлігіне үміткер жас Бекен бірнеше жылдық тәжірибесінің арқасында ішкі істер саласына қызметке орналасады. 1978 жылдың маусым айында Кентау қалалық полиция бөлімінің «Күзет бөлімінде» жұмысын бастайды. 1981–1983 жылдары аралығында Кентау қаласы «Кеңесалы колледжінде» оқып, 1985 жылы лейтенант шенін алып, «Күзет бөлімінде» взвод коменданты болып тағайындалады.
Көлік артындағы көлеңке
Бимахан Сабитұлы аталған қызметте жүрген жылдары, дәлірек айтсақ, 1987 жылдың қазан айында Кентау қаласының аумағында жолаушы тасымалдайтын таксистердің өліміне байланысты күрделі жағдайлар орын алып жатқан еді. Аумалы-төкпелі жылдардағы адам шоитын оқиғалар туралы әлі де аңыз бен ақиқат қатар айтылып келеді. Сол шақтарда өз міндетін абыроймен атқарған жанкешті жігіттің үлкен тәуекелге баруы екінің бірінің қолынан келетін батылдық емес еді. Бізбен әңгімесінде Бекен аға бұл туралы толығырақ баяндап берді.
— 1987 жылы Кентауда таксистерді өлтіретін жағдайлар орын алып жатты. Жаңа көлік алған таксистерді 2 қыз және 2-3 ер адам Түркістан — Кентау, Кентау — Ащысай, Атабай бағыттарында жалдайды. Сондай кездердің бірінше Атабай бағытындағы жолдың бойында бір таксистке қастандық жасалып, соңынан жолдан аулақ маңайда мәйітке жанармай құйып, өртеп жіберген жағдай болған. Көлік табылғанша ол оқиға белгілі болмады. Себебі, көлік жүргізушісі зейнеттегі адам еді. Ал оны іздейтін отбасындағы балалары Ресейге кетіп, әйелі жолдасын тапсырысқа кетті деп алаңсыз отырған. Ол уақытта қазіргідей телефон сияқты байланыс құралдары да жоқ еді. Арада бірнеше күн өткеннен соң қайтыс болған таксистің мәйітін бір қойшы көріп, жедел хабар берген. Осы оқиға орын алғаннан соң қала тұрғындарында үрей пайда болды. Ал мен ұсыған ұқсас екінші рет көлік ұрлығы тіркелген кезде бір қылмыскерді ұстадым. Түркістан қаласының 40 жас шамасындағы тұрғыны су жаңа «Ваз 2107» көлігімен жүретін. Осы салада қызмет атқарғасын біз қаладағы қай көліктің қашан келгенін, иесі кім екенін жобалап білетінбіз. Бір күні жаңағы көлік нөмірінің жұлынғанын, көшеде тоқтап тұрғанын аңғардым. Автокөлікке жақындай бергенде көлік жүргізушісіне «тоқта» деп айқайладым. Бір уақытта келесі бағыттан бір жас жігіт жүгіріп келіп, көлікке мініп қашуға әрекет жатты. Терезесі ашық болған соң мен бірден көліктің кілтін суырып алдым. Қарсылық танытып, бағынбай бара жатқан соң әлгі жігіттің қолын қайырып, полиция бөлімшесіне апардым. Бұрын күреске, жауынгерлік самбоға қатысқанымның арқасында қолды қайыру тәсілін қолданып, күдіктіні құрықтадым. Ал бөлімшеге келгенімде маған әріптестерім «Бекен, сен бізді шаршаттың. Әркімді қылмыскер деп осында қамай бересің» деп көнбеді. Біріншіден, көлік нөмірі жұлынғанын, екіншіден бұл орыс ұлтының азаматы болса, көлік қазақ азаматтың атында екенін түсіндірдім. Үшіншіден, жүксалғышта қан ізі барын және шағын қобдишада үлкен пышақ жатқанын айттым. Болмаған соң бастығымызға кіріп, мән-жайды түсіндірдім. Осы сәтте бастықтың қабылдауында Шымкенттен келген подполковник отыр еді. Оқиғаны баяндағаным сол, барлығы шулап сыртқа шықты. Шымкенттен келген комиссиямыз бірден бастығымнан мен туралы анықтама сұрады. Кейін осы қызметім үшін облыстық полиция департаментінің бастығы Т.Дуабеков «милиция үздігі» төсбелгісімен марапаттады, — дейді ағамыз.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Бимахан Сабитұлы ішкі істер органдарында еңбек ететін қызметкерлер үшін мәртебесі биік «милиция үздігі» төсбелгісімен 3 рет марапатталған. Бұл соның алғашқысы еді.