ТҮРКІСТАН: ҮШ ЕРЛІК — БІР ТАҒДЫР — 2


Қаруға қарсы қайсарлық
Кентау қаласында болып жатқан аты шулы «таксистер өлімі» бойынша кезекті оқиға 1987 жылдың қазан айының аяғында болған. Бұған дейін баян еткендей, бірнеше көлік ұрлау фактілері тіркелген соң, ендігі мақсат — қылмыскерді ұйымдастырушы топтардың алдын кесу болатын. Айта кетейік, сол уақытта ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл жүргізу үшін орталықтан (Шымкент қаласы) арнайы жедел-тергеу тобы да келген екен. Себебі, Кентау қаласындағы Қонаев көшесі №1 үйдің №3 пәтерінде осыған дейінгі «таксистер өліміне» себепкер болған қарулы қылмыскер жасырынып жатқаны жайында хабарламасы түскен. Аталған оқиға орнынан шақыртылған Бекен аға бұл сәтті былай еске алады:
— Таксистерді өлтірген топтың басшысы орыс азамат еді. Жергілікті тұрғын болғанымен, бұған дейін бірнеше мәрте түрмеге отырып шыққан еді. Енді біздің алдымызда жігіттің анасын көндіріп, қылмыскерді үйде жатқан жерінен ұстау міндеті тұр еді. Сол уақытта Шымкенттен келген жедел-тергеу тобы қылмыскердің тығылып жатқан пәтеріне кіруге бата алмай тұрған еді. Сосын «Күзет қызметінде» жұмыс жасап жүрген мені бөлімшеге шақыртып, пәтерге менің кіретінімді ескертті. Басып алу тобынан ешқандай қызметкер ббарғысы келмеді. Бұған дейін бірнеше мәрте қылмыскер топтың жігіттерін байқаған едім. Бұл жолы топтың үлкені саналатын жігіттің анасынан барлық ақпараттарды алып, іштей дайындық жасадым. Түскі уақытта қылмыскердің анасы сол пәтерге тамақ апарады екен. Сонымен бірге, анасынан пәтерде қанша құлып бар екенін де сұрап алдым. Себебі үйдің есігін теуіп кіруді есепке алуым керек болатын. Қысылтаяң сәтте жаныма серік болуға ешкімнің батылы болмады. Содан спортқа бейімі бар жанымдағы жігітті ертіп алатын болдым. Алайда, автомат алудан бас тарттым. Біз атысуға емес, қылмыскерді ұстауға бара жатырмыз ғой?! Жолдасыма «мен айтқанда ғана ішке кір» деп тапсырма бердім де, анасымен пәтерге қарай жақындадым. Есік кілті екі рет бұралған сәтте есікті теуіп кіргенім сол, қылмыскердің қолы кастюмнің қалтасындағы тапаншаға сәл жетпей тұр екен. Лезде кеуде-қолтық әдісін қолданып, қаруын тартып алдым. Сөйтіп қылмыскерді Кентау қаласының полиция бөліміне жеткіздік, — дейді батыр. Бұл Бекен ағаның «милиция үздігі» төсбелгісімен екінші мәрте марапатталған кезі еді. Айта кетейік, ерлікке толы екі оқиғаның арасы жарты айға жуық уақыт екен.
Тәуекел мен тосқауыл
Тәртіп сақшысы үшін қылмыскерді ұстау — басты міндет. Бірақ оны қару қолданбай, қайсар жүрек пен тапқыр тәсіл арқылы қолға түсіру қиынның қиыны. Бимахан Танкибаевқа кентаулық тұрғындар ерекше құрметпен қарайды десек артық айтпаған болар едік. Ойлай дейтініміз, кенді қаланы тағы бір қылмыстық үрейден құтқарған келесі оқиғаның артында тағы да кейіпкеріміздің есіме тұр. 90 -жылдары Кентауда бұзықшылықпен аты шыққан Тастемір Бекетаев бұл оқиғаға дейін бірнеше рет темірторға қамалған екен. Физикалық тұрғыда өте күшті жігіттің жергілікті сақшылардан айласын оңай асырып кеткен кездер де аз болмаған.
— Ол кезде менің әріптесім жетпіске таяған кісі еді. Бір күні алаңда тұрғанда талтаңдап бара жатқан бір жігітті көзім шалды. Әріптес ағам маған «бәрі айтып жүрген Тастемір деген бәле осы ғой» деді. Содан Тастемірмен танысуға бел байладым. Бірақ жанымдағы серігім бұзық жігітке жоламауды өтінді. Себебі, бұған дейін бірнеше адамды пышақтаған Тастемір туралы түрлі үрейлі әңгімелер айтылып жүрді. Алғашқы таныстығымыз төбелеске ұласты. Тастемірдің қаншалықты мықты жігіт екенін талай естідім. Сөйтіп ол мені жекпе-жекке шақырды. Менің салмағым 120 кг, ал оның салмағы ары барса 75 кг еді. Сөйтіп жекпе-жекте жеңіп шығып, Тастемірмен «танысып алдым». Тастемірдің әйелі татар ұлтының қызы еді. Күндердің күнінде ішімдік ішкен Тастемір әйелін көшедегі жігіттерден қызғанып, үйінен шығармай қойған. Психологиялық ауытқуы бар ол айтқанына көнбеген соң, әйелінің бөксесін 2-3 жерден пышақпен жарақаттаған екен. Қан тоқтамаған себепті әйелі ауруханаға түсіп, қыздың ата-анасы арыз жазады. Тастемірге қарсы келуге жүрексінген милиция қызметкерлерінен нәтиже болмайды. Бұл кезде Тастемір бой тасалап үлгерген. Сөйтіп, қыздың ата-анасы Мәскеуге барып арызданады, артынша Шымкенттен Тастемірді табу бойынша бұйрық келеді. Қылмыскерді табуға тиісті топ құрамына мені де қосты. Шымкенттен қосылған екі арнайы қызмет өкілдеріне сенім артпай, жанымдағы әріптесім екеуміз Тастемірді ұстайтын болып шештік. Содан Жамбыл облысының Жуалы аймағына жолға шықтық. Таудың ортасындағы ашық алаңда қойшының ауылы бар еді. Сол маңайда бір жігіт ағаш тілгішпен жұмыс жасап жатты. Көз жететін жерге келгенде Тастемір екенін таныдым. Ағаш тілгіштің дауысынан жақын тұстағы дауыстар естілмейтін. Осы тұсты пайдаланып, Тастемірдің артынан жасырын барып, тапжылтпастан қолын қайыра ұстадым. Мені көрмеген күйі Тастемір «Бекен, сен бе?» деп танып қойды. Осылайша, тағы бір қылмыскерді қару қолданбай қолға түсірдім, — деп еске алды Бимахан аға. Айтуынша, жоғарыда аталған таксистер өліміне байланысты екі оқиға мен Тастемірді тұтқындаған уақыттың арасы тура 1 жыл екен. Бұл ерлігінен соң Бекен аға 1988 жылы 6 қарашада үшінші мәрте «милиция үздігі» атанады.
Өмірінің елеулі кезеңін халықтың тыныштығы мен елдің бейбітшілігіне арнаған батыр аға өткен күндерді осылай есіне алады. Бимахан Танкибаев 1981 жылы отбасын құрып, бүгінде 2 ұл, 3 қыздан немере сүйіп отырған ардақты ата. Қазіргі таңда Кентау қаласының дамуына өз үлесін қосып жүрген ел ағасы қала аумағындағы қалдық қоймалардың тұрғындарға тигізген зиянын бірнеше жыл бойы мәселе ретінде көтеріп келген. Жұқпалы және тері ауруларына соқтырған қалдық қоймаларды жабу туралы экология министрлігіне және жергілікті билікке бастама жолдаған ол ел болашағына бейжай қарамайтынын жасырмайды. Қоғамға, кенді шаһардың дамуына тигізген пайдасы үшін 2016 жылы Бимахан Сабитұлына «Кентау қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Осындай отанға адал азаматтардың өмір жолы – ұрпаққа өнеге бола беретіні сөзсіз. Ал оны көпшілікке таныту — біздің міндетіміз.
Жүз жасаңыз, қайсар жүрек иесі!
Дәурен ТІЛЕУХАН.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы