
Ел ішінде бір отбасының бірнеше адамының майданға аттанып, ешбірінің қайтпай қалған жағдайлары да аз емес. Тіпті, әкесі мен ұлы соғысқа қатар шақырылған деректер де аз кездеспейді. Осындай қазақ отбасыларының бірі – Баймұсаевтар әулеті.
1925 жылы Төлеби ауданында дүниеге келген Әлібек Баймұсаев майданға 1943 жылдың мамыр айында шақырылып, 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгері атанады. Ол осы дивизияның 23-полкі сапында Латвияны жаудан азат етуге қатысады.
Әлібек атамыздың әкесі Баймұса Жақыпұлы 1942 жылы, ұлынан бір жыл бұрын, 40 жасында Ленинград майданына аттанған. Баймұса атамыз 1902 жылы қазіргі Сайрам-Өгем қорығының аумағында дүниеге келген. Ол кісі соғыс өрті тұтанғанда 4 ұл, 2 қыздың әкесі еді.
1942 жылы 26 қыркүйекте Нева өзенін кесіп өту кезінде кенеттен жау шабуылына ұшырап, кеңес әскері үлкен шығынға ұшырады деген мәлімет бар. Бұл сөзімізді 2013 жылы бұрынғы Ленинград облысы, Невская-Дубровка елді мекенінен табылған 1400-ге жуық жауынгердің жерленген зираты растайды. 2015 жылы сол бейітте жерленген әскерлердің есімдері жазылған құжат табылды. Сол тізімге Баймұса Жақыпұлының да аты түскен.
Әкесінің ізін ала майданға аттанған Әлібек осы соғыста батырлығымен көзге түсті. Көрсеткен ерлігі үшін 1944 жылы 25 тамызда «Қызыл Жұлдыз» орденімен, 1945 жылы 9 мамырда «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Сондай-ақ, «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы фашистік Германияны жеңгені үшін» медалін де иеленеді.
«Қызыл Жұлдыз» орденінің марапаттау құжатында Әлібек Баймұсаұлы атамыздың ерлігі былай баяндалады: «Жолдас Баймұсаев неміс басқыншыларымен шайқаста өзін батыл жауынгер ретінде көрсете білді. 1944 жылғы 10 шілдеде болған жауға қарсы ұрыста Әлібек Баймұсаевтың зеңбірегінен атылған оқ жаудың 1 көлік құралын, 1 зеңбірегін, 1 танкісі мен 1 қол пулеметін жойды. Тұтқынға түскен жоқ, қоршауда қалған жоқ. Үкіметтік марапатқа лайықты» деп жазылған.
Атамыздың «Ерлігі үшін» медалінің құжатында тағы бір ерлігін төмендегідей жазады: «1945 жылдың 14 ақпанында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан «Ерлігі үшін» медалімен 6-атқыштар ротасының, қызыләскері Баймұсаев Әлібек марапатталады. Ол 1943 жылдың маусымынан бастап неміс басқыншыларымен Отан үшін шайқасқа түсіп келеді. Бірнеше рет батылдық көрсетті. 04.08.1944, 08.10.1944 және 05.01.1945 жылы 3 рет жарақат алды. Қазақ, партияда жоқ. Әскерге 1943 жылы 29 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысының Георгиев АӘК-нен шақырылған. ІІ Балтық майданы».
Бұл соғыста талай боздақтардың өмірі қыршынынан қиылды. Қаншама үйдің шаңырағын «қара қағаз» шайқалтып кетті. Миллиондаған бала жетімдік қасіретін тартты.
Сұм соғыстан батырлар елге аман оралғанда дүйім жұрттың қуанышында шек болмады. Әлібек Баймұсаұлы – 1945 жылдың тамызында Ленинград қаласында өткен Жеңіс парадына қатысқан қайсар қазақтың бірі. Соғыс біткен соң әскерде қызметін жалғастырып, 1948 жылы елге оралды. Төлеби ауданындағы
С.Сейфуллин ұжымшарында ұзақ жыл табысты еңбек етті. Әлібек ата Ханымай апамыз тапқан, Ұлдыкүл апамыз баққан 8 ұл-қыздан өрбіген, немере, шөбере, шөпшек тәрбиелеген абыз ақсақал атанып, 2004 жылдың наурыз айында дүние салды.
Бүгінде батырдың ұрпақтары халық шаруашылығының әртүрлі саласында жемісті қызмет атқаруда.
Асқат КЕҢЕСҰЛЫ.