ТҮРКІСТАН: МӘЛІК ҒАБДУЛЛИННІҢ ҮШ ЖАҚСЫЛЫҒЫ


Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлеріміздің үйін аралап, құрмет көрсетіп жатқан бетіміз. Білесіздер, өңірімізде майдангерлердің бар-жоғы сегізі ғана қалған…
Созақтың Сызғанында тұратын қарияны бір-екі рет іс-шарада көргенім болмаса емен-жарқын әңгімелескен емес едім. Салмақты да сабырлы ақсақал көбінде әңгімеге араласпай, өзімен өзі ойға шомып отыратын. Мүмкін оның көпшіліктің арасында қадірлі болуы осы орнымен ғана сөйлейтіндігінде болса керек.
Майдандағы ерлігі бір бөлек, білім саласындағы басшылық қызметі де назар аударарлық. Парасатты басқарудың үздік тәсілдерін меңгерген «ҚР оқу ағарту саласының үздігімен» мерейтойымен құттықтап барғанда кеңінен сұхбаттасудың сәті түсті.
Келіншектаудың етегіндегі, Қаратаудың қара тасын қақ жарып әр жер-әр жерден бүлк-бүлк етіп шығып жатқан бал-бұлақтар Қозмолдақ–Сызғанды көкмайса сазға айналдырып, көздің жауын алады. Биік қырдың басында Саңғыл би кесенесі тұр. Жасы жүзді алқымдаған майдангер Мырзахмет Жылысбаев осы Саңғыл бидің ұрпағы.
Мырзахмет ата отырған бөлмеге кірдік. Төрде орден, медальдарын қатарластырып тағып алған ардагер қасқайып, бізді күтіп отыр екен. Атамыздың кесек-кесек сөзіне, есте сақтау қабілетіне сүйсіндім. Сөзі түзу, ойы орнықты. Әлі күнге газет оқиды. Көзіне хрусталь салдыртқалы көзілдірік тақпайды екен.
Мырзахмет ақсақал Қозмолдақта дүниеге келіпті. Бір жасқа толар-толмаста әкесі дүниеден озған. Анасы Хатша 27 жасында жесір қалып, Мырзахметті жалғыз өзі жеткізіпті. Жүзге келсе де атамыздың жүрегі анасын іздейді. Тоғыз ай, тоғыз күн көтерген анасына деген мәңгі басылмас сағынышын, қимастығын ұғыну үшін, құрметін түсіну үшін қасында отырып, әңгімесін өз құлағыңмен тыңдау керек.
Мырзахмет ата Қозмолдақтағы жетіжылдық мектепті бітірген соң егінге қарауыл, табельші, сауат ашу мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген. 1944 жылдың қазанында әскерге алынып, Чкалов қаласы маңындағы әскери полигонда даярлықтан өтіп, майданға аттанады. Белоруссия майданында генерал-полковник Батовтың 92-ші автоатқыштар полкі құрамында соғысады. Қан-қасап соғыста ерліктің үлгісін көрсеткен ол көптеген селоларды жаудан азат етуге қатысқан. Алған бетінен қайтпайтын, алдына мақсат қоя білетін қайсар мінезімен өзге жауынгерлерге үлгі болады. Ерлігі ескеріліп «Қызыл Жұлдыз» орденімен, көптеген медальдармен марапатталады.
Соғыс жеңіспен аяқталған соң жауынгерлер елге орала бастады. Алайда, Мырзахмет Жылысбаевты әскерде қалдырылып, 1945-1950 жылдар аралығында ол құпия бөлімде іс жүргізуші қызметін атқарады. Осылайша Қозмолдақ–Сызғаннан шыққан қара бала құпия қызметтің қыр-сырын үйреніп, тәжірибе жинақтайды. Ары қарай оған басшылық Жапония, Қытай, Корея, Вьетнам, Моңголия сынды елдерге құпия барлауға баруды ұсынады. Ол бас тартады. Командирінің «Осы жұмысты жалғастыр, бес жыл құпия оқуды меңгердің, тәжірибең бар» деген кеңесіне де құлақ аспайды. Екі көзі төрт болып отырған анасын ойлап, елге оралады.
1950-1953 жылдар аралығында Созақ селосындағы мектепте мұғалім болды. Осы тұста майданнан бойға сіңірген темір тәртіп пен ерекше талпынысының пайдасын көрді. Жоғары білім алуды көздеп, 1953 жылы Алматыдағы ҚазПИ-ге құжат тапсырады. Алайда, сынақтан өте алмайды. Қайтсе де оқуға ілінудің жолын іздеп, Оқу министріне өтініш хат жолдайды. Институт ректоры өзі сияқты майдангер, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин екенін білген соң министрден хат келсе, қабылдап қалар деген үмітте болады. Үміті ақталып ректор оны қабылдайды.
«Орнынан тұрып, қолымды алды. Қасындағы қабырғаға тақау тұрған орындықта отырған ұзын бойлы, орта жастағы кісіні парторг деп таныстырды. «Соғысқа қатысқан екенсің. Білімің төмен, емтиханды қайта тапсырасың» деді. Үмітім ақталып, химия-биология факультетіне қабылдандым. Осылайша Мәлік Ғабдуллиннің бірінші жақсылығын көрдім» дейді Мырзахмет ата.
Оқуға түсуін түссе де жатақхана да ала алмайды, стипендияға да іліне алмапты. Көп ұзамай Өзбекстанға мақта теруге барады. Декан оған «егер мақта теру жоспарын орындай алмасаң, бірінші болып оқудан шығасың» депті. Мырзахмет ата таңалакеуімнен қас қарайғанша мақта теріп, қапшық-қапшық мақтаны жайып кептіріп, күніне екі рет өткізіп отырыпты. Бір күнде 100 келі тапсыру керек болса, ол 250 келі мақта теріп, үздік атаныпты.
– Ауылға келіп, екі-үш күн анамның қою шайын ішіп, сүр етін жеп, демалып, сосын жолға шықтым. Автобус жоқ. Ол уақытта пойызды әлі ешкім көрмеген. Созақта теміржол болмаған. Топырақ жолдың бойында қол көтеріп тұрғанымда қауын артқан машина тоқтап, Алматыдағы Көкбазардың дәл қақпасының алдына дейін жетіп алдым. Қауын иесі жолақысына қауындарын түсірісіп жіберуді өтінді. Шопырмен екеулеп түсіре бастадық. Қара терім шықты. Кеш батып барады. Түнейтін жерім де жоқ. Үстімді қағып-сілкіп болған соң шамаданымды іздесем, ұшты-күйлі жоқ. Ешкім ештеңе білмейді. Базардағы милициялар отыратын пунктке барып, арыз жаздым. Бір милиция қызметкері бетіме қарап тұрып, «шамаданын кім қараусыз қалдырады?» деп таңданды. Киім де жоқ, құжат та жоқ. Ұнжырғам түсіп институтқа келдім. Алғашқы кезде жігіттердің киімін ауысып киіп жүрдім. Олар қашанғы бере берсін?! Күн суыта бастады. Ешкімде артық киім жоқ. Ректорға кіріп, көмек сұрадым. Кәсіподақ төрағасын шақырып алып, «Аздап ақшалай көмек берейік, бірақ көп емес. Ал, құжаттарыңды қалпына келтіруге көмек болады» деді. Құжаттардан бөлек, ректор стипендия мәселесін де шешіп берді. Осылайша Мәлік Ғабдуллиннің екінші жақсылығын көрдім.
Жасым отыз бірге келгенде институтты бітірдім. Диплом аларда Мәлік Ғабдуллин алдын-ала шақырып, «біз сені шетелдердегі қазақ мектептерінің біреуіне мұғалім етіп жіберуді шешіп отырмыз» дегенде, шошып кеттім. «Аға, жаныңыз ашыса елге жіберіңіз» деп, анамның күтіп отырғанын айттым.
«Бұл саған берілген мүмкіндік еді. Мұндай жолдама кез келгенге берілмейді. Ал, сен лайықты едің» деді институт басшысы».
Майдангер-студенттің алған бетінен қайтпайтынын сезген Мәлік Ғабдуллин «ананың қадірін білген жақсы, сәттілік тілеймін» деп Мырзахмет Жылысбаевқа Созақ ауданына жолдама береді.
Ол осылайша Мәлік Ғабдуллиннің үшінші жақсылығын көріпті. Туған топырағына оралып, бар білімі мен тәжірибесін оқу-тәрбие ісіне жұмсайды.
Еңбек пен ерлік шыңдаған майдангермен қимай қоштастық. «Қызым, 80 жылдыққа аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы той жасап бермекші, тойымның қадірлі қонағы бол, шақырамын» деді орнынан тұрып жатып. Елге ұстын, ұрпаққа үлгі, сүйегі асыл, тәспісінен жаңылмаған көркем мінезді Мырзахмет атаның тойы Қаратау бөктерінде дүркіреп өтетініне сенімдімін.
Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы
атқарушы хатшысының орынбасары,
облыстық мәслихаттың депутаты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы