ТҮРКІСТАН: ҰЛТТЫҚ НАМЫСТЫҢ АЙҒАҒЫ


Жылдар өтсе де, соғыс зардабы мен жауынгерлердің жанқияр ерлігі ұмытылмайды. От пен оқтың ортасында жүріп, туған жерді жаудан қорғаған боздақтарымыз аз емес. Сондай ерлердің бірі – Абдолла ҮСЕНОВ.
Абдолла Үсенов 1924 жылы 18 шілдеде Түркістан қаласында дүниеге келген. Осындағы 4 сыныптық теміржол мектебін бітірген. Соғысқа дейін Түркістан вагон жөндеу депосының цех механигі болып жұмыс істеген. 1942 жылы небәрі 18 жасында әскер қатарына шақырылады. Бірінші Украина майданындағы 60-шы армияның 112-ші Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясы, 159-шы саперлер батальоны құрамында майданға кіреді.
1943 жылы 7 желтоқсанда Нивки селосын жаудан азат ету үшін болған алапат айқаста А.Үсенов фашистің «Тигр» танкісін жояды. Осылайша жаудың бетін қайтару жолында өз өмірін құрбан етті. Минаны жарып, танкпен қоса өзі де мерт болып, 19 жасында ерлікпен қаза тапты.
Абдолла Үсеновтің майдандағы жанқиярлық ерлігі туралы тұңғыш деректер оның майдандас досы Геннадий Кривохижиннің «Қазақ даласының қайсар ұлы» атты очеркінде суреттеледі. Сол естелікте батырдың ерлік жолы былай сипатталады:
«Ол 40 келі тартатын минаны арқалап, жырамен жер бауырлай ілбіп келе жатты. Бір тұсы қармен, енді бірі таспен бітеліп қалған жыраның іші тар, дем алуға да мүмкіндік жоқ. Абдолла кейде сүрініп, кейде құлап жатып та тоқтамады, тек алға жылжыды. Қара жолаққа, яғни минаны қоюға тиіс жерге санаулы метрлер қалған сәтте орман ішінен жау танкілері лап қойды…».
1944 жылдың 25 тамызында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен А.Үсеновке жанқиярлық ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сондай-ақ, 1994 жылы Үшқайық ауылдық әкімдігінің ұйымдастыруымен ауыл азаматтары бас қосқан жиында арнайы шешім қабылданып, Теке ауылы Абдолла Үсеновтің есімімен аталатын болды.
Абдолла Үсеновтің ерлігі – бір адамның емес, тұтас ұлттың намысын айғақтайтын ерлік. Сондықтан Отан үшін от кешкен боздақтардың рухына басымызды иіп, тағзым ету – баршамызға парыз.
Фатима Қозыбақова,
ғылыми жетекші.
Алтынай ҚАМШЫБЕК,
Назерке ПЕРНЕБЕК,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің
І курс студенттері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы