
Ұлы Отан соғысы деп аталған бұл зұлматта Кеңес Одағы құрамындағы Қазақстан да Жеңіс үшін орасан зор үлес қосты. Ел басына күн туған шақта қазақтың жүздеген мың ұл-қыздары қару асынып, Отанды қорғауға аттанды. Солардың бірі – Кеңес Одағының Батыры, 138-атқыштар дивизиясының командирі, ержүрек сардар Расул Есетов еді.
Биыл Расул Есетовтің туғанына 100 жыл толып отыр. Ол 1925 жылы 25 маусымда қазіргі Түркістан облысы, Түркістан қаласы маңындағы Теке ауылында дүниеге келген. Әкесі Есет – Қарағанды облысы, Қарқаралы өңірінің Наршөккен деген жерінен шыққан. Ашаршылық жылдары Түркістанға қоныс аударып, осында өзбек қызы Хадишамен отбасын құрады.
Расул жастайынан алғыр, батыл әрі отаншыл болып өседі. 1941 жылы соғыс басталғанда небәрі 16 жаста еді. Әскерге тек 18 жастан бастап қабылданатындықтан, ол өз жасы мен ұлтын өзгертіп, майданға сұранады. Түркістан қалалық әскери комиссариатынан шақырту алып, 1943 жылы соғысқа аттанады.
Ашхабад қаласында әскери дайындықтан өтіп, алғашқы шайқасын Бірінші Украина майданында бастайды. Кейін Төртінші Украина майданы құрамында ұрыс жүргізіп, Шығыс Еуропаны азат етуге қатысады. Карпат таулары, Польша, Украина жеріндегі ұрыстардың бел ортасында болады. Батырлығымен көзге түскен ағамыз бірнеше рет жараланса да, қайтадан сапқа тұрады.
1944 жылдың қарашасында Ужгород қаласы маңында шешуші шайқас өтеді. 138-атқыштар дивизиясының шабуылдаушы ротасына жаудың биіктікте орналасқан мықты бекінісін алу тапсырылады. Айналасы тікенек сыммен қоршалған, ДОТ және ДЗОТ сынды атыс ұяларымен бекітілген бұл позицияны алу оңай болмайды. Жау пулеметі бас көтертпей оқ жаудырып жатқанда сержант Расул Есетов батыл шешім қабылдап, пулемет орналасқан ДОТ-қа жер бауырлап жақындайды да, гранатаны тесіктен лақтырып, жау ұясын бұзады.
Осы батыл әрекеттің нәтижесінде шабуылдаушы топ жау траншеясына басып кіріп, екі ДОТ-ты жойып, тоғыз фашист солдатын тұтқынға алады. Бұл – он тоғыз жасар командирдің ерлігі мен тапқырлығының жарқын көрінісі еді.
Соғыстан кейін елге оралған Расул Есетов бейбіт еңбекке араласты. Ол 2004 жылы туған жері Қарқаралыға арнайы сапарлап барып, ата-бабаларының жатқан жеріне тағзым етеді. Өзінің қазақ екенін сол сапарда ашық айтып, жұртқа өнеге көрсетеді.
Ержүрек жауынгер, Ұлы Отан соғысының ардагері Расул Есетовтің есімі ел жадында мәңгі қалды. Қарқаралы өңіріне арнайы барған сәтінде оған «Қарқаралы ауданының құрметті азаматы» атағы берілген болатын. Бұл – елінің оған деген ризашылығы мен қадір-құрметінің айғағы еді.
Кіндік қаны тамған қасиетті Түркістан өңірінде де Расул Есетовтің есімі құрметпен аталады. Оның ұрпақтары бүгінде осы өңірде өсіп- өніп, ата жолын жалғап келеді.
Расул ата өмірлік серігі Мастура анамен төрт перзентті – Айтжан, Саламат, Әлімжан есімді ұлдар мен Мархаба атты қызды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардан тараған сол ұрпақтар батыр аталарының қаһармандық жолын мақтаныш тұтып, тәуелсіз еліміздің дамуына өзіндік үлестерін қосып келе жатыр.
Ирода ОМАРОВА,
Р.Есетов атындағы №20 мектептің кітапхана меңгерушісі.
Түркістан қаласы.