
Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Адамзат баласына орасан зор қайғы-қасірет әкелген отты жылдардың зардабы әлі де елдің жүрегінде. Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен құрбан болғандардың барлығын да Жеңіс күнін жақындатуға жанқиярлықпен үлес қосқан батырлар деп айтуға болады. Тірі қалғандары елге оралған соң қираған шаруашылықтарды қайта қалпына келтіру жұмыстарына атсалысты. Соғыстан елге аман-есен оралып, бар күш-жігерін құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге арнаған Наурыз ӨТЕГЕНОВ тірі болғанда биыл 100 жасқа толар еді.
Наурыз Әлжанұлы 1925 жылы 14 наурызда Орал облысы, Жаңақала ауданының Новая Казанка ауылында дүниеге келген. 1942 жылы 10 сыныпты бітірген соң өзі өтініш білдіріп, әскерге сұраныпты.
– Атам жайлы естелікті әкемнен көп еститінмін. Әкем Әділғазы атамыз жайлы естеліктерді айтқан кезде сол сұрапыл соғыстың ортасында жүргендей сезінетінмін. Атам Наурыз Әлжан- ұлы өзінің қатарластары сияқты майданға барғысы келіп, әскери комиссариатқа 1942 жылы 17 жасқа толғанда соғысқа жіберу туралы өтініш береді. Сөйтіп, жас жігіт кіші командирлер мектебіне қабылданады. Оны аяқтаған жастардың ішіндегі ептілерін, еті тірілерін КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Алматы облысаралық арнайы мектебіне оқуға жібереді. Атам осылай бірден сержанттық мектепке оқуға қабылданады. Курсант кезінде-ақ өзінің жауапкершілігімен, қабілеттілігімен көзге түседі. Алматы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің арнайы мектебін аяқтаған соң «Смерш» қарсы барлау басқармасының офицері ретінде қауіпті агентті әшкерелеуге Қызылорда қаласына жіберіледі. Екі апта ішінде тапсырманы сәтті орындаған Наурыз Әлжан-ұлына кіші лейтенант атағы кезектен тыс беріліп, Солтүстік Кавказ «Смерш» қарсы барлау басқармасынан майдан шебіне жіберіледі, – дейді немересі, отставкадағы полковник Нұрлан Өтегенов.
Наурыз Әлжанұлы Ішкі Істер Халық Комиссариаты (НКВД) әскерінің 101-бригадасы құрамында Солтүстік Кавказ, Украина, Прибалтика, Польша аумақтарында жаудың агенттерін жоюға қатысады.
– 1942 жылдың күзінде кеңестік барлау қызметтеріне Қызылорда қаласында старшина атын жамылған неміс диверсантының шыққаны, оның жеке үйлердің біріне тоқтайтыны жайында хабар түседі. Атамды нұсқау бойынша қызыләскер старшинасының киімімен Қызылордаға жібереді. Бұл кезде атам әлі курсант. Өзіне жүктелген міндетті атқару үшін аталған мекенжайға барады. Ол үй иелеріне ұлының досы екенін, майданға жіберілетін күнді күтіп жүргенін айтып, бірнеше күн осында тұруға өтініш жасайды. Бір-екі күннен кейін әлгі үйге неміс агенті келеді. Атам сол үйге келген неміс агентін терең оймен еске алатын. Оның сөзіне қарағанда, неміс диверсанты дені сау, қызыл шашты, орысша таза сөйлейді екен. Үй иелерімен сәлемдескен агент жақсы сарбаз тәрбиелегендері үшін оларға алғысын білдіреді. Ал, олар агентке риза болып, ұлдарына қарап жүруін өтінеді. Үй иелері атамды ұлымның досы деп таныстырады. Осылайша агентпен бір шаңырақ астында тұрған атам тыңшының әр қадамын қауіпсіздік қызметкерлеріне хабарлап отырады. Оның сөмкесіндегі құжаттарды, кодтарды, парақшаларды, жалған құжаттарды, бланкілерді және әртүрлі брикеттерді анықтайды. Бірнеше күннен кейін неміс барлаушысы өзінің майданға қайтатын уақыты келгенін айтып, атама теміржол вокзалына дейін шығарып салуын өтінеді. Атам пойыз келгенге дейін мейрамханада түскі ас ішуді ұсынып, түскі ас пен ішімдікке тапсырыс береді. Әлгі агент мас болған кезде қауіпсіздік қызметкерлеріне алдын-ала келісілген белгіні беріп, немістің қолына кісен салады, – деп еске алады немересі.
Кейіпкеріміз майданда жүргенде де өзіне сеніп тапсырылған әрбір тапсырманы тиянақты әрі ұқыпты орындауға тырысады. 1944 жылы аса маңызды тапсырманы орындауға Гурьев облысының Жылыой ауданына барады. Аудан аумағында топтасқан неміс агенттерінің мақсаты аудандағы мемлекеттік маңызы бар «Гурьев–Орск» мұнай құбырын, кейбір өндіріс орындары мен теміржол нысандарын істен шығару екені белгілі болады. Наурыз Өтегенов пен басқа да қызметкерлердің ұйымдасқан іс-әрекеттерінің нәтижесінде агенттердің көзі жойылып, сол аймақтағы нысандар аман қалады.
Соғыс аяқталған соң Наурыз Өтегенов Қызылорда, Гурьев, Орал облыстарының мемлекеттік қауіпсіздік органдарында жұмыс істеді. Елуінші жылдары Батыс Қазақстан облысының Жаңақала, Фурманов аудандарында түрмеден босатылғандардан құралған қарулы қылмыскерлер тобын, неміс қаруымен қаруланған қашқындарды құрықтау, Чапаев елді мекеніндегі қару-жарақ ұрлаған қауіпті қылмыскерлер тобын ұстауда көрсеткен ерлігі ересен еді. Наурыз Өтегенов 1954 жылы ІІМ-ге ауысып, кейін Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасына қарасты іздестіру қызметінің бастығы болды. Негізгі қызметімен қоса облыстық «Динамо» спорттық қоғамын 10 жылдан астам уақыт басқарып, Оралдағы «Динамошылар» қозғалысының дамуына үлес қосты. Оның бастамасымен бой көтерген үлкен спорт кешенінде ішкі істер қызметкерлері жыл бойы шеберліктерін шыңдады. Сонымен қатар, Жайық жағалауында байдарка есуге арналған республикадағы тұңғыш заманауи спорт кешені бой көтерді. Осындай базаның арқасында жетпісінші жылдардың ортасында Гурьевте байдарка мен каноэ есуден, бокстан және басқа да спорт түрлерінен Қазақстан мен КСРО-ның алғашқы чемпиондары шықты. Сол жылдары Гурьев облыстық «Динамо» ұйымы Кеңес Одағындағы ең үздік динамолық ұйымдардың қатарына кірді.
КСРО Ішкі істер министрлігінің Мәскеудегі Жоғары мектебін тәмамдаған Наурыз Әлжанұлы 1964-1969 жылдары Ақтөбе облысының, 1973-1986 жылдары Гурьев облысының Ішкі істер басқармасын басқарды. 1980 жылы оған милиция генерал-майоры шені беріліп, 1986 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін I дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Батылдығы үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Польшаны азат еткені үшін», «Германиядағы жеңісі үшін» медальдарымен, сондай-ақ, соғыстан кейінгі еңбегі үшін «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет Белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды. Жаңақала ауданының құрметті азаматы, «Ішкі істер министрлігіне еңбегі сіңген қызметкер» атанды. Наурыз Әлжанұлы үшін Жеңіс күні өміріндегі ең маңызды мереке болатын. Ол 80 жасқа қараған шағында Ұлы Жеңістің 60 жылдығына аз ғана уақыт жетпей, 2005 жылы дүниеден өтті. Оның есімі Атырау қаласындағы көшелердің біріне берілген, сонымен қатар, Орал қаласында тұрған үйінің қабырғасына мемориалдық тақта ілініп, БҚО полиция департаментінің музейіне жеке заттары қойылған.
Бүгінде әке салған сара жолды ұрпақтары жалғастырып келеді. Атап айтар болсақ, үлкен ұлы Құрманғазы мен кіші ұлы Әділғазы және немерелері Нұрлан мен Ерлан ата жолын қуып, ішкі істер саласын таңдады. Наурыз атамыздың Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі ешқашан да ұмытылмақ емес. Оның соғыстағы және бейбіт өмірдегі ерен ерліктері бүгінгі ұрпаққа үлгі болып қала береді.
Раушан НАРБЕК.
Кентау қаласы.