
Адамзат баласына орасан зор қайғы-қасірет әкелген сұм соғыстың аяқталғанына биыл 80 жыл толады. Сол кездегі бүкіл Одақты айтпағанның өзінде, Қазақстаннан әскерге алынған қаншама боздақ қыршын кетті десеңізші?!
– Ел басына күн туғанда әкем Арабек Дәрібаев құрдастарымен бірге қолына қару алып, майданға аттаныпты, – дейді ұлы Дүйсенбек бізбен әңгімесінде. Бүгінде Дүйсекеңнің өзі де ел ағасы атанған. Кешегі сексенінші жылдардың аяғында Кеңес Одағының қуатты әскерінің құрамында стратегиялық бағыттағы 233-ракеталық бригадада әскери борышын өтеген Дүйсенбек Дәрібаевтың өзі де Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген тұлға болып есептеледі. – Әкем Арабек
107-зенитті артиллериялық дивизияның құрамында шайқасып, неміс фашистеріне күйрете соққы берген. Ол кезде біз ойын баласымыз ғой. Соғыс туралы түрлі қызықты фильмдер көреміз. Жау кеңес әскерлерінің шабуылынан тым-тырақай қаша жөнеледі. Қарасаң, неміс басқыншылары шетінен кілең қорқақ, сужүрек. Ал, біздің жауынгерлер бәрі батыл, бәрі ержүрек. Ешнәрседен қаймықпайды, дұшпандарын қырып, соңынан өкшелеп қуып, түбі жеңіске жетеді. Әкемізді «сіз де батыр болдыңыз ба? Қанша неміс өлтірдіңіз?» деген сұрақтармен мазасын алушы едік. Мұндайда ол кісі үндемейтін. Сұм соғыс туралы естелік айтуға аса құштар емес еді. Ол кісінің Кавказды гитлершіл жендеттерден азат етуге белсене қатысқанын жақсы білемін. Кеудесінде ордендер мен медальдары толы костюмді тек жиналыстар мен мерекелерде ғана болмаса, иығына көп іле бермейтін.
Арабек Дәрібаев бейбіт өмірде ел экономикасын өркендету жолында қажырлы еңбек етті. Сөйтіп, екі майдан ардагері атанды. Бұрынғы Алғабас (қазіргі Бәйдібек) ауданының «Шалдар» кеңшарында қырманда жұмыс істеді. 1970 жылы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне ол кісі туралы мақала суретімен жарияланыпты. Онда былай делінген: «Алғабас ауданы, «Шалдар» совхозының механикаландырылған қырманында бұл күндері жұмыс қыза түсуде. Бір жағынан астық түсіріліп жатса, енді бір жағынан тазартылған маржандай дән машиналарға тиеліп жатыр. Қарап тұрған ешкімді көрмейсіз. Әсіресе, механик-қырманшы А.Дәрібаев бұл жұмыстардың бел ортасында жүр». Д.Власов түсірген суретте Дүйсенбектің әкесінің жас кезіндегі бейнесі тасқа басылыпты.
Арабек қария кеңшардың мал шаруашылығының дамуына да елеулі үлес қосты. Ол аға шопан болып істеген кезде бордақы уақ малдың салмағы орта есеппен 92 келіден айналды. Озат қой өсіруші ретінде көптеген марапаттарға қол жеткізді. Жұбайы Рақима Тұрсынқызы екеуі 7 ұл мен 3 қызды тәрбиелеп өсірді. Бейбіт өмірде де ерен еңбектің үлгісін көрсеткен Арабек ақсақал осы бертінде қайтыс болды. Дәрібаевтар майдангер әкесін әрдайым мақтан етеді.
С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.