ТҮРКІСТАН: СОҒЫСТА — ПУЛЕМЕТШІ, БЕЙБІТ ӨМІРДЕ — МЕХАНИЗАТОР


Бүгінде Жетісай ауданында көзі тірі жалғыз майдангер қалды. Ол – биыл 100 жасқа толатын Петр Кузьмич Папков.
Жалындаған жастық шағы сұм соғысқа тап келіп, Отан үшін отқа түскен ержүрек жауынгер Петр Кузьмич зұлмат күндерді ауыр күрсініспен еске алады.
– 1942 жылы әскер қатарына алындым. Көп өтпей майданға кіріп, 73-ші гвардиялық армияның 105-ші полкі сапында қолға қару алдым. Украина, Венгрия, Румыния елдерін басқыншылардан азат ету шайқастарына қатыстым. Үшінші Украина майданында пулеметшілер ротасының командирі болдым. Майдан даласында екі рет ауыр жараланып, госпитальге түстім. Бірақ, емделіп шыққан соң, қолыма қару алып, сапқа қайта тұрдым. 1945 жылы мамыр айына дейін жаумен шайқастық. Ұлы Жеңісті Берлинде тойлаған жауынгер екенімді мақтан етемін. Соғыс бітті, енді елге қайтамыз деп тұрғанда бізді құрылыс батальонына жұмысқа алып қалды. Мұнда көлік жүргізушісі, құрылысшы болып еңбек еттім. Арада біраз уақыт өткенде мені шаруашылық ісінің меңгерушісі етіп бекітті. Жауынгерлердің азық-түлігін, киім-кешегін, төсек-орнын қамтамасыз еттім. Содан мені елде күтіп, сағынып жүрген ғашығым Галина Алексеевнаны жаныма шақырып, екеуміз отау құрдық. Жеңістен соң бес жылдай әскерде қызмет етіп, 1950 жылы ғана туған жеріме оралдым, – дейді майдангер қарт.
Өзінің кіндік қаны тамған туған жері жайлы П.Папков былайша тебіренеді:
«Мен 1925 жылы 20 маусымда Татарстан Республикасы, Стерлитамак ауданы, Максимовка селосында дүниеге келдім. Стерля өзені қиып өтетіндіктен, ол ауданды сол өзеннің атымен атап кеткен. Ата-
анам қарапайым шаруа адамдар еді. Әкем австро-германия соғысына қатысып, жарадар болып келген кісі. Ол бірнеше тілдерде еркін сөйлейтін. Елге келгенде анамның мені көргендегі толқулы жүзі, қуаныштан егіле құшақтап жылағаны есіме түссе әлі күнге дейін жан-жүйем босап кетеді».
Петр Кузьмич Папков 1960 жылы тың игеру үшін Солтүстік Қазақстан облысындағы Булаев ауданына қоныс аударады. Үш жылдан соң Мырзашөл өңіріндегі Жетісай жұмысшылар поселкесіне көшіп келген. Соғыстағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталып, бейбіт өмірде адал, абыройлы қызмет еткені үшін «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне тақты. Зейнет жасына жеткенге дейін мақта зауытында механизатор болып еңбек етті. Жұбайы Галина Алексеевна екеуі төрт қызды өмірге әкеліп, осы перзенттерінен бес немере, тоғыз шөбере сүйіп отыр.
– Соғысты ешкімнің басына бермесін. Әсіресе, Киевті, Днепрді азат ету оңайға соққан жоқ. Аштықты да, қыста қар мен мұз жастанған уақытты да өткердік. Киіміміз – төсек, бас киіміміз – жастық болған күндер әлі есімде. Киімдеріміз малмандай су болған күндер де, тамақсыз, ашқұрсақ жүріп соғысқан кездеріміз де көп. Өзіміз қазған окоптардың қабірге айналғанына да куә болдық. Қарындасымның: «Анамыздың сені ойлап, көзінің жасы құрғар емес. Ең болмағанда тірі екендігіңді білдіріп, бір ауыз сөз жазып жіберші» деген ет жүрегіңді елжірететін хатын оқып, сағыныштан сарғайған күндер де өтті. Бірақ, біз, сол кездегі жауынгерлер бәріне де шыдадық, Отан алдындағы борышымызды адал атқардық. Соның арқасында Жеңіске жеттік, – деді ардагер бізбен әңгімесінде. Сөзінің соңында қарт майдангер «Егемен еліміздің шаңырағы шайқалмай, іргелі мемлекет болсын. Тәуелсіздігімізді баянды етуге, мәңгілік етуге жас ұрпақ қызмет етсін!» деп батасын берді.
Адамзат тарихындағы ең сұрапыл, ең қасіретті соғыстың Жетісай ауданындағы соңғы куәгері – Петр Кузьмич Папков атамызды Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, майдангер қарияға мықты денсаулық, ұзақ өмір, отбасына амандық тілейміз.
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.
Жетісай ауданы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы