ТҮРКІСТАН: ТӨРТ ТАНКІНІ ТАЛҚАНДАҒАН


«Казахстанская правда» газетінің былтырғы 8 мамырдағы санында жерлесіміз, саясаттану ғылымдарының докторы Ержан Исақұловтың «О солдате, который уничтожил четыре танка на Курской дуге» атты мақаласы жарияланған-ды. Еліміздің Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарған генерал өзі туып-өскен Төлеби ауданы, Қасқасу ауылдық округінің Кеңес-арық ауылындағы мектепте мұражай ашу үшін ізденіп жүргенде Ресей Федерациясы қорғаныс министрлігінің «Память народа» порталынан кездейсоқ маңызды құжатты ұшыратып қалады. Ол 140-атқыштар дивизиясына қарасты 371-Сібір артиллериялық полкі командирінің 4 солдатты, оның ішінде Сүлей Айнабековті «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапаттау туралы 1943 жылғы 8 тамыздағы №010/п115 бұйрығының көшірмесі болатын. Бұйрықта былай делінген: «КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының атынан орудиялық нөмірі 7 батареясының қызыләскері Сүлей Анибековты «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапаттаймын. 1943 жылдың 7 және 8 шілдесінде жаудың жаңбырдай жауған оғы мен бомбалауына қарамастан 238,1 биіктікті қорғап, расчеттағы 2-ші нөмірлі «замковый» (зеңбіректің затворын ашып-жауып оқтаушы) жауынгер 4 танкіні талқандады. Ол 1921 жылы туған, БЛКЖО мүшесі, қазақ, әскерге Оңтүстік Қазақстан облысы, Леңгір аудандық әскери комиссариатынан шақырылған…».
Бұйрықта оның тегі «Анибеков» деп қате жазылған. Алайда, басқа келтірілген мәліметтердің барлығы оның Сүлей Айнабеков екенін толық растайды. Ешқандай күдік келтірмейді. Соғыс кезінде мұндай қателіктер жиі кездесетін.
Архив мәліметтеріне сүйенсек, Новосибирск қаласында 1942 жылы құрылған 140-дивизия 1943 жылы
5 ақпанда қайта жасақталып, 1945 жылдың 11 мамырына дейін майдандағы армияның құрамында болған. Ал, 1943 жылдың шілде айында болған Курск иініндегі шайқаста аталмыш дивизия Самодуровка – Теплый аудандарына шоғырланып, 19-танк корпусының құрамында соғысты. 3-жоюшы танк бригадасымен бірге Ольховатка, Самодуровка, Теплый аудандарын қорғады. 8 шілдеде дивизия өздеріне бекітілген бекініс шептерін құрып, күші басым жауға қарсы лайықты тойтарыс берді. Алдымен 50 танктің шабуылы тойтарылды. Содан кейін оларға 80 танк келіп қосылған соң кеңестік әскерлер зор шығынға ұшырап, біразы кейін шегінді. Кескілескен шайқаста Самодуровка ауданын қорғап тұрған 96-полктің 2-батальоны жеке құрамының 60 пайызынан айырылып, танкіге қарсы атыс қарулары мен пулеметтерінің 80 пайызы жойылды. Ал, 10 шілдеде Теплый ауданында дұшпан 96-полктің 7 және 8-ротасын түгел қоршап алды. Олардың барлығы қаза тапты. Осы күні 258-атқыштар полкінің 3-батальоны жауынгерлері де тегіс опат болды. Неміс басқыншыларының бірнеше шабуылын тойтарған дивизия жан аямай шайқасты. Реті келгенде қарсы шабуылға да шықты. Ресми мәліметтерге жүгінсек, 10 шілдеде 513 адам опат болып, 943 жауынгер жараланған. Дивизияның аман қалған бөлігі ұрыстан шығарылды.
Жоғарыда келтірілген архив құжаттарындағы мәліметтер 1943 жылдың 7 және 8 шілдедегі «танктер шайқасы» деген атпен соғыс тарихында қалған Курск иініндегі сұрапыл ұрысқа Сүлей Айнабековтің де қатысқанын, жаудың 4 танкісін жойғанын деректер дәйектейді. Осы ұрыста полк командирі де қаза тапқан. Ол тірі болғанда, батыл жауынгерлерді бұдан да жоғары наградаға ұсынып, олардың үйіне Алғыс хат та жазған болар ма еді, кім білсін?!
Курскідегі қанды қасаптан аман шыққан сарбаз Сүлей Айнабеков 1945 жылы Германияны, одан соң Жапонияны талқандауға қатысып, елге аман-есен оралды. Бейбіт өмірде колхоз тірлігіне араласты. Перзенттер сүйіп, үбірлі-шүбірлі болды. 1993 жылы 72 жасында өмірден өтті. Алайда, ол бұл ерлігін елдің араға 80 жыл салып барып еститінін білген жоқ. Осынша уақыт жұмбақ болып келді.
…Сталинград түбінен Берлинге дейін көк зеңбірек сүйреткен 179- полктің атақты артиллерисі Өмірбай Сақовтың жорық жолдары туралы да газеттер мен журналдарға көп мақала жаздым. Соғыс кезінде 76 миллиметрлік зеңбіректің оқтаушысы, көздеушісі, кейін командирі болған аға сержант өзінің арнайы жауынгерлік есебінде жаудың 11 танкін, 17 бронетранспортерін, 41 жендетін жойғаны туралы мәліметті көрсеткен еді. Осындай ерлігі үшін І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталған жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына да ұсынылған. Бірақ, жоғарыдан бұрмалау болып, бұған жауынгерлік «Қызыл Ту» ордені ғана бұйырған. Мұндай қиянат көп кездесті.
Жасы тоқсаннан асып, Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында қайтыс болған майдангер Өмірбай ақсақалдың айтары көп еді. Соғыс кезінде Сталиннің бұйрығымен әрбір танкті талқандаған жауынгердің отбасына бұрынғы ақшамен 500 рубль төленгенін сол кісіден алғаш естіген едім. Оның айтуынша, зеңбірек расчетына барлығы 7 солдат бекітіледі. Атап айтқанда, біріншісі – зеңбірек командирі, екінші – нысана көздеуші, үшіншісі – «замковый» (зеңбіректің затворын ашып-жауып оқтаушы). Ол сонымен қатар, зеңбірек ұңғысының қайта орнына келуін де қадағалайды. Бұл міндетті Сүлей Айнабековтің шебер игергенін айқын аңғаруға болады. Ал, кезінде фашистердің 4 танкісін қиратқан Сүлей ақсақалдың отбасы қомақты қаражаттан да қағылғаны көрініп тұр…
Қазақ халқының даңқты батыры Бауыржан Момышұлының «Ақиқат кешігуі мүмкін, бірақ, ол қалайда жеңіп шығады» деп айтқаны бар. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақ жауынгерлерінің батылдығы мен ерлігін ұлықтап, дәріптеу – біздің қасиетті борышымыз.
Ал, ерлік ескерусіз қалмауы тиіс. Ол қай уақытта да бағалануы керек!
Серікқали Жексенбаев.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы