
Соғыстың соңғы сарбаздарының да ақтық сапарға аттанып кеткендеріне біршама жылдың жүзі боп қалды-ау! Алайда, олардың бейнелері көзден кеткенмен көңілден өшпей, санаңда жаңғырып тұратыны бар.
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы деген атпен тарих қатпарында қалған сұрапыл жылдардың елесі әлі күнге ел есінде. Баланы жетім, ананы жесір етіп, атпалдай азаматты туған бауырларынан айырған соғыстың зардабының қаншалықты болғанын әлі дәл есептеген ешкім жоқ. Кебенек киіп кеткен ерлердің көбісіне туған елден топырақ бұйырмай, сүйектері жат жерде қалғаны өз алдына бір қасірет. Иә, өткен күндерге бір сәт шегініс жасап көрелікші.
Қалтай Байдүйсенов… Бұл есім созақтықтарға мейлінше таныс деп ойлаймын. Соғыс және еңбек ардагері Қалтай қария 1924 жылдың 1 қаңтарында Шолаққорған ауылында дүниеге келген.
Қалтай қария да ата-ана тәрбиесінен болар, ешкімнің ала жібін аттамай, ел қатарлы өмір сүріп жатты. Алайда, мамыражай тіршілікпен күн кешіп жатқан ел- жұртты «соғыс» деген бір алапат сөз аяқтарынан тік тұрғызды. Біздің Қалтай атамыз да бозбала шағын сол соғысқа арнады. Созақтың жаужүрек ұланы алғашқы лекте Отан қорғау үшін майдан шебінен бір-ақ шыққан.
Соғыстың алғашқы жылдары кеңес өкіметіне оңай болған жоқ. Тұтқиылдан тиген жауға төтеп беру оңай ма, аяғынан енді тұрып келе жатқан мемлекет бір- ақ сәтте әбігерге түскен. Қалтай Байдүйсенов барлаушылар ротасына қабылданады. Жеделдетілген курстан өткен Қалтай Байдүйсенов өзінің әбжілдігі, оң шешім қабылдай алатындығымен командирлердің назарын бірден өзіне аударыпты.
Украинаны азат етуге қатысқан Қалтай Байдүйсенов маршал Жуковтың армиясы сапында жаумен соғысады. Тағдыр дегенді қойсаңызшы, атамыз сол соғыста жерлесі, Аққолтық ауылының тумасы Смағұл Есенсариевке кездеседі. Екеуі соғыстың соңғы оғы атылып біткенше бірге болды десе де болады.
Смағұл Есенсариев Ұлы Отан соғысында снайпер болады, әскери шені капитан еді. Басқа сарбаздармен бірге созақтық екі сарбаз аттанған сапарларынан «олжасыз» оралмапты.
Жеңісті Германияда қарсы алған Қалтай Байдүйсенов те, Смағұл Есенсариев те одан соң жапон милитаризмін талқандауға қатысып, елге 1946 жылдың күзінде бір-ақ оралады.
Қалтай Байдүйсенов соғыстан келген бойда анасы Әйекейдің қолына Абылқызы Ырысжанды келін етіп түсірді. Ырысжан анамыздан 3 ұл, 4 қыз көрген Қалтай ағамыздың отбасында да, жұмысында да тасы өрге домалады десе болады. Ол өкімет қайда жұмсаса, сол жерден табылды. Жұмысшы деген сан-салалы мамандық қой, еңбегінің негізгі дені шаруашылықта өтті. Авто дүкен де айдады, газда да істеді. Калинин атындағы кеңшарда адал еңбегімен көзге түсіп, партия қатарына қабылданды.
Тәуелсіздік алғалы бері соғыс ардагерлеріне көп құрмет көрсетілуде. Солай болуы керек те. Біздің кейіпкеріміз Қалтай Байдүйсенов қазіргі көрсетіліп жатқан құрметтердің көпшілігіне қол жеткізе алмай, 2008 жылы өмірден озды.
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Оның үстіне, алдымызда Ұлы Жеңістің 80 жылдығы келе жатыр. Жоғарыда айттық, Қалтай Байдүйсенов соғыстан кейінгі жылдары шаруашылықта жұмысшы болып еңбек етті. Осылардың бәрін ескере келе, Шолаққорған ауылындағы үлкен бір көшені неге соғыс және еңбек ардагері Қалтай Байдүйсеновтің есімімен атамасқа деген ой келеді. Егер бұл ойымыз жүзеге асып жатса, ол ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың игі бастамаларының ел-елде, жер-жерде іске асып жатқандығының көрінісі болар еді деп есептейміз.
Тұрысбек ШЫЛМАМБЕТОВ
Созақ ауданы.