ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТАН ТҮЛЕП ҰШҚАН


Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл. Адамзат тарихындағы ең алапат соғыста біздің ата-апаларымыз да нағыз ерліктің үлгісін көрсетті. Олардың ерліктерін кейінгі ұрпаққа дәріптеу біздің қастерлі борышымыз һәм міндетіміз.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында біз газеттен «Түркістандық Кеңес Одағының Батырлары» атты айдар ашып, өңірімізден соғысқа аттанып, ұрыс даласында қаһармандық танытып, «Кеңес Одағының батыры» атағына ие болған жауынгерлердің есімдерін ұлықтауды жөн көріп отырмыз. Айта кетейік, екінші дүниежүзілік соғысқа Түркістан облысынан 140 мыңнан астам адам қатысқан. Зұлмат соғыстан аман-есен оралған 70 мың сарбаздың 51-і Кеңес Одағының Батыры, екеуі Халық Қаһарманы және 8-і «Даңқ» орденінің толық кавалері атағын алған.
Солардың ішінде Түркістан облысында Кеңес Одағының Батыры атағы ең алғаш болып 1937 жылы ұшқыш Петр Шевцовқа берілген. Жаңа айдардың алғашқы мақаласын әскери ұшқыштың ерлікке толы өмір жолынан бастап отырмыз.
Ол 1912 жылы 25 шілдеде Өзбекстан Республикасына қарасты бұрынғы Ескі Бұхара қаласында қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. Теміржол стансасында жұмысшы болып істеген. Ұлты – орыс. Шевцовтың әке-шешесі XX ғасыр басындағы патшалы Ресей үкіметінің «Столыпиннің аграрлық реформасына» байланысты 1905-1906 жылдар аралығында Ресейден Түлкібас өңіріне, одан Мырзашөл даласына, ал, 1909-1910 жылдары Бұхара өңіріне қоныс аударған. 1920 жылы Шевцовтың ата-анасы еліміздің оңтүстік өңірінің шұрайлы жеріне қайта көшіп келеді.
Түлкібас стансасына (бұрынғы Түркістан АКСР-і, Сырдария облысы, Шымкент уезі, Түлкібас болысы) қоныс аударғаннан соң әкесі теміржолға жұмысқа орналасады. Петр Түлкібас стансасындағы орыс мектебінің 4-ші сыныбын бітіріп, 1928 жылы БЛКЖО-ға мүше болып қабылданады да, жұмысқа белсене кіріседі.
Шевцов 1930 жылы Орынбор қалалық әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылып, арнайы жолдамамен Орынбордағы ұшқыштар даярлайтын училищеге оқуға жіберіледі. 1933 жылы аталған оқу орнын бітіргеннен кейін Брянск қаласындағы 107-ші жеке жойғыш авиация эскадрильясына жолдама алады. Кіші ұшқыш ретінде 1936 жылдың қараша айынан бастап Испаниядағы оңшыл монархиялық күштер арасындағы азамат соғысына қатысып, Испания республикалық армиясы жеке авиация эскадрильясының капитан шеніндегі ұшқышы, кейіннен И-16 эскадрильясының командирі болады. Өзіндік ұшу тәсіліне орай қаруластары мен қызмет еткен әскери бөлімдер арасында «Камарадо Педро» деген лақап атпен танылады. 1937 жылдың 16 наурызында әуе ұрыстарының бірінде жеке топ болып ұшып, жаудың бір ұшағын атып түсіреді. Жиналған деректерде Испания аспанындағы әуе ұрыстарында Шевцовтың қарсыласының 5 ұшағын атып түсіргені жазылған. Соған орай екі рет «Қызыл Ту» орденімен марапатталған.
Шевцов Петр Федорович 1937 жылдың тамыз айында Кеңестер Одағына қайтарылады. КСРО Орталық Атқару Комитетінің 1937 жылғы 22 қазандағы қаулысымен Үкіметтің Кеңес Одағының қорғаныс қуатын нығайту жөніндегі арнайы тапсырмаларын тиянақты әрі шебер орындап, өзге елдерге үлгі болғаны үшін және осы мәселеде сіңірген ерекше еңбегі, көрсеткен ерлігі, өжеттігі, қаһармандығы мен қайсарлығы үшін майор Шевцовқа «Кеңес Одағының Батыры» атағы беріліп, Ленин ордені қоса тапсырылады.
Испаниядан оралған П.Ф.Шевцов Кеңестер Одағының Әскери-әуе күштерінде бірнеше қызмет сатысынан өтеді. Әскери шені полковникке дейін көтеріледі. Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясының мүшелігіне өтеді. 1939 жылы оған «Кеңес Одағының Батыры» атағын айқындау үшін бекітілген алтыннан жасалған «Алтын Жұлдыз» медалі беріледі. Жалпы, КСРО кезінде 13000-ға жуық адам «Кеңес Одағының Батыры» құрметті атағын алса, Петр Федорович Шевцов бұл атақты Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін алған алғашқылардың бірі болды.
Шевцов Петр Федорович Ұлы Отан соғысын 57-ші жойғыш авиация дивизиясының ұшу техникасын басқару инспекторы болудан бастап, 1942 жылы 510-шы жойғыш авиация полкінің эскадрилья командирі, кейіннен 4-ші Әуе әскері құрамындағы жойғыш авиация дивизиясы командирінің орынбасары ретінде Солтүстік-Батыс және Батыс майдандардағы ұрыстарға қатысады. Оның әскери шеберлігін ерекше жоғары бағалаған қолбасшылар әуелі 303-ші, содан соң 309-шы жойғыш авиация дивизиясының ұшу өнерін тексеруші, бақылаушы, нұсқаушысы етіп тағайындайды. Дегенмен, жастайынан қазақ халқының болмысын көріп өскен Петрге бұл міндет көңіліне қош келмей, жоғарғы қолбасшылыққа бірнеше рет арыз жазып, нәтижесінде 1942 жылдың 6 шілдесінде 272-ші жойғыш авиация эскадрильясын, ал, 26 желтоқсаннан бастап полктің өзін басқарады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы