
1943 жылдың ақпанынан 309-шы жойғыш авиация дивизиясының командирі болады. Қызмет барысында аса жоғары ұйымшылдықтың, жаппай әскери тәртіп пен жауынгерлік шеберліктің үлгісін көрсетеді. Ол басқарған құрама заттық-мүліктік жарақтануы жағынан да, тәртібі мен ұйымшылдығы жағынан да алдыңғы қатардан көрінеді. 1943 жылдың 17 қыркүйегіне дейінгі деректерге қарағанда, П.Шевцов өзі басқарып отырған құраммен бірге 168 жауынгерлік тапсырманы сәтті орындаған. 23 рет әуе шайқасына қатысып, жеке өзі жаудың эскадрилья командирімен қоса 7 ұшағының көзін жойған. Нәтижесінде, полковник Шевцов Петр Федорович бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады.
1943 жылдың 17 қазанына қарай Шевцов басқарған әуе тобы тағы 12 әуе шайқасына қатысады. Осы шайқастар кезінде Шевцов жаудың 3 ұшағының көзін жояды. Осы ерлігі мен жауынгерлерге көрсеткен үлгісі үшін ол «Александр Невский» орденіне ұсынылады. Осы ерлігі үшін үшінші рет «Қызыл Ту» орденімен марапатталады.
Қорғаныс министрлігінің Орталық мұражайында (фонд №33, опись № 686044, дело № 385) 272-ші жойғыш авиация полкінің эскадрилья командирі Шевцовты бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапаттау туралы парағы сақталған. Онда «Кеңес Одағы үкіметінің арнайы тапсырмасын үлгілі орындағаны үшін, осы жолда көрсеткен ерлігі, батылдығы мен қаһармандығы үшін жолдас Шевцов КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен екі рет: 1937 жылдың ақпан-мамыр айларында «Қызыл Ту» орденімен марапатталды және Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі табыс етілді.
Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап, осы уақытқа дейін неміс басқыншыларына қарсы күрес майданында қолбасшылықтың жауынгерлік тапсырмаларын орындауда жолдас Шевцов командалық қызметте де, қатардағы ұшқыш ретінде де қарамағындағыларға өзінің үлгі-өнегесі мен білімін көрсетіп, әуеде ұрыс жүргізу өнері мен фашистік құзғындармен шайқаста оларды жеңе білудің амал-тәсілдерін үйретті.
Жолдас Шевцов нағыз отаншыл, отансүйгіш және «Кеңес Одағының Батыры» ретінде жауынгерлік тапсырмаларын ешбір қорқынышсыз, ерекше батырлықпен орындауға әрдайым бастамашылдық жасады, өз өмірін аямай, сенімді және батыл шайқасқа шығады және әрқашан жеңіспен оралады…
272-ші жойғыш авиация полкінің командирі, подполковник Иредков. 03.09.1943 ж.» деп жазылған.
1943 жылдың желтоқсан айының соңында полковник Шевцов бір жарым жыл бойы полк басқарып, 1944 жылдың 17 қаңтары күні Ла–5 ұшағы апатынан Дубровка әуежайында қайтыс болады. Денесі Смоленск облысы, Руднян ауданы, Дубровка селосында жерленіп, кейіннен Рудня қаласындағы қалалық Мәдениет сарайы маңында орналасқан №2-ші бауырластар зиратына қайта жерленген. №2-ші бауырластар зиратына Руднян ауданын фашистерден азат ету үшін 1943-1944 жылдары болған соғыста қаза тапқан 2183 жауынгер жерленген: әліпби бойынша түзілген тізімде 2079-шы болып полковник Шевцов Петр Федоровичтің есімі жазылған.
Кеңес Одағының Батыры П.Ф.Шевцов туралы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұражайында біршама құжаттар сақталған.
Сол құжаттардың бірінде Шевцовтың отбасылы екені, әйелі Шевцова Нина (кей құжаттарда Анна) Васильевна Чкалов қаласы, Красный Городск, Транспортная көшесі, 3А үйінің тұрғыны екені және Шевцовтың қайтыс болғаны туралы оған арнайы үкіметтік хабарлама жіберілгені жазылған.
Қорыта айтқанда, елімізде, оның ішінде Түркістан облысында Кеңес Одағының Батыры атағы ең алғаш рет 1937 жылдың 22 қазанында ұшқыш П.Ф.Шевцовқа 1936 жылы Испания жерінде фашизмге қарсы күресте көрсеткен ерлігі үшін берілген. Ол Ұлы Отан соғысында да көзсіз ерліктің талай үлгісін көрсетті. Батырдың ерлігі мен есімін ұлықтау мақсатында Түлкібас ауылындағы көше мен мектепке, сондай-ақ Рудня қаласындағы көшеге Шевцов Петр Федоровичтің есімі берілген. Түлкібаста мүсіні орнатылған.
Қазыбек ТӘЖИЕВ,
әдебиеттанушы-фольклорист,
тарихшы-өлкетанушы.