ТҮРКІСТАН: ӘЖІБАЙ ДА ҚАЗАҚТЫҢ БІР БАТЫРЫ


Олар небәрі 18-21 жастарында опат болды. Жар қызығын, жастық, бозбала, жігіттік шақ қызығын, әнге қосып шырқайтын 25 жасты да көрмей кетті. Отан үшін, ел мен жердің ертеңі үшін, сіз бен біздің тыныш бейбіт өміріміз үшін жас жандарын қиды!
Осындай арманда кеткен есіл ерлердің бірі – Ұлы Отан соғысының батыры, кіші лейтенант Әжібай Дәуренбеков еді. Ол 1921 жылы 15 желтоқсанда Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында дүниеге келген. Әжібай батырдың әкесі Дәуренбек төрт ағайынды болатын.
Әжібай ауыл мектебінен хат танып, кейін ат жалын тартып мінер шақта арысы Алматы, берісі Түркістан, Ташкент сияқты үлкен қалаларда білімін жетілдірмек болып жүргенде соғыс басталады. Ташкент облысы, Піскент аудандық әскери комиссариатынан 1941 жылы 6 желтоқсанда Қызыл Армия қатарына шақырылады.
Әжібай Дәуренбеков 1941 жылы қатардағы жауынгер, одан сержант (1942 жылы), 209-шы запастағы атқыштар полкінде (1942 жылы 30 наурызда) старшина, 1943 жылы 1 қазанда кіші командирлер даярлайтын алты айлық курста оқып, кіші лейтенант шенін алады. 1944 жылы 15 шілдеде 52-ші армияның құрамында взвод командирі, 1944 жылы 27 шілдеде 373-ші дивизияның құрамындағы 1237 атқыштар полкі құрамында взвод командирі болады.
– Әкем өмірінің соңына дейін бауырын іздеумен өтті. Үйге қонақтар келсе міндетті түрде бауырын сұраушы еді. Кейін интернет дамыған жылдары түрлі сайттардан өзіміз іздестіре бастадық. Сөйтіп біршама деректер таптық, – дейді бауырлары.
Әжібай Дәуренбеков қызмет атқарған 373-ші атқыштар дивизиясы 1941 жылы 15 қарашада Челябі облысы, Чебаркул (Шұбаркөл) қаласында құрылады. Дивизия құрамы колхозшылар, жұмысшылар мен қызметшілерден, госпитальдан ем алып шыққан жауынгерлерден жасақталады. Аталмыш дивизия арнайы оқу-жаттығудан өткеннен кейін 1941 жылы 22 желтоқсанда майданға аттанады. Осылайша жаңадан жасақталған 373-ші атқыштар дивизиясы 39 армияның құрамына енеді.
Ә.Дәуренбеков 1944 жылы 12 шілдеде 2-ші Украина майданында 52-ші армия, 1237-ші атқыштар полкінің минометшілер взводының командирі ретінде әскери ұрыс қимылына қатысады.
1945 жылдың ақпаны. Жер аппақ қар. Аяз бен үскірік жел өңменіңнен өтеді. Жау жағы да соңғы демін алып өліспей беріспейміз дегендей деревняның әр тұсынан аңдаусызда оқ жаудырып қояды. Осындай кезекті қияметті шайқас кезінде Әжібай ауыр жараланады. Тіпті, денесін көтере алмайды. Достары Әжібайдың айтуымен елге аман-есендігін білдіріп хат жазады. Бұл оның соңғы хаты болатын. Ол сол ауыр жарақаттан1945 жылы 23 ақпанда қайтыс болады. Осылайша есіл ердің соғыстың бітуіне 75 күн қалғанда соңғы демі үзіледі.
Мүрдесі Германияның аумағы саналатын Тюфенфурт (Силазия) қалашығының бауырластар зиратына жерленеді. Ұрпағы Сарин бауырымыздың ізденуімен Қазақстан Республикасының Польшадағы елшілігіне, Польша Қызыл крест қоғамының Варшава қаласындағы іздестіру ұйымына бірнеше рет хат жолданады. Әжібай Дәуренбековтің мәңгілік тыныс тапқан мекені туралы нақты жауап та келеді. Ол бұрынғы немісше атауы Тюфенфурт, қазіргі поляк жері болған Парова селосы, Осечница коммунасы, Болеславск ауданындағы (Ниже силезский ұлысы, Виллова көшесі) зиратта жерленген екен.
Награда парағында: (қазақша аударып жаздық) «Кіші лейтенант Әжібай Дәуренбеков 1944 жылы 20 тамызда неміс-фашистерімен болған ұрыста өзін тез шешім қабылдай алатын, тәжірибелі, батыл командир ретінде көрсете білді. 1944 жылы 29 тамызда Румынияның Леошти деревнясы аумағында болған жаумен бетпе-бет ұрыста бөлімшені шебер басқара отырып, 95 гитлершілерді жер жастандырды. Соңғы демі қалғанша соғысып, оқ-дәрілері таусылған сәтте қолма-қол ұрысқа шығып, жеке қаруымен 12 фашисті жер жастандырып, жау шабуылына жанқиярлықпен тойтарыс берді. Жеке батылдығы мен ержүрек ерлігі үшін кіші лейтенант Әжібай Дәуренбеков Үкімет наградасы «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен наградталуға лайықты» 1237-ші атқыштар полкінің командирі, майор Ерманов.
2 қыркүйек, 1944 жыл.
Кеңес Одағы кезінде Созақ ауданы өкіметке қарсы көтеріліс ұйымдастырған аудан ретінде саяси теріс көзқарас тағы сенімсіз аймақ» болды. Әйтсе де, 10-ға жуық Социалистік Еңбек Ері шыққан ауданнан бір батырдың шықпауы мүмкін емес.
Әжібай Дәуренбеков те солардың бірі. Батыр ерлігіне лайықты баға берілуі тиіс деп ойлаймыз.
Мақсат ҚАРОҒАБАЙ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы