
Бүгінгі таңда Сарыағаш ауданында туылған Әсілбек Қарабай 35748 әскери бөліміне қарасты мергендер взводының сержанты. Әскери салада әбден ысылып, білім-білігін толықтырған ол жуырда Қазақстан Қарулы күштерінің үздік сержантын анықтайтын XIV бүкіл армиялық конкурста «Үздік взвод сержанты» номинациясы бойынша жеңіске жетіп, батылдық пен кәсіби шеберліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл байқауға Қазақстан Қарулы күштерінде қызмет ететін 118 сержант қатысты. Олар өз әскери бөлімдері, әскер түрлері бойынша өткізілген іріктеу жарыстарында топ жарып, ақтық кезеңге жолдама алған.
Әсілбектің бұл жетістігі ешқандай да кездейсоқтық емес. Оның бұл жеңіске жетуінің негізі – тынымсыз дайындық, үздіксіз жаттығулар мен қайтпас қайсар мінезі. Сәйкесінше ол әскери бөлім деңгейінде де, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы шеңберінде де үздік екендігін дәлелдей алды. Іріктеу кезеңдерінде Әсілбек физикалық дайындығымен ғана емес, әскери тарих саласындағы терең білімімен де көзге түскен. Алайда, оны нағыз сынақ байқаудың соңғы кезеңдерінде күткен екен.
Жарыс барысында сержант Қарабай «Айбын» әскери-спорт кешенімен қатар, бірнеше жауынгерлік және спорттық сынақтардан өткен. Бұл кешен 100 метрге және 3 шақырымға жүгіру, кермеге тартылу мен қоян-қолтық жекпе-жекті қамтыды. Бұл сынақтардың тек физикалық күшті ғана емес, ептілікті, төзімділікті және күйзеліске ұшырататын жағдайларда жылдам әрі дұрыс шешім қабылдауды қажет ететіндігі сөзсіз.
Жамбыл облысында орналасқан «Айша бибі» полигонында Әсілбек «Қайсар» әскери-кәсіптік кешеніне де қатысып, қиылысқан жолдармен ұзақ қашықтыққа жүгіру белесін бағындырды. Сонымен бірге ол ату және граната лақтыру шеберлігін көрсетіп, мергендер взводының сержанты лауазыма сай екендігін дәлелдеген. Сондай-ақ, сержанттар үшін «Керуен» шеруінен өту нағыз төзімділік сынағы болғандай. Өйткені, олар бұл кезеңде салмағы 15 келі тартатын сөмкені арқалап алып, 10 шақырым қашықтықты жүгіріп өтуі керек болған. Ал, әдеби-көркемөнерге негізделген «Сері» байқауында Әсілбек пен басқа да қатысушылар өз таланттарын көрсетуге мүмкіндік алды.
– Бұл байқауға өңірден мен ғана қатыстым. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Жарыс бір аптаға созылды. Бірінші күні «Білімпаз» және «Айбын», екінші күні «Мерген» және «Қайсар», үшінші күні «Керуен», төртінші күні «Сері» сайыстары өткізілсе, соңғы күні армиялық қоян-қолтық ұрыс өткізілді. Қоян-қолтық ұрыс және 100 метр қашықтыққа жүгіру бойынша бірінші орынды иелендім. Ең қиыны 15 келілік сөмкені арқалап, 10 шақырым қашықтықты жүгіріп өту болды. Басты қарсыласым Алматы қаласындағы десанттық-шабуылдау бригадасының взвод сержанты еді. Екеуміз сайыс нәтижелері бойынша бірдей келе жаттық. Дегенмен, соңғы сайыстарда алға шықтым. Бұл сайысқа Тараз қаласында бір ай бойы дайындалдық. Өзім спорт шеберімін. 2021 жылы дәл осы байқауда бөлімше командирлері арасында үшінші орынды иеленгенмін. Енді шенім өсіп, сержанттар арасында топ жарып отырмын. Бұл сайыс еліміздегі барша жауынгердің білім-білігін арттырып, шыңдай түседі деп ойлаймын, – дейді Әсілбек Қарабай.
Расында, бұл Әсілбектің жеке жетістігі ғана емес, әскери бөлім мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының да жеңісі. Оның жеңісі барша жауынгерді жігерлендіреді деп үміттенеміз.
Б.Ерман