ТҮРКІСТАН: ҚАРАҚОЗЫНЫҢ КӨЗСІЗ ЕРЛІГІ

Сіз оқығалы отырған көзсіз ерлік 1944 жылдың 22 қазаны күні болып еді. Оған бүгін 80 жыл толып отыр. Мұны кейінгі ұрпақ ұмытпауы керек. Ерлік дастаны кейінгі жастарға үлгі. Отансүйгіштіктің, батырлықтың нағыз үлгісі бұл!
Адам санасына сыйыса бермейтін осы ерлік қалай болып еді? Қане, оқиға ізімен нақты баяндап көрелікші.
1969 жылдың жазында Кеңес Одағының Батыры Қарақозы Әбдәлиевтің жары Әсіл қайнысы Арын Қосуақовты және Арынның ұлы Шоқанды ертіп Украйна Республикасындағы Мелитополь қаласына сапар шегеді. Оларды қалалық әскери комиссар Писаренко туыстарындай қарсы алды. Комиссар қонақтарды қонақүйге орналастырды. Ертесіне олар батыр жатқан зират басына барып, рухына бас иді, Құран оқыды.
Мелитополь қаласында Қарақозы Әбдәлиев атында көше бар екен. Бұларды сол көшенің тұрғындары қонаққа шақырды. Осы көшедегі №20 үйге мемориалдық ескерткіш тақта қойылыпты. Үй иесі Полина Алексеевна Розниченко бұларды ерекше ықыласпен нан, тұзбен қарсы алды.
Мелитополь қаласын жаудан азат етуде ерлік көрсеткен 72 адам Кеңес Одағының Батыры атанған. Солардың бірі Әсіл апамыздың жары Қарақозы Әбдәлиев еді. Бірақ, сол 71 Батырдың ерліктері бір басқа да, Қарақозыныкі мүлдем бөлек.
Қарақозы Әбдәлиев көшесінің тұрғындары соғыс кезінде көрген-білген естеліктерімен бөлісті. Сондағы Полина Алексеевна мен Сергей Федоровичтің естеліктері жан түршіктірерлік еді.
– Ол кезде жеті-сегіз жастағы баламыз. Туған қаламызға қарай жау танкілері құмырсқадай қаптап келе жатты. Айналаның барлығы да құлақ тұндыратын ащы жарылыс. Сақылдаған автомат, пулемет дауыстары. Төңіректі қою тұман басып қалды. Біздің отбасы көпқабатты үйде тұратын. Әке-шешеміздің қайда кеткенін білмейміз. Бізге «ешқайда шықпаңдар» деп қатаң тапсырып кеткен. Бала емеспіз бе, терезеден сығалап сыртта не болып жатқанын әлсін-әлсін қарап қоямыз. Бір кезде осы біз тұрған көшеге қарай бірнеше танк лап қойды. Жауынгерлер жау танкілеріне граната лақтырып, зеңбірекпен атқылап, жолдарын бөгеп жатыр. Бірнеше танк жалын құшты. Әйтсе де жаудың ең соңғы шығарған «Тигр» атты алып танкісі жолындағысының барлығын жайпап келеді. Өртеніп жатқан екі танкіні бұйым құрлы көрмей, шетке ығыстырып, бекініске қарай жылжыған «Тигрді» бөгемесе, көшеге кіріп кетуі мүмкін еді. Ал, ол кірді дегенше бүкіл қаланы қиратады, қанға бөктіреді. Кейін есейгенде білдік қой, сондықтан көшені жабу стратегиялық маңызды тапсырманың бірі болған екен. «Тигрге» қарсы бір жауынгер тұра жүгірді. Пулеметтен атылған сансыз оқ оны жусатып салды. Сол кезде бір офицер сұлап жатқан жауынгерге жылжып барды да қолындағы гранаталарды беліне қыстырып, қара дүлейге қарсы жербауырлап бара жатты. Фашистер оны да байқап қалды. Пулемет сақылдап қоя берді. Ал, офицер ештеңеге де қарамастан, сол жылжыған бойы танкінің астына кіріп кетті. Тап сол мезетте үлкен жарылыс болды. Бірнеше тонналық алып танк аспанға көтеріліп барып, жерге сұлқ түсті. Шынжыр табандары талқандалып, ілгері жүре алмай қалды. Пулеметтің де үні өшті. Кеңес жауынгерлері уралап алға қарай шабуылдап кетті. Кейін соғыс саябырсығанда біз командирлерге көргендерімізді қаз-қалпында баяндап бердік. Көзсіз батырдың сау тамтығы қалмапты. Тек қана күйген партиялық және әскери билеттері гимнастеркасының қалтасынан табылды. Бұл – қазақтың қайсар ұлы Қарақозы Әбдәлиев болатын, – деді Сергей Федорович.
Осы естелікті естігенде жыламаған адам қалмады. Сергеймен бірге тағы басқа да адамдар сөйлеп, ерліктің тап осылай болғанын баяндады. Тебіреністі бір сәт еді. Бірін-бірі жұбатқан адамдар зорға басылды. Осыдан соң жиналғандар қала мұражайына келді. Әсіл апамыз мұражайға көптеген құжат, суреттер тапсырды.
Қарақозы бұрын әскери борышын өтеп жүргенде Халқынкөл, Хасанкөлде жапондарға қарсы соғысқан болатын. Соғыс басталғанда қысқа мерзімді командирлер даярлайтын курсты бітірді. Ол Калуга облысының аймағында неміс басқыншыларына қарсы шайқасқа кірді. Мелитополь қаласы үшін болған ұрыста ерлікпен қаза тапқан командирдің отбасына қараша айының басында хат келді. Онда былай деп жазылған еді:
«Оңтүстік майданының 51-ші Армиясы, 126-шы Горлов дивизиясына қарасты 690-шы атқыштар полкінің екінші батальоны, атқыштар взводының командирі, гвардия лейтенанты Қарақозы Әбдәлиевтің жауынгерлік ерлігі жөнінде нақты мазмұндама.
Мелитополь қаласы үшін болған ұрыста Әбдәлиев Қарақозы асқан ерлікпен Отанға берілгендіктің үлгісін көрсетті.
1944 жылдың 22 қазанында ол өзінің взводымен дұшпанның тас бекінген үйлеріне шабуыл жасап, жауды 17 үйден қуып шықты. Өз взводының күшімен фашистердің оқ себелеген 23 нүктесін жойып, 60-тан астам гитлершілерді о дүниеге жөнелтті. Көше бойында жекпе-жек арпалысқан ұрыста Әбдәлиев шайқас ағысын мейлінше ұтымды ұйымдастырып, өзінің батыл да қайтпас қайсар табандылығымен жаудың танкісіне қарай тұтанғыш гранаталарды лақтырды.
Сөйтіп, 20-дан астам автоматшыларды сұлатып салды. Алдында ғана сол шынтағынан жарадар болған ол қанға малынып жатса да кең калибрлі пулеметпен немістің жылжып келе жатқан екінші танкісіне оқ атып, гранат лақтырып, оны да істен шығарды.
Әбдуәлив жолдас азынап келе жатқан танкке қол созым жерден граната лақтырып, шынжыр табанды қара дүлейдің күлін көкке ұшырып, өзі де ерлерге ұқсап, ақтық демі біткенше айқасып, о дүниелік болды.
Оның ерлігі Кеңес Одағының Батыры атағын беруге лайық. 690-шы атқыштар полкының командирі, майор Бродский. 24 қазан 1944 жыл».
Осы хатты алғанда Әсіл апамыз қандай егілді десеңізші! Ауыл түгел күңіренді. Артынша Әсілдің қолына екінші хат келіп түсті.
«Командованиенің тапсырмасы бойынша сіздің еріңіз Қарақозы Әбдәлиев Кеңестік Отаны үшін соғыста ерлікпен қаза тапты.
Сіздің еріңіз Қарақозы Әбдәлиевке неміс басқыншыларына қарсы соғыста ерлік көрсеткені үшін СССР Жоғарғы Советі Президиумының 1944 жылғы 1 қарашадағы Жарлығы бойынша ең жоғары атақ – Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Біздің халқымыз Батыр Қарақозының ерлігін ешқашан ұмытпайды. Сізге сақтау үшін СССР Жоғарғы Советі Президиумының еріңізге Кеңес Одағының Батыры атағын бергені жөніндегі Жарғының көшірмесін жіберіп отырмын». Иә, Қарақозының ерен ерлігінен соң небәрі тоғыз күн өткенде осы Жарлық шыққан болатын.
Иә, осы бір «қара қағаз» Әсіл апаның төбесінен жай түсіргендей есеңгіретіп еді. Араға көп уақыт салып, Әсіл ана бойын қайта тіктеді, ширады. Жұбайының нағыз батыр болып Отан үшін арпалысып қаза тапқанына іштей шүкіршілік етіп, беки түсті.
Мелитополь қаласындағы осы кездесуде Әсіл апаға әскери комиссариаттағылар мен қала басшылығы Қарақозы Әбдәлиев атындағы көшеден бір үйдің кілтін және «Запорожец» жеңіл көлігін сыйлады. Әсіл апа үйді осындағы соғыс ардагерінің біріне, көлікті ауыл шаруашылығы институтына сыйлады.
Әсіл апамыз небәрі 24 жасында жесір қалды. Сексен төрт жасында өмірден озды. Ол осы аралықты Батыр жарын күтумен, сағынумен өткерді.
1980 жылғы 22 қазан күні алғаш рет Кеңес Одағының Батыры Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған бокстан бүкіл- одақтық турнир өтті. Оны облыстық бокс федерациясының төрағасы Тұрсынбек Рысбеков ұйымдастырған еді. Бүгінде бұл турнир халықаралық дәрежеде жыл сайын өтіп келеді. Осы турнирлерден әлемге танылған небір былғары қолғап шеберлері шықты. Иә, батыр рухы қолдады дегеніңіз осы шығар? Олар жемісті жеңістерін қазақтың Батыр ұлына арнады.
Сабырбек Олжабай.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы