ТҮРКІСТАН: ТАНКІГЕ «ҚАҚПАН» ҚҰРҒАН ЖАУЫНГЕР


Әкем Оразбек Тәжиев Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз, елдің абройлы азаматы еді. Бірақ, қазіргі ардагерлерге көрсетіліп жатқан сый-сияпаттардың бірін де көре алмай кетті. Сондықтан ең болмаса әкемді ақ қағаз бетінде еске алып, өнегелі істерін жастарымызға үлгі ретінде көрсетейін деген оймен қолға қалам алдым.
Әкем 1981 жылы 16 сәуірде қайтыс болды. Көп ұзамай, Жеңіс мерекесі қарсаңында Волгоградтың (Сталинград) Ардагерлер ұйымынан «Құрметті Оразбек Тәжиев! Батыр қала Сталинградты неміс фашистерінен азат етуде көрсеткен ерліктеріңіз жайлы деректер табылды. Сізді Жеңіс мерекесімен құттықтай отырып, 9 мамырда қаруластарыңызбен кездесуге шақырамыз» деп хат келген. Әттең, бірақ, кеш еді. Әкем бұл кездесуді армандап өтті. «Зейнеткерлікке шықсам, Құдай қаласа, Сталинградқа майдандастарыммен кездесуге барамын» деп отыратын.
Әкем ауылдың абыройлы азаматы еді. Үш ұл, екі қыздың әкесі, Сырдың биі Бәйімбеттің қызы – Бибігүлдің өмірлік жары болатын. Ауылда ол кісінің қолынан білім алмаған жан жоқ еді.
Шиелі аймағында, атақты Әйтен молданың немересі, Тәжі молданың тұңғыш ұлы, яғни менің әкем 1921 жылы өмірге келген. Бес жасында сауат ашқан. Қуғын-сүргін қасіретімен елден қуылып, Нұрата жерін жайлаған. 1933 жылы әкесінің қайтыс болар алдында «Балам, мен өз кезімнің ұстазы болдым, сен де өз заманыңның ұстазы бол. Соңыңнан ерген үш бауырыңа қамқор, анаңа тірек бол» деген сөзінен кейін, 13 жасынан бастап ауыл балаларының, кейіннен жаңа өкіметтің тапсырмасымен
(ЛИКБЕЗ) үлкен кісілердің де сауатын ашқан. Ауылдағы барлық ұлт өкілдерін қазақ тілінде оқытқан. Осылайша тұрмыстың ауыр арбасын жастайынан сүйреуге тура келген. Соғыс алдында бір жылдық ОХВА-ны бітіріп жастарды әскерге даярлап жүріп, 1942 жылы өзі де соғысқа аттанды. Әскери дайындығы бар жауынгерді жанып тұрған оттың, Сталинград шайқасының ішіне тастайды. «Алғашқы шайқастарымның бірінде танктерге мылтықпен қарсы шабуылға шыққанбыз. Бірде командирім Жандиров: «жауынгер Тәжиев, мина қоя аласың ба?» деп сұрады. «Ауылда түлкіге қақпан қойғанмын» деп жымидым, «онда танкілердің жүрер жолын тауып қақпан қойыңдар» деп бұйырды. Тапсырма орындалды. Шайқас аяқталған соң «Тәжиев, қақпаныңа неше түлкі түсті?» деп күлімсіреп сұрады командир, мен төртеу дедім, «молодец солдат!» деді ол. Сондағы ерлігім үшін «За отвагу» медалін алдым» дейтін әкем.
Бұл болған оқиғаны қолжазба кітабына өлең түрінде түсірген екен. Сталинградты азат ету шайқастарының бірінде төрт жерінен жаралы болып, 1943 жылдың соңында елге оралады. Жеңіс мерекесіне бір орден, 12 медаль, значоктарын төсіне тағып жарқырап шығатын. Соғыстан кейін Тамды, Кенимех, Фариш, Нұрата аудандарында 40 жылдан аса ұстаздық етті. Үш жыл Ташкентте педагогика институтында оқып жүріп курстас досы Иса Әділов екеуі Өзбекстанда қазақ тілінде басылымдар, радио, телебағдарламалар болсын деген ұсыныс көтеріп, «ұлтшыл студент» деген атпен оқудан қуылған. Білімін Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтында сырттай жалғастырып, 1960 жылы бітірген.
Есімде, үш айлық каникул кезінде жанына мені көмекші етіп отырғызып, ағаштан ойып, әдемі сандық, жүкаяқ, кебеже жасайтын. Жасаған заттарын қойшыларға бір қозылы қойға айырбастайтын. Балам мына қозы сенің еңбегің үшін, қой менің еңбегім үшін деп қуантып қоятын. Осы кезге дейін ауылға барғанда елдің арасында, әкемнің шеберлікпен жасаған жиһаздарын көріп сол бақытты балалық шағымды еске аламын. Әкем өнерлі, сөзге шешен, көңілінде кірі жоқ, адал жан болатын. Қырық жылдық еңбегінен соң зейнеткерлікке шығып, зейнетақысын да мардымды ала алмай өмірден өтті. Бір күні, зейнетақысын алып үйге келіп, санап отырып, үш-төрт сом артық беріп жібергендерін байқап, кісі малына дегенде адалдығы соншама, артық ақшаны ерінбей поштаға апарып тапсырып келді. Сабырлы, балағат сөзге жоқ, ашуы шыққанда ең ауыр сөзі «есектің миын жеген» деп ұрсатын. Өмірде жұмсақ, сабақта қатал жан еді.
Шахматқа қатты қызығатын, қызыққан балаға ерінбей үйрететін. Өзі де аудан бойынша бірнеше рет чемпион болған. Шахматшы Алтай ағам әкемнің шәкірттерінің бірі. Біреуге сыйлық беретін болса кітап немесе шахмат сыйлайтын. «Әке көрген оқ жонар» демекші, перзенттерінің барлығы ұстаз болды.
Міне, менің әкемнің осындай жақсы қасиеттері көп еді. Оның бір арманы елге оралу болатын, екі інісін ата жайлауы Шиеліге 1968 жылдары көшіріп, «сендер елге барып жайғаса беріңдер, аман болсам соңдарыңнан жетермін» деген екен, өкінішке қарай ол арманына жете алмады, Әйтеке бидің жатқан жері Нұратада, әкесінің жанына жерленді. Әкемнің арманына егемендігіміздің арқасында перзенттері – біз жеттік, Қазығұрт жеріне келіп қоныс тептік. Иә, тірі болғанда әкем жүзге жеткен болар еді. Топырағыңыз торқа болсын, әке!
Оралбек ТӘЖИЕВ,
Қазығұрт аудандық мұражайының директоры.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы