ТҮРКІСТАН: ЖҮРЕК ЖҰТҚАН БАРЛАУШЫ — 2


«Шардара» кеңшарын Сәкең қабылдап алғанда 40 мыңға жетер-жетпес қой болса, ол оны 70 мыңға жеткізіп, сапалы қаракөл елтірісін өндіруде аудан, облыс қана емес, республикаға әйгілі, экономикасы қуатты кеңшарға айналдырды. Сәкең ауыл тұрғындарының тұрмысының, әл-ауқатының артуына үнемі назар аударып, оған қажетті қамқорлық жасады. Кеңшар орталығы заман талабына сәйкес қайта жанданды, Қызылқұм жиегінде жаңа фермалар пайда болды. Жүздеген гектар суармалы жер пайдалануға берілді. Шопандарға арнап үйлер, моншалар салынып, құдықтар қазылып, электр желілері тартылды. Осы жұмыстардың бәрінде Сейітқасым ағамыздың ұйымдастырушылық және іскерлік қабілеті айрықша көрініп тұрды. Ағамыздың ұзақ жылдар бойы атқарған жемісті еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, орден, медальдармен марапатталды.
Сәкең ағамыз зейнеткерлікке шыққаннан кейін де өмір мектебінен жинаған тәжірибесін халыққа қызмет етуге жұмсап, барша елге ақылшы, көпке үлгі болды. Елді бірлікке, ынтымақ пен ауызбіршілікке шақырып, ел ағасы атанды.
Сейітқасым ағамыз өмірлік жары Жәмиламен бірге 2 ұл, 4 қыз, ондаған немере тәрбиелеп өсірді. Олардың бәрі жоғары білімді, үлгілі отбасын құрып, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Кеңес Одағының Батыры С.Әшіров 2004 жылы 1 шілдеде 80-ге келген шағында дүниеден өтті. Ол өзінің туған жері Отырар ауданындағы Арыстанбаб әулиенің жанына жерленді.
Бүгінде Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры, бейбіт күнде Қызылқұм өңірінде қырық жылдай басшылық қызмет атқарған Сейітқасым Әшіровтің дүниеден өткеніне көзді ашып-жұмғанша 20 жыл өте шығыпты.
Біз батыр ағамыздың ерліктері туралы бала кезімізде ауыл ақсақалдарынан, мұғалімдердің әңгімесінен естіп, газеттерден оқып-біліп өстік. Кейініректе, 1970 жылдары Шардара ауданында бірге қызметтес болып, аға-іні болып етене араласып, құрмет көрсетіп, сыйласып, сырласып жүрдік. Сәкең ағамыз орта бойлы, денелі, дөңгелек жүзді, қыр мұрынды, реңді кісі еді. Ол табиғатынан сезімтал, жаңалыққа жаны құмар, ізденгіш, адамгершілік қасиеті жоғары, терең ойлап, тереңінен сөз қозғайтын, елдің, жердің жағдайын, арғы-бергі тарихын айтып отыратын, көпті көрген, дала академигі болды.
Жеңіс күнінің қарсаңында Сәкең ағамыз соғыстағы бастан кешкен оқиғаларын айтып берген еді. «Соғыста жеңіл-желпі тірлік болмайтынын өзің де білерсің. Мен барлаушы болдым. Әрине, барлаушы болу оңай емес. Қадам басқан сайын ажал аранын ашып тұрады. Мен батырлыққа ұсынылғаннан кейін сол атақты сегіз жарым айдан соң алдым. Сол екі арада опат болып кетуім де мүмкін еді. Әйтеуір, тірі қалдық. Барлаушылық – нағыз жүрек жұтқан батыр адамның ғана қолынан келетін әскери мамандық. Соғыста барлаушы болып, «тіл» алып келу қандай қиын болса, оның абыройы одан да бір кем емес. Олар тапсырманы орындауға жандарын шүберекке түйіп аттанады. Әр тапсырманы орындауға аттанып бара жатып, енді қайтып келмеуінің мүмкін екені еріксіз санаңда тұрады. Барлаушы көбінесе жата қап еңбектеп алға жылжиды. Одан тізең жауыр болады. Кейде сызы өңменіңнен өткен саз топырақтың үстінде қыбыр етпей бірнеше сағат бойы жатуыңа тура келеді. Басқасын былай қойғанда, сені неміс снайперлері де аңдиды. Сәті түссе қағып түсіреді. Ал, «тіл» әкелсең бүкіл полк үшін үлкен мәртебе. Өйткені, жаудың тактикалық жоспары мен айла-тәсілін, ішкі-сыртқы күш-қуатын алдын-ала біліп алсаң, бұл жартылай жеңіске пара-пар. Егер шыбын жаныңды шүберекке түйіп жүріп әкелген «тілің» көп нәрседен хабарсыз, маңызды ештеңе білмейтін болып шықса ше? Мұндайда түн қатып, жау тылына қайта бет алуға тура келеді. Көлденеңінен тартып тасталған тікенек сымға, құрып тасталған минаға, атылған пулемет оғына ұшырап қалам ба деп қорыққаныңнан түртінектеп, төңірегіңді сипалаумен жүргенің… Кенет алдыңнан қара түнді қақ тіліп оқ борайды. Айнала төңірек соның жарығынан самаладай жап-жарық болып кеткенде жер бауырламақ түгілі, қара жерге кіріп кете жаздайсың. Тастай қап-қара түнде қанша жерден қырағы, епшіл болғаныңмен немістердің тосқауылына тап болуың әбден мүмкін. Мұндайда тез шешім қабылдай білу де жеңісті оңтайлы шешеді. Кейде өз әскерлерің танымай қалып, жаудың барлаушылары деп оқ боратып жіберетін кездері де болмай тұрмайды. Несін айтасың, барлаушылық – үлкен абырой ғана емес, өз басыңды қауіп-қатерге тігу деген сөз».
Соңғы кезде Сәкеңді еске түсірген сайын мені бір ой мазалай беретін болып жүр. Соғыста ерлік көрсетіп, сол үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алып, аман-есен елге оралған соң, еңбек майданына араласып, бұл жерде де ерен еңбектің үлгісін көрсеткен адамдар аз болған жоқ. Оның ішінде Социалистік Еңбек Ері атағын алғандар да баршылық. Міне, Сейітқасым Әшіровтің еңбектегі көрсеткіші де шын мәнінде Еңбек Ері атағына әбден лайық жан еді. Өкінішке қарай, кейбір керітартпа басшылар мен керексіз талас-тартыстардың себебінен оған бұл атақ берілмей қалды.
Батырдың абыройын биікке көтерген асыл қасиеті – оның адалдығы, әділеттілігі, туралығы болды. Қандай қиын-қыстау кезде де ол арын таптатпады, намысын биік ұстады. Ар мен намыс, адамдық пен әділдік үшін ұрыс майданында да, еңбек майданында да өз қарақан басы үшін емес, елдің намысын ойлады. Бұл тұрғыдан оның рухы халқымыздың от жүректі ұлдары Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев бастаған қаһарман қазақтармен үндесті.
Ол шын мәнінде елін сүйген патриот, халқының болашағына сенетін асқан оптимист болып өмір сүрді. Қандай кедергіге тап болса да, тіпті аузын арандай ашқан ажал да оның халық алдындағы парызын өтеуге бөгет бола алған жоқ. Қажырлы еңбек өмірінің ақырғы сәтіне дейін оның жан серігіне айналды. Соғыста алған ескі жарақаты бар, жасының ұлғайғандығы бар, науқасының дембе-дем төсекке таңып қоятынына қарамастан батыр өмірінің соңына дейін аттан түскен жоқ.
Батыр ұлын туған халқы көзінің тірісінде-ақ аялап, алақанына салды. Адамгершілігі, азаматтығы үшін құрметтеді. Шар болаттай шыныққан мықтылығын, қара нардай шыдамдылығын таныды. Секеңнің Ұлы Отан соғысы мен еңбек майданындағы ерлік істеріне арнап 1985 жылы белгілі жазушы Қапан Қамбаров «Сейітқасымның жұлдызы» деген роман жазды. Ал, биыл батыр ағамыздың туғанына 100 жыл толу қарсаңында елімізге белгілі қаламгер Болат Шарахымбай «Сұрапыл сынақ ғұмыры» атты кітапты дүниеге әкеліп отыр. Ел үшін ерлік жасап, еңбектің қара нарына айналған мұндай ерекше жандарға қандай құрмет көрсетілсе де көптік етпейді. Ел үшін етігімен су кешкен ерлердің ісі ұмытылмақ емес! Ерлікті есте сақтау, оны құрмет тұту – елдіктің нышаны, ғасырлардан бері рухы үзілмей келе жатқан ұлттық дәстүрдің негізгі белгісі. Сондықтан елдің тыныштығы мен халықтың бостандығы жолында күрескен ерлерді ардақтау, олардың көрсеткен жолын үлгі ету – әр ұрпақтың парызы.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы